Қай тарапқа қарасаң да, ұқыпты қолдың табы анық байқалатын шоқ жұлдыздай шағын ауылдың қотанына табан іліктірген соң білім ошағын іздегенбіз. Жол шетінде кезіккен баладан жөн сұрадық. Әуелі біздің өңірдің салтымен орыс тілінде.
– Екі көшеден өтіп, оңға бұрылсаңыз, алдыңыздан көрініп тұрады, – деді бала таза қазақ тілінде.
Баланың алдында ұятқа қалдық. Сол кінәмізді жуып-шайғандай жалма-жан сұрақ қойып жатырмыз.
– Көп рахмет, бауырым, – дедік біз, – қазақ тілінде таза сөйлейді екенсің. Қайдан үйрендің?!
– Мектептегі мұғаліміміз Палада Беккаевнадан. Ол кісі қазақшаны өте жақсы біледі.
– Өзің нешедесің, ұлтың кім?
– Он үштемін, ұлтым чешен, – деп орнықты жауап қатты жасөспірім.
Жасөспірімнің жатық тіліне разы болып қалдық. Қазақ тілін қапысыз меңгерген ұлағатты ұстаз туралы аудан орталығында естіп едік. Ендігісі ел мақтаған мұғаліммен тілдесу. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Палада Дашаева Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің түлегі екен. Тілді бала кезінде меңгеріпті. Кейін облыс орталығында оқып жүргенінде жетілдірсе керек.
– Колледжде қазақ тілі мен әдебиетін терең оқып үйренуге мол мүмкіндік болды, – дейді бірінші санатты мұғалім, – тілдік орта да бар еді. Соның арқасында үйрендік. Жалпы, өзім өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін үйретудің жолдарын іздеу үстіндемін. Менің ойымша, ойын элементтерін пайдалана отырып үйретсе, көбірек ұғады. Ендігі бір мәселе, аса бай тілдің бар бояуын балалардың бойына сіңіру. Мәселен, қазақ тілінде тұспал, емеурін басым. «Қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда» дегендей астарына мол мағына сыйғызып айтады. Ал қазір көпшілік ауызекі тілді ғана меңгерген. Архаизм сөздерді назардан тыс қалдырмау керек. Ол да тілдің байлығы. Әйтпесе, тура мағынасында сөйлеп, тура мағынасында жазатын болсақ, жұтаң тартып кетуі мүмкін.
Он жылдан астам тәжірибе жинақтаған білікті мұғалім мектептегі әдіскерлік бірлестіктің отырыстарында талай рет тіл туралы толғанып, тамаша пікірлерін білдірген екен. Ұлағатты ұстаздың еңбегі де лайықты бағалануда. Қабілетті оқушыларының арқасында. Үш жыл қатарынан оқушыларды ғылыми жобаларға дайындап, байқауларда топ жарған. Аудандық, облыстық өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған тіл байқауында жүлдесіз қалған кезі жоқ. Өзінің айтуына қарағанда, мәселе жүлдеде де емес, бірақ баланың аты бала, топқа түскен соң алдыңғы лектен көрінгісі келетіндер де бар. 2018 жылы ұлағатты ұстаз «Үштұғырлы тіл – кәсіби табыстың кепілі» тақырыбындағы облыстық байқауда эссе жазудан елдің алдына түскен. 2019 жылы «Біздің қоғамның болашағы» тақырыбындағы республикалық конкурста екінші орын алған.
Жалғыз өзі ғана алға ұмтылмай, тұңғиық тілдің тұнығына шәкірттерін де сүңгітуде. Жергілікті ұлттың жаны сүйетін, көңілі қалайтын тілін ғана емес, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін де жетік білсе екен дейді. Әр жыл сайын тұрақты өткізілетін «Тілі бірдің – тілегі бір» байқауына және Абай, Махамбет оқуларына оқушыларын дайындағанда, әр сөздің мағынасын түсіндіріп, шұғыласын жас жүрекке дарытып, көкіректеріне сіңіреді екен. Соның арқасында қазір Краснополянский орта мектебінің оқушылары тілді тәп-тәуір меңгеріп қалған. Негізінен көпұлтты болып саналатын білім ошағының барлық шәкірттері жергілікті ұлт тілін тәп-тәуір меңгеріп отыр.
– Осы әлденеше ұлт жеткіншектерінің туған жерге деген балалық махаббатын алаулатып тұрған ортақ тіл – қазақ тілі деп білемін, – дейді ұлағатты ұстаз Палада Беккаевна, – тілді білмек парыз. Өйткені біз адамының жаны жомарт, даласының ырыздығы мол қазақ жерін мекен етеміз ғой. Біздің мектепте чешен балалары көп оқиды. Оларға өткен тарихтың аталарымыздан естіген естелігін жиі айтып отырамын. Біздің ұлттың басына күн туғанда, қазақ жеріне зорлап көшірілгенде қолдарындағы бір үзім нанмен бөлісіп, аман алып қалған осы жұрт. Кейінгі жастар сол жақсылықты білуі және қадірлеуі керек. Мен мұны ең алдымен азаматтық парыз деп есептер едім.
Ұстаз көкірегіндегі әдемі ойлар бұйығып жата бермей, тәмам жұрт құлақтансыншы деп негізгі сұлбасын сақтап, жаздық біз де. Әркім жергілікті ұлттың тілі мен дәстүрін дәл осылай дәріптесе, орысшасы орғытып тұрған өңірдің тіл тұрғысындағы мәселесі оп-оңай шешіліп кетер еді. Жалғыз тіл емес, елге деген құрметі де өзге түгіл өзімізге де өнеге емес пе?!
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы