Футбол • 09 Қазан, 2020

Қарсыластардың қарымы қандай?

143 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алдағы жексенбі күні футболдан Ұлттар лигасының үшінші және төртінші тур ойындары өтеді. С дивизионында сынға түсетін Қазақстан құрамасы 11 қазанда Алматыдағы Орталық стадионда Албания құрамасымен бақ сынайды. Ал 15 қазанда сырт алаңда Беларусь футболшыларымен кездесіп, есе қай­тарудың қамын ойластырады.

Қарсыластардың қарымы қандай?

 

Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек ұлттық құрамаға шақырған осы жолғы футболшыларын өт­кен аймен салыстырар болсақ, аса көп өзгеріс жасамаған. Десе де, қазан айының басында Албания және Беларусь құрамасымен өте­тін ойынға шақырылған ті­зім­­нен жанкүйерлер екі жаңа футболшының есімін байқаған болуы керек. Бірі Беларусь чем­пионатының «Рух» клубында доп тебетін жартылай қорғаушы – Владислав Васильев болса, екін­шісі ішкі чемпионатта өнер көр­сететін «Жетісу» клубы­ның ша­буылшысы – Айбар Жақ­сылықов.

23 жастағы Васильевтің «атақ­ты» «Оле Бразил» мекте­бінің тү­легі екенін жанкүйерлердің бірі білсе, бірі біле бермейді. 1997 жы­лы Қарағанды қаласында туған Владислав жергілікті «Шахтер» клубының тәрбиеленушісі саналады. «Кеншілер» клубының жастар құрамында өнер көрсетіп жүргенде 2013 жылы Бразилияда аяқдоптың қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік алады. Пеленің ота­нынан допты ұршықша иіруді меңгеріп келгеннен кейін де Вла­дислав «Шахтердің» жас­тар командасында ойнады. 18 жасында ерекше талантымен дараланып, бапкерлердің көзіне түскен ол 2015 жылы негізгі құ­рамға шақырту алды. 2017 жылға дейін Премьер-лигада туған қаласының на­мы­сын қорғаған Васильев бар­лығы 23 кездесуде бір мәрте гол соқты.

2018 жылы шетелде бағын сынап көруді ұйғарған жерлесіміз Беларусь чемпионатының ортанқол командасы саналатын «Энер­гетик-БГУ» клубымен келісім­шартқа отырды. Бір жыл ішінде 43 ойынға қатысқан ол 12 гол соқты. 2019 жылы Беларусь чемпионы атанған «Динамо-Брест» клубына ауысып, чемпион клуб­тың құрамында жүріп 8 кездесу өткізіп үлгерді. Алайда 2020 жылдың ақпанында «Динамо» Васильевті Брестің екінші клубы саналатын «Рух» командасына жалға берді. Әзірше 23 ойын өткізген отандасымыз алты мәрте қарсыластың қақпасын дәл көздеген. Осындай табысты ойы­нының арқасында Владислав Васильев бас бапкер Михал Би­лектің назарына ілігіп, ұлттық құрамаға шақырту алды. Десе де, Васильевке ұлттық құрамада ойнау таңсық емес. Өйткені ол бұған дейін де әр жылдары Қазақ­­­станның жастар құрамында да өнер көрсетіп үлгерген.

Ал 24 жастағы Талдықорған қала­сының тумасы Айбар Жақ­сылықов та ұлттық құрамаға бірінші мәрте шақырту алып отыр. Айбар да Владислав секіл­ді жергілікті клубтың жастар құ­рамасында жүріп, негізгі командада ойнауға мүмкіндік алған. 2018 жылдан бастап «Жетісу» клубында Қазақстан біріншілігінде өнер көрсететін Жақсылықов 2017 жылы «Жетісу-Б» құрамында 13 гол соғып, клубтың үздік сұр­мер­­генінің бірі атанды. Ойы­ны жылдан-жылға алға ілге­рі­леп, тәжірибесі толысып келе жатқан Айбардың биылғы нәти­жесі де жаман емес. Премьер-лига ойындарының 10-турын­да «Шахтермен» өткен матч­тың екінші таймында алаңға шық­қанына қарамастан, қарсылас команданың қақпасына екі гол соғып, «Жетісудың» жеңіске же­туіне сүбелі үлес қосты.

Сондай-ақ құрамаға шақыр­ту алған ойыншылардың тізі­мінде шетелде ойнайтын футбол­шыларымыздың қатары көбейгені кісі қуантады. Мәселен, осы жолғ­ы құрамға алты легионеріміз шақыр­ту алған. Атап айтар бол­сақ, қорғаушы Марат Быс­тров («Ахмат», Ресей») пен Ян Во­роговский («Беерсхот», Бель­гия), жартылай қорғаушылар Бауыржан Исламхан («Әл-Айн», БАӘ), Бақтиер Зайнутдинов (ЦСКА, Ресей), Исламбек Қуат («Химки», Ресей) және жоғарыда біз атап кеткен Владислав Ва­сильев («Рух», Беларусь). Өкі­ніш­ке қарай алдағы екі матчта Ян Вороговский ұлттық құрамаға көмектесе алмайды. Оның коронавирус бар-жоғын анықтайтын тапсырған тесті оң нәтиже көр­сеткен. Бас бапкер оның орнына «Тобылдың» қорғаушысы Дми­трий Мирошниченконы ша­қырғанын айта кетейік.

