Руханият • 09 Қазан, 2020

Қазақтың Қажыбайы

668 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

«Барлық адам баласының түпкі атасы Адам ғалейһи-с-саламнан бастап, Алла Тағала қанша пайғамбар жіберсе, сол пайғамбарлардың өмір сүріп, халықты Ислам дініне шақырған, Аллаға намаз оқып, құлшылық істеудің тарихи орыны болғандықтан және де мүмкіндік болып та, шамасы келген адамға Қағбатоллаға өмірінде бір қабат барып, оны қажы күнінде тауаф етіп, жеті қабат айналу фарыз болғандықтан, бірнеше жылдардан бері қарай баруға құмар болып жүруші едім. Сол талаппенен үстіміздегі 1961 жылы, януар айында Мүфти қазіретке – Қазақстан қазиына арыз бердім. Сол берген арызым қабылданып, 11-май күні Алма-Атадағы Қази Ғылманұлынан «14-майда Мәскеуде болыңыз, қажыға барасыз» деген телеграмма келді. 13-майда қажы сапарына сенбі күні кешкі сағат сегізде Қарағанды аэропортына келдік...»

Қазақтың Қажыбайы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Бұл – сонау 1961 – кеңестік қызыл қылыштың қаны құрғап, қата бастаған Сиыр жылы еді. Мысалға келтіріп отырғанымыз – сол жылы Меккеге қажылыққа баруға ниет етіп, қазиға хат жазған Қарағанды мешітінің бас имамы Қажыбай Мәндібайұлының естілігінің «әлқисса-біслмілләсі». «Алматыдағы Қази» деп отырғаны – қазір атағы дүрілдеп шыққан Сәдуақас Ғылмани. Қажыбай Мәндібайұлының сонау 1962-жылдары сұлу жәдидпен өріп жазған естелігі бұрнағы жылы ақтоғайлық ақсақал Қалижан Жандығұловтың соңында қалған ескі сандықтан шыққан болатын.

Оңашада ой кешсең, қазір мүмін-молдасопы боп кеткен ақсақалдар сонау 60-70 жылдары «Алла жоқ!» деген атеистер екені есіңе түседі. Солардың көзі тірісінің дені қазір сақалын сауып, уағыз айтып жүр. Аман жүрсін. Ал, бұл кісі – Қажыбай Мәндібайұлы сол «атезим ауылында» мүфти қазіретке арзу айтып, Меккеге сұранады.

1961 жылғы көктем сол заманғы көкелеріміздің есінде. Біздің де жадымызда жұқанасы бар. 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин адамзат баласы арасынан алғаш ғарышқа ұшып, Олжастар «Адамға табын, Жер енді!» деп ұрандап жатқан заман еді ғой. Ғаламшарды қос режим арасындағы қырғиқабақ соғыс құрсап, француздар Алжирде атом бомбасын жарып, Африка елдері егемендігін жариялаған, Оңтүстік Кореяда әскери төңкеріс болған уақыт еді. Иә, ғаламдық тарихи оқиғалармен салыстырғанда, Қарағандыдағы мешіттің бір имамының Меккеге барғаны анау айтқандай үлкен жаңалық емес. Оның үстіне қазір қайбір демеуші-жебеушінің қаржысымен жүз мәртебарып келгендер жетерлік қой Меккеге. Тек сол кезеңде аулада ХХ ғасыр КСРО-ның атеистік «құдайсыз қоғамы» салтанат құрып тұрған еді...

Қарағанды мешітінің сол кезгі – 1959-1976 жылдар арасындағы имамы Қажыбай Мәндібайұлы кім еді? Араға елу жыл аралатып, аруақ қозғап, атын атап, неге мазаладық?

Қажыбай Мәндібайұлының «Қажы сапарынан естеліктер» деп ат қойған қолжазбасы біздің қолымызға Ақтоғай ауданы Қаратал ауылындағы мешіттің имамы Айдаржан Балтабайұлы арқылыкириллицаға таңбаланып, тиген болатын.

