Тарих • 09 Қазан, 2020

Өз жаназасына қатысқан жауынгер

3506 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

1944 жылдың шілде айының басында Кеңес армиясы Литва жерін азат ете бастады. Әскери құраммен бірге, партизандар да басқыншы жаумен қиян-кескі айқасты. Жау жағы табандап тұрып алмаққа бекініп, қатты қарсылық көрсетті. Литва жерінде күркіреп аққан, өткел бермес өзендер көп-ақ. Өзен аңғарлары жыпырлаған жау бекінісі. Әр атыс ұяларынан ақ ажалды ақжауындай жаудырып жатты. Ал, өзен үстіндегі ағаш көпірлер бірінен соң бірі жанып, істен шығуда.

Өз жаназасына қатысқан жауынгер

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

 

Ефрейтор Қасым Шайкенов Полоцский моторлы понтон-көпір батальонының құра­мында болатын. Көкшетау қаласының ірге­сіндегі Қызылсая ауылының түлегін зұлмат соғыс қияндағы майдан өтіне үйіріп әкелген. Ерлікпен шайқасты. Боз далада тағдырдың салған ісіне болаттай берік болуды үйренген қазақ жауынгері епті де ер еді. Сол ерлігі лайықты бағаланып, осы жылдың 26 қыркүйек күні 43-армия қолбасшысының бұйрығымен үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. Марапаты жалғыз ол ғана емес, өр кеудесінде жарқыраған «Қызыл Жұлдыз» ордені және көптеген медальдары бар. Ердің ерлігін айғақтайтын осы марапаттар Қасым Шайкеновке не үшін берілді? Енді осы арада Вильнюс қаласының тұрғыны, Литва КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі П.Фроловтың естелігінен дерек келтірелік. Қасым аға қаруластарымен бірге Кеңес армиясы құрамаларының Лиелупс, Мемелес, Нямунелис, Миния мен Неман өзендерінің үстінен өтуін қамтамасыз етті. Понтон көпірлермен бірге ағаш көпірлер де салынды. Мұндай қарбалас шақта табиғаттың тынысын жақсы білетін Қасым Шайкенов алдымен инженерлік барлау жасап, өзен аңғарының қашықтығын, судың тереңдігін зерттейтін. Маңайдағы орманнан жуан-жуан бөренелер дайындап, тақтай тілетін. Екпіндеп келген құрамалардың жаудың әуе шабуылына ұшырамай, іркілмей өтуіне көп септігін тигізді.

Майдан аяқталған соң еңбек майданына араласқан. Ал майдандағы ерлігін Вильнюс қаласындағы №37 орта мектебінің із кезушілері КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде сақталған құжаттардан тапқан. Сөйтіп, батыр қазақтың майдан даласындағы ерлігі мәлім болды. Қасым атамыз тұрғызған ондаған көпір соғыстан кейін де халықтың қажетіне жарапты. Бұл жайында ердің ерлігін әйгілеген литвалық мұғалім П.Фролов жан-жақты деректер мен дәйектерді келтіре отырып, сипаттаған екен.

Енді бір ауызсөз майданға дейінгі ба­лалық шағы туралы. Майдангер әкесінен екі жасында жетім қалады. Жалғыз емес, тоғыз жасар ағасы Қами бар. Бұлардан басқа Айтжамал, Сақыпжамал, Қайнижамал есімді үш қыз. Қиын-қыстау кезінде жесір қалған ананың бес баланы бағуы оңай шаруа ма? Қасым жетімдіктің запыранын әб­ден жұтқан. Жастайынан еңбекке араласты. Сөйтіп, қатал тағдыр аяусыз шыңдаған. Қызылсая бастауыш мектебінің алғашқы түлектерінің бірі еді. Ол кезде бұл жердегі мектеп бастауыш қана болатын. 1930 жылы Көкшетау қаласындағы жұмысшылар фа­куль­теті деп аталатын оқу орнына түсті. Ана­­сы балаларымен Көкшетау қаласына көш­кен болатын. Дайын тұрған пәтер қай­да, бауырына басқан балаларын тағдыр­дың суық желіне тоңдырмау үшін пәтер жал­дап күнелткен.