Енді қарсыластарымызға тоқ­талсақ. Албания құрамасы қазақ­стандық жанкүйерлерге де, футболшыларға да жақсы таныс. Екі елдің ойыншылары жасыл алаңда екі рет жолығып, өкінішке қарай екеуінде де Бал­қан түбегінің елі жеңіс тойын тойлаған. Албания мен Қазақ­стан құрамасының алғашқы «та­ныстығы» сонау 2004 жылы басталған. 2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатының ірік­теу кезеңінде бір топта өнер көрсеткен құрамалардың ал­ғаш­қы ойыны Қазақстанда өтіп, қонақтар 1:0 есебімен басым түскен-ді. Араға жыл салып Албанияға сапар шеккен Қазақстан құрамасының фут­бол­шылары Балқан түбегінен тағы да тауы шағылып қайтты. Бұл жолы жерлестеріміз 2:1 нәтижесімен есе жіберген. Қазақ­стандықтардан жалғыз голды Максим Низовцев соққанын айта кетейік. Енді Ұлттар лигасы ая­сында жолдары түйіскен екі құ­рама үшінші рет жасыл алаң­да кім мықтыны анықтайды. Ен­­де­ше, жер­лестеріміз ер кезе­гі үшке дейін деген мәтелді бұрын­ғылар бе­кер айтпағанын дәлелдейді деп сенеміз.

Италиялық маман Эдоардо Рея баптайтын Албания құра­масы Еуропаның ТОП-5 чемпионатында ойнайтын легионер­лерден жасақталғанын ескерсек, оңай шағылатын жаңғақ деп айта алмаймыз. Әлемдік рейтингте 66-орында тұрған қар­сы­ластарымыз 2016 жылы Франциядағы Еуропа чем­пио­натының топтық кезеңінде өнер көрсеткенін жанкүйерлер әлі ұмыта қоймаған шығар. Десе де, Албанияның кейінгі ойын­дар­дағы нәтижелері аса мәз емес. Былтыр Еуропа чемпионатында Андоррамен (2:2) тең түсіп, жуырда Ұлттар лигасының алғашқы турында Қазақстаннан жеңілген Литвадан өз алаңында 1:0 есебімен ұтылды.

Сонымен қатар Қазақстанмен өтетін ойынға Албания құрама­сының Италия командаларында доп тебетін бірқатар ойын­­шы­сы коронавирусқа байла­ныс­­­ты қатыса алмайды. Алба­ниялық БАҚ-тың хабарлауын­ша, Этрит Бериша, Илбер Ра­мадани, Флориан Камбери, Лин­дон Селахи және Клаус Гьясулаға Италиядан шығуға рұқ­сат берілмеген. Сондай-ақ денсаулығына байланысты құра­маның негізгі қақпашысы Томас Стракоши мен қорғаушы Ион Мерсиная да ойнамайды. Матчқа дейін осындай аздаған басымдыққа ие болған Қазақстан құрамасы алдағы ойында қалайда жеңуі керек. Оның үстіне матч өз алаңымызда өтеді.

Албания құрамасынан кейін жерлестеріміз ескі де жаңа қар­сыласымыз Беларусь еліне аттанады. Әзірге «ақорыстар» құрамасы Қазақстан үшін алынбас қамалға айналды. Бүгінге дейін өткізген үш ресми матчта Беларусь футболшылары жеңіске жетсе, 2011 жылғы жолдастық кездесуде отандастарымыз әрең дегенде тең түскен. Осыдан бір ай бұрын Алматыда өткен матч­та да Қазақстан құрамасы тең ойынға лайық өнер көрсетіп еді. Алайда футболшымыздың қателігін ұтымды пайдаланған қарсыластарымыз өз еліне же­ңіспен оралды. Енді бұған де­йінгі ойындарды айтпағанның өзінде, кешегі жеңілістің есесін осы жолы қайтару керек. Оны фут­болшылардың өздері де жақ­сы түсінеді.

Құрама капитаны Бауыржан Исламхан да екі ойында жеңіске жетіп, алты ұпай олжалау бас­ты міндетіміз деп есептейді. «Да­йындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ешкім де жарақат алған жоқ. Команда жақсы жағдайда, барлығының көңіл күйі тамаша. Егер топта бірінші орынды иеленгіміз келсе, алдағы екі ойында да жеңіске жетуіміз керек. Жеңіс үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейміз», деді капитан.

Еске сала кетейік, 11 қазан­дағы Қазақстан мен Албания ара­сындағы ойын кешкі сағат 19:00-де, ал сырт алаңда өтетін Беларусь пен Қазақстан құрамаларының кездесуі 15 қазаннан 16-сына қараған түні 00:45-те басталады. Екі ойынды да Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.