«...Біз қажылар Москваға келген соң кәдімгі үкіметтің шақырумен келген бір өте сыйлайтын, құрмет көрсетілетін арнаулы қонақтары тәрізді болдық десек болады. Біз тек қана әрбір қажы 1200 сомнан Меккеге барып-қайту үшін жол расходтарына ақша төледік. Барып-қайтардағы самолет ақысы, азық-түлік, жол расходына шетелдің ақшасын айырбастап берді. Самолет билетін даярлап берді. Шетелге баратын паспорт берді...» деп тарқатады қолжазба авторы. Мәскеуден қажылыққа барған сол сапарластарының да әрқайсын атап жазған. «Біз қажы жолына 13 кісі бардық. Өзбекстаннан 6 кісі:

1. Махтұм Ғабдоллаһұлы (имам),

2. Ахманхан Атаханұлы,

3. Файзолла Ғабдоллаұлы,

4. Аманолла Баһадүрұлы,

5.Фахруддинов (Назарет секретарі),

6. Қасымжан Мақсұмұлы.

Тәжікстаннан екі кісі:

1. Ғабдолла Ходжаев,

2. Мұхтар Махмудов.

Түркіменстаннан біреу:

Атажан Ғабдоллаұлы (имам), 31 жаста.

Татарстаннан екі кісі:

1. Дифхат Салихов,

2. Хабибнажжар Нажмуддинов

Москвадан біреу: Қамаруддин Салихов (имам)

Қазақстаннан: Мен – Қажыбай Мәндібайұлы (имам).

Біздің бұл адамдардан төртеуіміз мәсжидимамы. Үш адамның жоғарғы дәрежелі білімдерібар. Басқалары орта дәрежелі білімдері бар...»

Төрт имам, үш ғалым һәм өзге де сапарластарымен мұсылманның бас парызын өтеп қайтқан Қажекең естелігі аңғарымпаз ақсақалдың таным талғамы, өре-пайымы биік екеніне көзімізді жеткізген. Қағбаның қара тасына тақалар тұстағы сол заманғы құрылыс нысандарын да сызып көрсеткен. Әлбетте, Арафа тауына барғаны, лағынетке тас атқаны Мекке көрген көзі ашық қазаққа таңсық емес. Бізді қызықтырғаны – ақсақалдың естелігіндегі Сауд Араб корольдігінің Премьер-министрімен, өзге де ресми өкілдерімен кездесіп, сөйлескендігі жайлы гәп.

«...Біз жолдас қажыларымызбен Мекке Макаррамадағы Саудовский Арабияның әмірін (король), дін бастығы Мүфтиді, ағарту министрі (оқытушы) зиярат еткіміз келіп, сол Меккедегі бізбен көрші тұратын саудагер дүкен иесі бір өзбекті жіберіп олардан зиярат етуге рұқсат сұрадық. Ол бастықтар «рұқсат, келсін» депті. Бірінші Саудовский Арабияның Әмірі (патшасы) Сауд бин-Абдулазиз қазіреттің зияратына, патша тұратын сарайына бардық. Алдыңғы залдың албарында елу шамасында адам зияратқа келгендер, тағы қызмет адамдары тосып отыр екен. Біз 13-кісі «Руссиядан келген қажылармыз», - деп комендантына «Әмірге хабарлаңыз» - дедік. Комендант келіп алдымен, әмір бізге рұқсат еткендігін хабарлап, комендантпен ертіп келген сарайдың қызметкері бір араб бізді патша сарайына ертіп келді. Сарайдың адамдарды қабылдайтын залы биік, өте кең, биіктен орнатылған зор вентилятор салқын желді есіп, залдың іші салқынданып тұр. Елуден жоғары ыстыққа күйіп келген біздер аз уақыт болса да біраз салқындап, өте рахаттанып қалдық. Патшаның алдында екі әскер қарулы күзетте тұр. Залдың әрбір бұрышында қарулы адамдар тұр. Біз алдында патшаға кірудің, сәлемдесудің тәртібін сұрап білгенбіз. Сол тәртіп бойынша келіп, бірбірлеп тақта отырған патшаның қолын ұстап амандастық. Пәтерімізде қажы басымыз Москва имамы Қамаруддин Салихов бізбен ақылдасып, жазбаша түрде арабша патшаға мың сәлем мақтау сөздер жазып алған болатын. Сол қағазды Қамаруддин патшаға қарсы түрегеліп үш метрдей кейін тұрып оқыды. Ол қағазда Мұсылмандардың патшасына Руссия мұсылмандарының сәлемі айтылған. Азиядағы мұсылмандардың тіршілігі, мәдениеті, шаруашылығы қазіргі күнде ойдағыдай. Алдың қатарда екендігін, әділдіктің ең жоғарғы сатысындағы, әр ұлтты тең ұстайтын, үкіметтің қарауында рахат, тиыш өмір сүретіндігіміз баяндалып жазылған еді. Патшамыз бұл сөздерді ықыласпен тыңдап, қызметкерлеріне бізге жеміс сығынды суларынан дайындалған сусын әкелуге бұйырды. 25 минут шамасында мәжілісте отырып қош айтыстық.

