Аймақтар • 08 Қазан, 2020

Еліміздің 3 қаласында емдеу мекемелері ӨЖЖ аппараттарымен толық қамтылды

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында медициналық мекемелер өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарымен толық қамтамасыз етілді. Жалпы алғанда бұл қалаларға 402 ӨЖЖ аппараты жеткізілді.

Еліміздің 3 қаласында емдеу мекемелері ӨЖЖ аппараттарымен толық қамтылды

Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарына 384 аппарат жөнелтілді. Жалпы еліміздің барлық өңіріне 1,5 мың ӨЖЖ аппаратын жеткізу жоспарланған. Бұл жоспарды ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін іске асыру көзделіп отыр.  

Қазақстанда мемлекеттің қатысуымен ӨЖЖ аппараттарын «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС (Нұр-Сұлтан Қ.) және «Тыныс» АҚ (Көкшетау қ.) сияқты 2 кәсіпорын шығарады. Аталған кәсіпорындар - "Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ ұлттық компаниясының еншілес ұйымдары.

Коронавирус пандемиясына байланысты елде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға орай өкпені жасанды желдету аппараттарының жетіспеушілігін ескеріп, «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС қысқа уақыт ішінде өкпені жасанды желдететін стационарлық аппараттар өндірісін игерді.

Ал «Тыныс» АҚ «Көкшетау-4П» ӨЖЖ 680 мобильді аппаратын шығарады.

Медицина мамандарының пікірінше, аппарат қолдануға ыңғайлы әрі сенімді және электр қуатына тәуелді емес.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 500 ӨЖЖ аппаратын шығаруға жетеді.

Одан бөлек, «Тыныс» АҚ ӨЖЖ портативті аппараттарын, «Көкшетау 3» медициналық бұйымдардың түрлі номенклатурасын, оның ішінде көп реттік бетперделерді, мүгедектерге арналған арбаларды және т. б. заттарды шығарып жатыр.

Бұл кәсіпорындардың негізгі қызметі Қазақстан Республикасының және өзге де елдердің Қарулы Күштерінің қажеттіліктері үшін жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталған. Ал ӨЖЖ өндірісі медициналық мекемелердің қажеттіліктерін өтеуге бағытталған мемлекеттік тапсырыс аясында жолға қойылды.

Кәсіпорындар қосымша қажеттілік туындаған жағдайда медициналық техника мен кез келген өнімді қажет мөлшерде өндіріп, жеткізе алады.