Қыркүйек айында сауда орталықтарында «Жас қанат» фабрикасынан шығатын 1-санаттағы 10 тал жұмыртқа 286 теңге тұрса, қазіргі бағасы 363 теңгеге жеткен. Қаланың орталық сауда базарындағы сатушылар да жұмыртқаның іріктелген, жоғары сұрыпты түрлері соңғы апта ішінде бірнеше рет құбылып, 20-25 теңгеге қымбаттағанын айтады.
Жұлқынған жұмыртқа бағасын қала шенеуніктері азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру арқылы жуасытпақ. Айтуларынша, алдағы аптада өтетін ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкесінде облыстың тұрақтандыру қорындағы жұмыртқалар саудаға шығарылады.
Бұған дейін Арқалық құс фабрикасымен бірге аймақта құс тұмауы тараған 8 елді мекен карантинге жабылғаны белгілі. Қостанай қалалық әкімдігінің өкілдері бұл жағдай жұмыртқаның қымбаттауына әсер еткен жоқ деп отыр.
"Жұмыртқа бағасы аса қатты қымбаттаған жоқ. Егер 2019 жылдың қазан айындағы статистикалық көрсеткішке үңілсек, тауық еті мен жұмыртқа бағасының 20-25 пайызға өскенін байқаймыз. Қазір тұрақтандыру қорында белгіленген жұмыртқа бағасы 270-280 теңгенің төңірегінде. Ал нарықтағы бағаның аздап өсуіне басқа жағдайлар ықпал етіп отыр. Қазір құстың жемі қымбаттады, коммуналдық қызмет бағасы өсті – құс еті мен жұмыртқасының құны көтерілуінің басты себебі осы. Бұған құс тұмауының қатысы бар деп ресми түрде айта алмаймыз. Бағаны тұрақтандыруда ауылшаруашылығы жәрмеңкесінің маңызы зор. Қостанайда 17 қазанда жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол кезде 10 тал жұмыртқа 270 теңгеден сатылатын болады", - деді қалалық әкімдікке қарасты кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Илона Тимошенко.
Қала әкімдігінің бағаны бақылауда ұстайтын бөлім мамандарының айтуынша, облыстағы 3 ірі құс фабрикасынан жылына 420 млн жұмыртқа шығады екен. Оның 122 миллионы еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтіліп, 110 млн жұмыртқа шет елдерге экспортталады. Ал 122 млн жұмыртқа облыста қалады. Сондықтан азықтың бұл түріне тапшылық жоқ.