2) Мүфти Акбар Мухаммед бин-Ибраһим.

3) Мағарин Озириоқу-ағарту министрі.

4) Ғабдулазиз-бин Абдуллах бин Хасан.

5) Дәйіс Һисат, Әмір бин-Мағрұф уа нахи ғанәл-Мұңкәр

(Дін жұмысының барысын бақылау комитеті)

Шейх Абдулмалик бин-Ибрахим осы аталғануәзірлерінің әрқайсысына барып зиярат етіп, әрқайсында 20-30 минуттай мәжілістес болдық. Бәрі де бізді жылы жүзбен қарсы алды. Біздіңотанымыздағы хал-жағдайымызбен танысты. Мүфти Акбар қазірет ағарту министрі бізге үш пұт50 килограмм шамасында діни кітаптар сыйғатартты...»

Қажылық сапарының естелігіне қосымша сол жолы көзімен көріп, көңіліне түйгенін де жеке жазған. Араб елінің мәдени-әлеуметтік, экономикалық жай-күйін біздің елмен салыстырып жазады.

«...Бұл сапарда аз уақыт болса да, әр қаланы өзіміздің елдің және арабтың үш-төрт мемлекетін араладық. Аз-аздап жалпы күнкөріс, әл-ауқат жағынан азырақ сын көзбен қарап, түрлі жақтан бірін-бірімен салыстырып мөлшерлеген болдық. «Баламергеннің құлан атқан жері ыстық» дегендейін, өзімнің туып-өскен жерім ыстық көрінгендіктен бе, болмаса ақиқат шынымен солай ма, әйтеуір маған ол аралаған халықтың бәрінен де өзімнің Қазақстаным, оның ішінде Қарағанды, Ақмола аймақтары тұрмыс жағынан әлдірек те, мәдениетті де тұрады деп ұйғардым. Әрине, Москва орталық бұрыннан мәдениетті, мәдениет жағынан қазір де артық. Бірақ та, Қазақстанның 44 жылдың ішінде осы қалыпқа жетуіне қарағанда, және де қазақ халқы бұрынғы заманда, қараңғы қалып, ғылым білімге шөлдеген халық екенін еске алып, келешектен қазақ халқы ғылым-білімде мүмкін дүние жүзінде алдыңғы қатарда болар деп сеніп тоқтаймын.

Қарағанды қаласының мәсжид имамы Қажыбай қажы Мәндібайұлы.

1961 жыл. 1.VІ.» деп түйеді естелігін.

Сонау алпысыншы жылдары ғылым-білімге шөлдеген елінің ертеңін болжауға пейілді Қажыбай қажы 1891 жылы Нұра өңірінде дүниеге келіпті.Кейбір деректерде «1896 жылы дүниеге келген» деп жазылғанымен, біз қажының өз қолымен жазған өмірбаянына сүйендік. Меккеге барғанда жасы 70-те. Пайғамбар жасына шыққаннан Қарағанды қаласындағы Киров ауданы мешітінің имамы болған. Оған дейінгі ғұмыры туралы бірқатар деректерді Қарағанды мұрағатындағы ресми іс-парақтардан таптық. Әрі өзінің өмірбаянында жыл-жылымен көрсете жазған.

