Пікір • 08 Қазан, 2020

Ұлылар үндестігі

685 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласының биылғы Абай жылы кезіндегі ұзақ толғаныстан туғандығы анық.

Ұлылар үндестігі

Алғашқы сөзді ақын заманына қысқаша талдау жасай отырып, «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды», деген тұжырымды ойдан бас­тайды. Және сол ойын әлемдік тұлға­лар­мен салыстыра отырып, тарата дәлел­дейді. «Орыстар үшін Александр Пуш­кин, ағылшындар үшін Уильям Шекс­пир, немістер үшін Иоганн Гете, амери­калықтар үшін Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани тұлға» деп өз ойын жаңаша шалқарын кеңейте тиянақ­тайды.

«Байқауымша, ұлылықты ұғыну бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату – өз алдына қырық қатпар құбылыс», дей отырып, әжесі Мырзабала мен анасы Әлжанның бесік жыры арқылы құлағына сіңген рухани нәрді Абай мұрасымен қалай ұштастырғанын ризашылықпен есіне алады. Кейін Қаскелеңдегі Абай мектебінде оқығанын, ондағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетовтің тәлім-тәрбиесіне де ілтипат білдіреді. Кейінгі еңбек жолдарында да сол ақын ұлағатын мәңгілік жадында тұтқанын айта отырып, ондай әсердің бүкіл сол замандағы адамдарға тән болғандығын меңзейді. «...Біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді», деген сөзі – соның дәлелі. Одан әрі Абай аманаттары жөнінде тебіреніп, бодандық қамытын киген елінің ертеңі үшін шерменде болған ұлы ақынның арқасүйер тұлғасы да, маңдайын тірер астанасының да болмағанын қасіретке балап, сол аманаттардың орындалуына өзінің көшбасшы болғанына шүкіршілік етеді. Сондай орындалған аманаттың бірі Абай есімін әлемге әйгілеп, ЮНЕСКО көлемінде тұңғыш рет атап өту еді. Ол үлкен абыроймен атқарылған шара болды.

Данышпан армандаған тәуелсіз мемлекетті құрып, әлеммен терезесін тең ету Абай аманатының ең үлкен өтеуі болды. Әрине, оны жүзеге асыру оңай болған жоқ, бұл орайда да темірқазық болған ақын шығармалары. Соның ең басты қиыншылығы ұлттың ішкі бірлігін нығайтып, мемлекеттік мүддеге ұйыта білу болғаны сөзсіз. Бұл жолда да ұлы суреткердің «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиетін ұран етіп ұстанып, онымен тоқтамай, республикадағы барша ұлыстарды бауырға тартып, «Адам­заттың бәрін сүй, бауырым деп» деген кемеңгер ойшылдың аманатын абыроймен орындағанын мақтанышпен айтады.

Әрине, ақыннан қалған аманат  шексіз, оның әрбір сөзі бүгінге ғана емес, ертеңге де таусылмас тағы­лым екені ақиқат. Биылғы Абай жылында атқарылып жатқан істер де қомақ­ты екендігін айта келіп, ақын мұрасы­ның біз үшін мәңгілік рухани азық екен­дігіне, келер ұрпақты аманатқа адал болуға шақырады.

Ойы орамды, тілі көркем, тартымды мақала тұщына оқитын, тағылымы мол, шалқары кең толғамдарға толы. 

Елбасының бұл еңбегін ұлылықпен үндесу, кемеңгер тұлғамен сырласа отырып, ел тағдыры жөнінде тебірене толғану деп түйіндеуге болады.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры