Аймақтар • 08 Қазан, 2020

Ақтөбеде көпқабатты үйден өрт шықты

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылу маусымы басталғанда, Ақтөбе қаласының  шетіндегі бау-бақша ұжымдарындағы ескі үйлерде  көмірмен жағылатын пештердің жарамсыздығынан тұрғындардың ыс тиіп, улануы жиі орын алады. Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары  өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауға шақырғанымен, жыл сайын  бау-бақша ұжымдарында ақаулы пештерден өрт шығып, не ыс тию жағдайы  үнемі қайталанып жатады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде көпқабатты үйден өрт шықты

Бірер күн бұрын қаладағы темір қорытпа зауыты аумағындағы  №9 бау-бақша  ұжымындағы  жеке тұрғын үйде  13 және 11 жастағы екі балаға ақаулы пештен шыққан газдан уланып қалды. Оқиға түн ішінде болған. Бір алаңдатарлығы, осы кезде үйде балалар ғана болған, оларды естен танып жатқан күйінде   түнгі сағат екіде үйлеріне келген ересектер көрген.  Жедел жәрдем оларды дереу облыстық балалар  ауруханасына  жеткізді. Қазір балалардың жағдайы жақсарды.

Облыстық төтенше жағдайлар  басқармасы  мамандары  жазда   пештердің  жарылған, тесілген жерлерін бітеп, мұржаны күйеден тазартып қою керектігін бау-бақша ұжымдарының  тұрғындарына қанша ескерткенімен, көпшілігі құлақ аса бермейді.

6 қазанда Ақтөбедегі  Бөкенбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйдің үшінші қабатында электр желілерінің тұйықталуы себебінен  өрт шығып, жалын лезде алтыншы қабатқа дейін көтерілді.  Шақыртуға жедел жеткен өрт сөндірушілер  ең әуелі  подъезден 25 ересек тұрғын мен 15 баланы  сыртқа  шығарып үлгерді. Қаладағы мамандандырылған №2 өрт сөндіру бөлімінің старшинасы Адай Сембин өрт кезінде  алтыншы қабаттағы пәтерінен шыға алмай қалған  жүкті  келіншекті жедел сатымен алып шықты. Түтіннен уланды деген күдікпен жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген  жүкті әйелдің денсаулығына қауіп жоқ.