Қажыбай ақсақалмен Меккеге бірге сапарлатқан қажылардың бірқатары жайында жазба деректерде, түрлі кітаптарда ақпарат баршылық екен. Арасында осалы жоқ. Әлбетте, бұл тараптан кең толғап, зерттеу жазар болса, түп-тамырына дейін таратуға болады. Оған да пейілді зерттеушілер табылар. Ал, Қажыбай Мәндібайұлы сол Мекке сапарынан кейін елге оралып, діни ағартушылық қызметін ғылымға ұластырыпты. Ғылым дегенде де, сонау оныншы ықылымда ілім таратқан Әбу Насыр Әл-Фараби еңбектерін зерттеп, зерделеп, арабшадан қазақшаға тікелей тәржімелеген екен. Ел арасында Фарабиды қазаққа оралтқан Ақыжан Машани деп танылғалы не заман. Сол А.Машанидің Фараби әлемін ашуынаҚажыбай қария септігін тигізген-дүр. Сөзіміз тиянақты болуы үшін Қажыбайдың А.Машаниғажазған хатын келтірелік (бұл хат ақтоғайлық қария Қалижан Жандығұловтың сандығынан табылған. Алматыға жолданған хаттың көшірме нұсқасы да болуы мүмкін. Қалай болғанда да, хат адресатқа жеткен. Оны кейінгі хаттар нақтылайды.):

«Досым Ақыжан!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһ уа баракатуһу.

Сіздің 17/Х жазған мақтұбыңызды (хатыңызды) уақытында алсам да түрлі шақырулар, қызмет жағдайым уақытымды бөлгізбей, бүгін ғана көңілімді бөліп хат жаздым. Сіз сұратқан екі парақ жазуды оқып, қарап, Фарабидің өз заманында жеке дара, өнер-ғылымда өзіндік тіс қаққан адам екеніне сенімім бекіді. Қысқаша айтқанда, ол екі беттің түсінігі мынау:

Сол заманның бір ғалымы, Абу Исхақ Ибраһим бин Ғабдуллаһ асфадари деген ғалым айтады:  «Мен жұлдыздар ғылымын (астрономия) зерттеп білуге, оны кеңейтуге құмар болып, сол жайында жазылған кітаптарды сеніммен көп уақыт қарадым. Бұл ғылымның құралдары (обсерватория тағы басқаларының жарыққа шығуымен байланысты): Ғалым кітаптарды реттеп, ашу жөнінде еш күмәнданарлық жағдай жоқ қой деп сенсем де, соңынан көп мәселеде көріктеніп, әуелгі заманның ғылымдарының, хәкімдерінің кітаптарынан қарастыра бастадым. Солардың кітаптарынан менің ауруыма ем табыла деп ойладым. Бірақ, олардың да кітаптарын тексеріп қарап, олардың жазғандарында қанағаттанарлық ештеңе таппадым.

Анық дегенім күмән болып, сенгенім күдікті болып шықты. Енді бірнеше заман өткен уақытта, ғылымдағы күмәнді мәселелерді шешіп, оны қайсы дұрыс емес, қайсы туралы Әбу Насыр Әл-Фарабиға жолығуды ойлап жолықтым. Оған тілек қойып мұңымды айтып, Ғалым Нажмуддин осы мәселелерді ашып беруін өтіндім. Фараби бұнымды қабылдады. Мәселелердің тегін заңдарымен танысып түсіндірді. Бұл жайында көп айтылып, тартысып та қалып отырдық. Ақырында Фараби кітап жазып, күдікті мәселелердің біразын ашып берді. Айқын дәлелдермен шындыққа көзімді жеткізіп, мақсатыма жеткендеймін. Әбу Исһақ Ибраһим Ғабдуллаһтың бұл сөздерінен, бағалануына қарағанда Фарабидің өте-мөте астрономия ғылымында өзіндік ғалым екендігі анықталды. Екіншіден, сіз Фарабидің араб тілінде кітапты қазақшалап беруге бола ма депсіз. Ол жайында мен сізге мынандай сұрақ қоямын:

Ол кітап ғалымның қай саласында жазылған, әдебиеттен бе, болмаса, басқа өнер ғылым пән кітабы ма, оны қай пәннен жазылған, көлемі неше бет? Егер қазақшалауда тіліне аударған күнде еңбекақы мөлшерінің есебі қандай болмақ, осыларды жазып жіберсеңіз, соңынан жауап қайырамын. Үшінші, сіздің өзіңіздің «Білім және еңбек» журналында басылған мақалаңыз жайында соңынан хабарлармыз. Бұл күнде әлі қолыма түспеді.

Тілеуқор ағаңыз Қажыбай Мәндібайұлы,

7 қараша, 1969 жыл.» деп қол қояды.

