Кино • 08 Қазан, 2020

«Граната» – қылмыс пен жаза туралы киноповесть

356 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қастандық жасаған адам жазаланбай қалғанын біле тұра әрі қарай жайбарақат өмір сүру мүмкін бе? Өз өліміңе дайындалып, сот залында гранатаның сақинасын жұлып алуға бола ма? «Қазақфильм» киностудиясы түсірген шытырман оқиғаға толы «Граната» қысқаметрлі фильмінің сюжеті шынайылығы­мен ерекше.

«Граната» – қылмыс пен жаза туралы киноповесть

Бір өкініштісі, парақорлық, қылмысты жасырып, жауыр­ды жаба тоқу, танымастай өзгер­ген адами болмыс, ұрда-жық мі­нез-құлық қалыпты саналатын бү­гінгі өмірімізде  дәл осындай трагедиялар мен драмалар аз емес. Көп көкейіне ой са­лар­лық туындының экранға шы­ға­ры­луын Ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік ор­талығы мақұл­дады.

Фильмнің негізгі оқиғасы сот­та өтеді. Бас кейіпкері 60 жаста­ғы Айғали атты азамат. Оның әйелі мен баласын сол қайғылы күні көлігіне мас күйінде мінген 25 жастағы Думан атты жігіт қа­ғып өлтірген. Думанның ата-анасы – ауқатты және бай адамдар бол­ғандықтан, сотқа пара бе­ріп, баласын жазалаудан аман алып қалу оларға сөз емес. Кісі өлтірген адамды ақтап шыққан үкіммен келіспеген Айғали сот залында қалтасына тығып әкел­ген гранатаны шығарып, оның cақинасын шешіп, залда отыр­ған­дардың бәрін кепілге алады да, сатқын сот пен прокурорға және қылмыскерге қатысты әділ үкім шығаруды талап етеді. Ашу-ыза кернеген Айғали Ду­ман­ды иен далаға апарып, өлтіруге бел буады. Әйтсе де бір тылсым күш олар­дың ендігі ше­шіміне қарсы тұрады...

«Бұл фильмде біз қандай да бір сұрақтарға жауап бере ала­мыз деп ойламаймын. Ке­рісінше, біз  мұнда көп сұрақ қоямыз. Осын­дай жағдайға тап болған адам не іс­теуі керек? Өз бетімен жазалау әділ­дікке жата ма? Қоғам адамды түсінуі үшін, адамның өзі қандай болуы тиіс? Қайталап айтайын, бұл жобаның сценарисі әрі ре­жис­сері ретінде мен сұрақ­тар­ға жауап бермеймін, мен бұл филь­міммен сұрақ қоямын», дей­­ді фильм режиссері Дәлер Мұрзағалиев.

Қазіргі уақытта фильм ав­торлары кастинг өткізу жұмыс­та­рын пысықтап жатыр. Екін­ші рөл­дерге актерлер іздейді, оған дебю­танттарды да қабыл­дауы мүм­кін. Басты рөлді актер Ер­жан Жарылқасынов сом­дайды. Авторлар бас кейіп­кердің қай­ғы-қасіретін, күйі­гін осы актер жақсы жет­кізе алатынына сенімді. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, сценарий қазақ тіліне аударылып жатыр. Алдағы уақытта фильмінің түпнұсқасы қазақ тілінде шығады. Бірақ бейнелі сөз өрнектерінің тұтастығы, мәнерлігі кейінгі фильмдерде сақтала бермейтіндігін, шала­ғай сөз тіркестерінің өріп жүреті­нін ескерсек, аударма жұмысы­ның жауапкершілігі өте маңызды болмақ.

«Бұл қысқаметрлі фильм бол­ғандықтан, біз үлкен про­катқа шығаратынымызға кү­мән­дімін. Негізгі жоспарымыз ретінде бі­рінші жылы –  фес­ти­вальдер­ге, екінші жылы – арнайы көрсе­тілімдерге қатысуды ойлап отыр­мыз. Ал фильмнің соңғы көр­се­тілім орны YouTube ар­насы болады. Осы жоспар бойынша жүрсек, тамаша болар еді», деп атап өтті Дәлер Мұрзағалиев.