Қоғам • 08 Қазан, 2020

Дихандар шығынға батып отыр

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Әлімжан Құртаев бейсенбі күні пленарлық отырыста аграрлық саладағы ең маңызды мәселелердің бірін көтерді. Сенатор 10-15 күнде егін жинауға дайын отырған Түркістан облысындағы мақта егуші дихандардың қиын жағдайын үкімет басшысына жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дихандар шығынға батып отыр

"Тиісті орындармен мақта бағасы реттеліп, диқандардың шығынға батып қалмауын қадағалауды тапсыруыңызды сұраймыз", – дейді депутат.

Сенатордың айтуынша, өңірдегі мақта зауыттары монополистер сияқты. Яғни, зауыт басшылығы мақта бағасын өздері бекітеді, ал дихандардың бұған көнбеуге амалы жоқ. Себебі, мақтаны зауыттан басқа ешкім қабылдамайды.

Депутаттың сауалында Ливерпуль мақта биржасындағы бағаға тәуелділік те шаруалардың қалтасына әсер ететіні айтылған. Диқандар 40-50 градус аптаптың астында ерте көктемнен қоңыр күзге дейін өсірген осы өнімін шитін ғана айыратын мақта зауыттары арқылы шетелдерге су тегін сатып келді.

"Былай айтқанда, өздері өсірген ақ мақтадан дайындалған өнім Қазақстанға 5-6 есе қымбат бағаға келеді", – дей келе, сенатор тиісті орындармен мақта бағасының реттелуін, диқандардың шығынға батып қалмауын қадағалауды тапсыруды сұрады.