Осы хаттан-ақ Фарабиды «қазақша сөйлеткен»Машанидің арғы жағында Қажыбай Мәндібайұлы тұрғанын аңғаруға болады. Әлбетте, хаттың түпнұсқасы сақталған. Оған қоса, Ақыжан Машани мен Мәндібайұлының тағы бірер хаты ұрпақтарының қолында тұр...

Қажыбай қария мен Ақыжан Жақсыбекұлы сонау 1969-ыншы жылдан қажының ғұмырының соңына дейін хат жазысып тұрса керек. Біздің қолымызға Ақыжан Машанидің Қарағандыға жолдаған бірнеше хаты түскен еді. Хаттардың түпнұсқасын қажының қызы Малина Қажыбайқызының жеке мұрағатынан оқыдық. Сол хаттарды хронологиялық тізбесін сақтай отырып, ұсыналық:

«Құрметті Қажеке!

Сіздің жазған хатыңызды кеше алдым. Менің кітап жіберген адамым өзінің ауырғаны жөнінде хабар берген жоқ. Мен сізді ауырып қалмады ма деп жүрген едім. Амандық біліп, қуанып қалдым. Екінші қуанғаным сіздің Әл-Фарабидің еңбегін өзінің түпнұсқасы арабша оқып, оның ұлы ғалым екенін, мұсылман ғалымы, қазақтан шыққан дана екендігін түсініп, бағалағаныңызға қуандым. Бұл сияқты адамдар да санаулы болып қалды ғой! Фараби сияқты адамды тану, одан үйрену, оны уағыздау әлбетте, жақсылық нышаны болар. Әмин!

Фараби ісі бұл күнде біздерге зор халықтық іс болып тұр ғой. Соған сіздің ат салысып, үлес қосқаныңыз болсын. Шама келсе, сіз сол еңбекті толық аударып шығыңыз. Бұл тарихта қалатын зор іс қой. Мүмкіндік болса, оны жариялауға тырысамыз. Болмаса, басқа еңбектерге қосып пайдаланармыз. Бұл жөнінде газетке жазармыз... Кейінгіге мирас қалар...

Менің қолыма Фарабидің жаңада басылған (Бейрут, 1968 ж.) бір кітабы түсті. Ол діни мәселелерге арналған. Пайғамбарлар тарихы, діни адамдық қағидалар, халықтар туралы. Қолыңыздағы кітап біткен соң мен оны да сізге бермек ойым бар. Оның ішінде, керекті сөздер көп. Кітапты аударғанда бір қағаздың бетіне арабша-қазақша аралас жазып отыру қолайсыз болады. Ол екеуін екі қағазға жазып, әр бет сайын бірден бастап сөйлемдерді нөмірлеп отырған дұрыс болады. Жұмысты жеңілдету үшін арабшаны көшірмей-ақ, кітаптың өз шетіне сөйлем номерін қойып отыруға болады ғой. Номер саны көбейіп кетпес үшін әр беттің нөмерін бірден бастау керек. Қысқасын айтқанда, Алла сізге қуат берсін!

Сәлеммен тілектес ініңіз: Ақыжан Жақсыбекұлы Машанов.

1973 жыл 13 март.»

Мәндібайұлы сонау 1969 жылы 7-қарашада жазған жауаптан кейін қос ғұлама бірнеше дүркін хат алмасқаны анық қой. Ал мына хаттардың мазмұнына қарасаңыз, арада неше жыл өтсе тақырыптары әлі ауыса қоймағанын аңғарасыз.

«Қажеке!

Хатыңызды алдым. Жауабын тез бер деген екенсіз. Міне, сол үшін жазып отырмын. Қолыңыз үйренген және Фараби хатына сәйкес үйлесімді арабша әріптен жаза бересіз-дағы. Мағынасы дұрыс болса, жазу анық болса, бір таңбадан екінші таңбаға көшіру қиын емес қой. Қолыңыздағы арабша кітаптың әр бетінің аяғында латынша жазулар бар. Ол түрікше тілде берілген ескертулер. Онда қай сүреден, қай аяттан, қай хадистен алынғаны айтылған. Басқа да ескертулер бар. Соларды да қазақша және арабша аударып, әр беттің аяғына ескертулер ретінде беріп отырсаңыз дұрыс болар еді. Ол жерде күдікті әріптер, сөздер кездеседі. Оларға да көңіл бөлу керек болар.  Ондайлар табылмаса, осы жақтан жіберемін.

