Елордада СКА-мен өткен ойында жеңіске жеткен жерлестеріміз Екатеринбургке жақсы көңіл күймен аттанған-ды. Алайда «Барыс» ойыншылары екі матчтан бері жеңілмей келе жатқан «Автомобилист» хоккейшілерін тоқтата алмады. Матч бастала сала гол соққан айдын иелері «Барысты» абдыратып қойды. Өткізіп алған голдан кейін жерлестеріміз ес жиып үлгеремін дегенше, «Автомобилист» екінші шайбасын соғып кетті. Ойынның 14-минутында ғана Роман Старченко есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды.
Екінші кезеңде «Автомобилист» тағы бір шайба соғып, таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді. Ал үшінші кезеңнің орта тұсында «Барыс» қатарына биыл қосылған Якоб Лилья бір голмен жауап қайтарғанымен, командасына жеңіс сыйлай алмады. Қорытынды есеп – 3:2. «Автомобилистің» пайдасына. Енді жерлестеріміз 10 қазанда «Барыс Аренада» Северстальдың «Череповец» клубын қабылдайды.