– Алғашқы курсты бітірген соң бір топ баланы Қарағанды облысындағы Нұра темір жол стансасына вокзал салуға аттандырды. Осы жерде шиеттей жас балалар сіңірімізді созып еңбек еттік. Құрылыс жұмыстары біткен соң Көкшетауға қайтып оралсам, біз жалдап тұратын пәтерде ешкім жоқ. Бұл 1931 жыл болатын. Төңіректі аяусыз аштық жайлаған. Анам балаларын өлтіріп алмауы үшін қаладағы балалар үйіне тапсырыпты. Қами ағам екеуін Қызылсаядағы ет жақын туыстар алып кетсе керек, – дейді екен өзі.

Анасын іздеп жолға шыққан Қасым туған топырақтан 25 шақырымдай жердегі Литовочное селосынан әкесінің ағасы Кәр­менді тауып алады. Мән-жайды сұрастырса, анасы Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданына қарасты Қарағанды ел­ді мекенінде екен. Мұндағы тіршілік аш­тық жайлаған Көкшетау төңірегіне қара­ғанда біршама тәуір. Қами ағасы жұмыс істеп, өз қолдары өз ауыздарына жетіп отыр екен. Қасым да келе сала жұмысқа орна­ласқан. Таңдайтын дәнеңе жоқ, ауыл шаруа­шылығының ау-жайы ежелден белгілі. Дән өсіру, шөп шабу, мал бағу тәрізді таусылып бітпейтін қарекет. Осы жерде ел қатарлы өмір сүре бастаған. Бәрі оңғарылған тәрізді болып көрінгенімен, ананың ақ жүзін қай­ғының қара бұлты торлап тұратын. Ол қайғы бір кезде амалсыздан өз қолымен балалар үйіне тапсырып кеткен үш қызының жайы. Туыстарына хабарлап, тапсырып іздеу салғанымен, бір дерегі шықпады. Осы қайғы жанын жегідей жеген қайран ана екі жылдан соң сырқаттанып, дүниеден өтті. Шын жетімдік енді басталды. Амалдары таусылған Қами ағасы екеуі бірін-бірі жетелеп туған топыраққа қайта оралды. Әйтеуір, дәтке қуаты әкесінің ағасының қамқорлығы. Қарап отырған жоқ, механизатор болып еңбек етті. 1938 жылы 21 жасында Кеңес армиясына шақырылды. Польша шекарасында тұрған әскери бөлімде қызмет етті.  Осы жерде ең алғаш әуелі поляктармен, кейін румындармен болған қарулы қақтығыстарда соғыс дегеннің қандай сұрапыл екендігін ет жүрегімен  түйсінген. 1940 жылы ақ финдермен болған соғысқа қатысты. Әскер қатарынан әне-міне босаймын деп жүрген кезінде Ұлы Отан соғысы басталды.

– 1942 жылғы қыста Қара теңіздің Кавказ жағалауында әскери катермен барлауға шықтық. Күн сұмдық суық. Катеріміз жаға­дан біршама алыстаған кезде, жау само­леттері шабуыл жасады. Бір кезде катер дәл үстіне түскен бомбадан тас-талқан болды. Есімді жисам көк теңіздің үстіндемін, қолтығымда сынған тақтай ма, бір нәрсе бар. Жан-дәрменмен шамам жеткенше малтығанымды білемін. Бір кезде есімнен танып кетіппін, – деуші еді майдангер өткен күндердің елесін ойша тірілтіп, – есімді жинасам госпитальда жатыр екенмін. Кім жеткізді, қалай жеткізді, түк те білмеймін. Артынан сұрастырсам, Кеңес жауынгерлері мені мұзға ілініп тұрған жерімнен тауып алып, госпитальға әкеліпті. Катердегі 45 жауынгерден тірі қалған жалғыз мен ғана екенмін. Алғашқы күні мені өлдіге санап елге қара қағаз салып жіберген екен.

Бұл да сұм соғыстың азабы. Әлгі азап соғыс біткен соң да жойыла қоймаған. Мә­селен, Қасым ағамыз 1946 жылдың қараша айында елге аман-есен оралған. Міне, ту­ған жердің топырағын басып, көкірегі қуа­нышқа толып, асыға басып келе жатыр. Ал ауыл ішінде көзге ілінетін ешкім жоқ. Апыр-ай, бұлар қайда кеткен деп те ойлап қояды. Өзін майданға аттандырып салған Кәтрен ағасының үйіне жетіп, есікті ашып жіберсе, ел адамдарының бәрі осында отыр екен. Төбеден жай түскендей болыпты. Бәрі аңтарыла қарап қалыпты. Жым-жырт. Жаңа ғана майданнан оралған Қасым да, қаумалаған қалың ел де аңтарулы. Тек төрде отырған Мейрам молда біраз уақыт өткен соң:

– Астағыфыралла, мынау Қасым ғой! –деп орнынан атып тұрыпты.