Тағы бір ойда болатын нәрсе, Фарабидің 1100 жылдық тойы осы күзде болмақшы. Соған керекті Фарабидің өлеңі-дұғасы аударылса жақсы болады. Соны да ақылдасу керек. Қысқасынан айтқанда, жұмыс көп. Алла өзі қуат берсін. Әмин!

Сәлеммен ініңіз Ақыжан Жақсыбекұлы Машанов.

21 март 1973 жыл.»

Ақыжан Машани «Фарабидің туғанына 1973 жылы 1100 жыл толма»қ деп отыр. Біз ел болып «870 жылы дүниеге келген, биыл 1150 жыл» деп жүрміз. Бұл да ойланатын дүние тәрізді. Әлқисса, хаттарды оқылық:

«Құрметті Қажеке!

Біз мұнда аман-сау жүріп жатырмыз. Жаздай ауырдым. Қазір қызметтемін. Сізге көптен хат жазылмаған себебі, біріншіден, науқастық, екіншіден, сіз аударған Әл Фараби кітабын баспаға берсін деген қаулыны алдырдық. Ол қаулы бойынша үш тілде бірдей шықсын деген. Соны дайындап жатырмыз. Бұл кітаптың арабшасы сізде еді ғой. Соны тез беріп жіберіңіз. Кейін кітаптар шығады, сонан аласыз ғой.

Сәлеммен тілектес ініңіз Ақыжан Жақсыбекұлы Машанов.

4.12.1974.»

«Сіздің Құранды қазақша аудармақ бір талабыңыз бар еді. Ол қалай болып жатыр?! Ол өзі зор жұмыс қой.

Сәлеммен досыңыз Ақыжан Жақсыбекұлы Машанов.

5 февраль 1975 жыл.»

Біздің қолымызға тиген хаттар легі осындай. Әлбетте, Фарабидай ұлы ғұламаны қазаққа оралтқан қос алыптың арасындағы үшбу хаттар, бәлкім Машанидың жеке мұрағатында да зерттеушісін күтіп жатқан болар. Бұйыртқан күні елге ортақ жария дүниеге айналары хақ...

Ғылым ісі мен діни парызын қатар арқалаған Қажыбай Мәндібайұлы 1971 жылы Ташкентте Орта Азия халықтарының діни пленумында сөз сөйлеп, ол турасында сол заманғы діни ахуал жөнінде «Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары» журналында «Қарағанды мұсылмандары» тақырыбымен жеке мақала жарияланған екен.Журнал 1971 жылы жарық көрген:

«Қарағанды Қазақстан жамhуриятының марказ орналасқан бір шаhар дүр. Ләкин тарихы беймағлұм, бұл шаhар турасында ешқандай мағлұмат жоқ.

- Қазіргі уақытта Қарағанды көмір қазып шығаратын кен орыны екені бесенеден белгілі. Кейінгі бірнеше жыл уақытта заманауи техниканы игергендер саны да көп. Жұмыс барысында кадрлар да көптеп саналады. Халық қожалығының басқа түрлері де кең дамыған. Қарағандының қазіргі уақытта ішкі жағдайы әлденген, жоғары дәрежеге жетіп, бүтін бір иелікке ие болған. Қарағанды қаласында пән ғылымдарының доктор, профессорлары да көптеп саналады. Қазақстан, СССР пәндері академиясының  мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды қаласының политехника институтының ректоры Ғабулқасым Сәкенов, техника пәндерінің докторы, институт директоры Ғұмар Құсжановты, Қазақстан, СССР пәндері  академиясының мүшесі, техника пәндерінің докторы, профессор, ғалым, химия, металлургия институтының директоры Евней Букетовты айтып мақтануға болады. Сондай-ақ, Социалистік Еңбек Ері деген атаққа ие болып болған қазақ шахтерларын да жазбай кетуге болмас. Аллаhқа шүкірлер болсын, – дейді имам Қажыбай Мәндібаев. – Біз ғалымдар зор рухани мүмкіндікпен қанағат қылып айтамыз. Өткендегі дүние харакеті тасталып қойылған. Ислам дүниесі жаңарған қазақ милләті, біздің дәуірімізде ең ілгері техниканы жетік меңгерген. Бұл сөздерім Мұхаммед Пайғамбар с.ғ.с  дағуаттарына тура келеді. Мұхаммед Пайғамбарымыз с.ғ.с айтқан: «Әй мұсылмандар өздеріңіздің дүниеауи істеріңізді салақ етіп, бәрің сол уақыттың өзінде ахирет істерді hәм ертеңгі өлім келетіннін қоштарлық болатынын айтып барыңдар».

Қазіргі уақытта менің милләттәрімнің  арасында түрлі білімді жақсы кадрлар жұмыс жасайды. Әрбір қазақ екі-үштен діни, дүниеауи білімімен мағлұматты кісі бар. Біздің Қазақстан Әбу Ханифа мәзхабы бойынша амал жасайды. Ханафи мәзхабын қолданбалы қылып, шариғат мәселесін кеңінен тарқатып келеді. Қарағанды шаһарында екі мешіт бар. Олардың бірінде имам Қажыбай Мәндібаев хатибтық қылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с хадистерін қазақ тіліне аударып, мұқаддис ғалымдардың фатуаларына  жүгіне отырып, ахлақ және уағыз насихаттарын, садақат және жоғары әдеп мәселесінде сөз қозғап, рухани тәрбиелеуге күш салып келеді.

Қажыбай Мәндібаев бұдан бірнеше жыл ілгері бес парыздың бірі – қажылық сапарына шығып, мұсылманның соңғы міндетін өтеп келген еді. Әзірге Қажыбай Мәндібаев діндарлық, Ислам діні хақында, бүкіл дүние жүзі мұсылмандары арасындағы хәлді айтып, милләттеріне уағыздауда. Қажыбай Мәндібаев өз мешітінде мұсылмандарға Исламның құқықтық, әдеп турасындағы тағылымдарды жақсылап түсіндіреді. Айылбай Дашибеков хатибтық етеді. Айылбай хатиб барша діни қағидалар бойынша зор білімге ие. Мұсылмандардың діни басшылары сипаты ретінде өз мәсжидінде уағыз айтып, бес уақыт намаздың қасиеттері мен жұма, айт намаздарын уағыздап  халықты ауызбіршілікке шақырады. Хатибтың айтқан уағыздарын тыңдау үшін мешітке халық көптеп келеді.

Қазақстан дін ғұламалары, оның ішінде, Қарағанды шаһары Ислам тағылымдарын, иғтиқад, құқық мәселелерін заманның талабына сай жақсылап жүргізіп келеді. Сонымен бірге, адамдарға дін пәндерін оқытып, ораза кестелерін таратуда. «Біздің Ислам діні, әрбір мұсылманнан жоғары білімді талап ету, ахлақ әдебі және пәк қалыпта болуын талап етеді. Әрбір мұсылман дін тағылымдарын  жақсы білуші  болумен бірге, қазіргі заманауи білімдерді де меңгергені дұрыс. Һәм әрбір имам осы мәселелерде  харакет етуі керек», – дейді шейх Қажыбай Мәндібаев.

Махмұд ГИКЕЕВ,

Ташкент қаласының діни  назарат мүшесі, Қазақстандағы өкілетті хатшысы.

12 мамыр 1971 жыл.»

Осы мақаладан-ақ қажының дін ұстанған ғылыми ортадағы беделі қандай болғанын, өз сөйлеген сөзінен, ойынан білім-білігінің де деңгейін білуге болады...

Қажыбайдай қайраткердің еңбегі елі үшін ересен болғанымен, дәуірінде атағы аспандап, даңқы шыға қоймаған. Оған кеңестік діни атеистік құрсау кінәлі. Әмбе, әу бастан шариғат жолын ұстанып, одан ғылымға ден қойған ойшыл жанға атақ-даңқ деген не тәйірі – оқыған-тоқыған ілімінен қызық емес, әлбетте!

Бірақ, ел жаңарған елу жыл өткен соң неге аты аталмай, еңбегі ескерілмей қалады? Бүгінгі «Рухани жаңғыру» жариясынан ертеде – сонау ел егемен болған отыз жыл бұрын ұлтының жүрегіне қайыра оралған арыстармен бірге ол да аталып, ұлағаты жұртқа үлгі болуы керек еді ғой? Десек те, Қажыбай Мәндібайұлы оралған екен. Оны біз білмесек те, сол кезден-ақ елге етене, ұлтымен бір екен. Ол Ақыжан Машани арқылы Әл-Фарабидің фәлсафасы боп, ғылым қуған әр өреннің көкейінде, қаламында өшпес өмірін кешкені хақ.