Осы кезде ғана есін жиған жұрттың біреулері жылап, біреулері әлі де сенбей, өң мен түстің арасында жүргендей. Мұншама таңырқаудың себебін Қасым атамыз кейін білген, мына жұрт өзінің жаназасына жиналған екен. Қасымды әлдеқашан өлдіге санапты. Өйткені, ағайын-туыстың отыз омыртқасын опырып, қырық қабырғасын қақыратып қайғы арқалатқан қара қағаз келген. Сөйтіп, жаназаның соңы тойға ұласқан. Майдан кезінде де, одан кейін де адам сенгісіз осындай оқиғалар болып тұрған. 

Бейбіт өмір басталды. Майдангер аға іргедегі Өскен ауылының бойжеткені Қа­наш­қа үйленді. Дүниеге сегіз перзент әкелді. Ол кезде ел тұрмысы өте қиын болатын. Соғыстан кейінгі қаусап қалған шаруашылықты қалпына келтіру керек. От-жалында шыңдалған жауынгер Қызылсая колхозының отымен кіріп, күлімен шықты. Еш жұмыстан тартынған жоқ. Еліне адал еңбегін сіңіргісі келді. Лобанов селосындағы ауыл шаруашылығы кәсіптік-техникалық училищесінде оқып, білім алған соң Бұлақ машина-трактор стансасында механик болып қызмет атқарды. Елге техниканың енді-енді келе бастаған кезі. Он саусағынан өнер тамған, техника тілін жақсы білетін Қасым аға колхоз техникаларының тоқтаусыз жүруіне қисапсыз, көп еңбегін сіңірді. Күзгі дала жұмыстары аяқталған соң барлық техниканы жөндеуге қоятын. Майталман механизаторларға өзі басшылық жасап, ақауын жөндейтін. Кейін колхоздың техника жөндеу шеберханасын басқарды.

Астық жорығында алқаптан жеткізілген бидайды тазалау маңызды рөл атқаратын. Қай дән тұқымға сақталады, қай астық сатылады, мал азығына жарамдысы қайсысы, міне, осындай сұрыптау жұмыстарын қырманның басында жүргізетін. Бұл бір көптеген адам күшін қажет ететін, өнімсіз жұмыс еді. Өйткені, ол кезде елеуіштерді қолмен айналдыратын. Қасым аға қырманға түскен барлық астықты тауарлық қалыпқа келтіру жұмыстарын жеңілдетті. Ол үшін қолмен атқарылатын жұмыстарды механикаландырды. Электр двигательдердің күшімен бір агрегат жасап, өнертапқыштық талантын көрсетті. Сол жаңашылдығының арқасында бұрын бес-алты адам қолмен атқаратын ауыр жұмысты енді бір ғана адам ұршықша үйіретін болды. Маңдай тері сіңген қырман ендігі арада «Қасым тоғы» деп аталатын болды. Жақсы жаңалық жерде қалмайды ғой, іргедегі Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшардың директоры Талап Тоқмурзин келіп көріп, өз шаруашылығына да дәл осындай астық сұрыптағышты Қасым ағамызды арнайы шақырып, орнаттырып алды.  

Кешегі майдангер енді еңбектері ерлігі үшін «Октябрь Революциясы» орденімен, бірнеше медальмен марапатталды. Еңбексіз қарап жүре алмайтын еді. Төңіректе шашылып жататын әртүрлі трактор тетіктерін жинастырып, оған әртүрлі тіркемелер дайындап, елде жоқ кішкентай трактор құрастырып алды. Көрген адамның бәрі таңғалатын әлгі кішкентай трактор шөп шабуға, жинауға, тасуға, басқа да жеңіл-желпі шаруаларға таптырмайтын көлік болды. Кейін автомобиль үлгісімен адам тасуға да қолайлы етіп қайта жасады. 

Міне, осылайша бар ғұмырын адал еңбекке арнаған майдангер өзінің жеке ісімен, өмірге деген құштарлығымен, ең­бекке деген ынтасымен өз перзенттеріне ғана емес, барлық ауылдастарына үлгі болды. Отан үшін от кешкен, майданнан соң туған өлкедегі шаруашылықтың шырайын келтірген Қасым аға 1997 жылы сексен жасында дүниеден озды. Артында өлмес ерлігі, ерен еңбегі жайлы тамаша тағылымы қалды.