Ал, суреті... Қажыбай қарияның суреті ел көзіне бұрыннан-ақ жылы ұшырайды. Қазір бәріміз Бұқар жырау Қалқаманұлы деп танып, көзімізді қанықтырған бейне – осы Қажыбай қарияның суреті! Кәдімгі кеңестік фотоаппаратпен түсіріліп, 1970-жылдары газет бетінде жария болған. Одан келіп, суреттің түпнұсқасы бәлкім, облыстық, бәлкім аудандық газет мұрағатында сақталып қалып, 1990-ыншы жылдары Бұқар бабамыздың бет-бейнесін пішіндеп, жұртқа ұсынар үлгі ретінде таңдалған ақсақалды қарияның бейнесі әлдебір суретшінің қолына түскен. Қарияның суреті ретуштеліп, дизайнер-мершеп сақал-мұртын «тәрбиелеп» бастырып, жүзіне жүгірген әжімін жасыра өңдеп, өзін қартайтып, пұшпақ бөркін құндыз бөрікке айналдыра жасартып, логотип-эмблемаға айналдырған. Бұқар жырау бабамыз деп жүргеніміз, кәдімгі Қажыбай Мәндібайұлы! Ол фотоның түпнұсқасы да қажының қызы, белгілі дәрігер ғалым Малина Қажыбайқызының үйінде сақтаулы, ал газет тігіндісін мұрағаттан, газет редакцияларынан табу қиын емес-ау. Бірақ, соңғы жылдары Бұқар жырау бабамыздың өткізілген мерейтойы, насихаты арқылы барша кітаптардың бетіне, жарнамалық баннер, логотип атаулы Қажыбай қарияның суреті Бұқарекең боп кеткен. Оны түзетуге пейілді ешкімді көрмедік.

Ал, Бұқар жырау Қалқаманұлының суреті кімге, қалай, неліктен негізделіп салынды? Ол – бізге жұмбақ, оны іздеп басын ауыртқан жанды да байқамадық. Негізі, түр-әлпетін кейінгі жұрт жыға танымайтын тұлғалардың кескін-келбеті бүгінгі ұрпағына қарап отырып, әдеби-тарихи мұраларда кездесіп қалатын суреттеме-баян арқылы жасалатын. Арнайы алқа шығып, ел адақтап, кескіндеме алып, талқыласып жататын. Мәселен, Абылай ханның бейнесін Шоқанға қарап отырып салған немесе өзге де батыр-билердің қазіргі танымал суреттері де сол жолмен салынған. Тіпті болмаса, антропологтар ғылым тәсілімен анықтауға қабілетті ғой. Ал, Бұқарекең Қажыбай боп шыға келген. Жеңілдің үстімен жүруге құштар халық Қажекеңнің өз бейнесін өзіне қайтаруға қашан кірісер екен?!

Осындай жайттардан кейін сірә, Қарағандыдағы вокзал алаңқайында сонау жылы қайқайып тұрған, кейін алынып тасталған жыраудың қалайы солдат тәріздес сәтсіз ескерткіші ілкіде айтқандай нақты сүйенер негіз болмаған соң, екіұшты жасалғаны содан болса керек. Одан кейін де қойылып, қазір көріп жүрген ескерткіштері де анау айтқандай сәтті туынды дей алмаймыз...

Ұлы адамдардың ғұмыры да, ой-ғаламы да қатардағы пенде үшін ежелден-ақ жұмбақ. Себебі, ұлылар жеке өзінің ғана емес, ұлтының тағдырын қоса арқалайды. Еңбегі де көзі тірісінде ескерілмегенімен, жылдар бойы ұлтымен бірге жасай береді. Оған тарих куә.  

Ақыжан Машани арқылы таныған Әл-Фараби бабамыздың сөзі боп, Бұқар бабамыздың бейнесі боп ел жүрегінен орын алған Қажыбай Мәндібайұлын «Қазақтың Қажыбайы» демеске әддің жоқ...

 

Серік САҒЫНТАЙ,

Жазушы.

Қарағанды шәрі.