Қоғам • 09 Қазан, 2020

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ: Жолдау қолдау тетіктерін жетілдіре ме?

453 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында шағын және орта бизнес саласын сауықтырудың жолдары кеңінен айтылған болатын. Ендігі жерде Президенттің кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты Үкіметке берген тапсырмасы аяқсыз қалмауы тиіс. Әсіресе бұл мәселенің өңірлерде қапысыз орындалуы абырой болар еді.

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ: Жолдау қолдау тетіктерін жетілдіре ме?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Президент өз Жолдауында «Өнер­кәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Со­ның салдарынан сансыз көп жоба­ға қаражатты ысырап етіп отырмыз. Әрине, өнеркәсіпке қолдау көр­­­се­тудің кең көлемді қамтитын ауқым­­ды шараларын сақтап қаламыз. Со­ны­­­мен бірге Үкімет стратегия­лық тұр­­ғыдан маңызды өндірістерді, не­гізгі экспорттық басымдықтарды ай­­қын­дап, қолдау шараларының аясын кеңейту керек...» деп атап өткен болатын. Демек, істің нәтижелі болуы өнеркәсіптің негізі тірегіне айналған аймақтардың жағдайына тікелей қатысты. Осы жерде Жолдау жүктеген міндеттен туындайтын шаралардың Алматы облысында қалай қолға алынып жатқаны жайында айтқан орынды.

Бұйырса, Президент Жолдауында нақтыланған бағыт бойынша Алматы облысындағы 1,5 мыңнан астам кәсіп­керлік субъектілері мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар арқы­лы қолдауға ие болмақ. Облыс осы мақ­сатқа шамамен 15,8 млрд теңге қаржы қарастырып отыр. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағ­дарламасы бойынша 9,1 млрд теңге, «Еңбек» бағдарламасы аясында, қала­ларға 279,5 млн теңге, ауылды жерлерге 6 млрд теңге бөлінген. Ал кәсіп иелеріне грант ретінде 1 млрд теңге жұмсау жоспарда тұр. Енді осы игіліктің шарапатын көретін өндіріс орындары аймақтың экономикасын өркендетуге үлес қосуы керек. Оның үстіне, бұған дейін Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шараларға сай облыстың 118 875 кәсіпкерлік нысаны салық жеңілдігіне ие болған.

Жалпы, облыстағы шағын және орта бизнес мемлекет тарапынан көр­сетілген қолдауға қарымта ретін­де өнді­рістік табысқа ұмтылуда. Мысал­ға, өткен жылы осы саланың өндір­ген өні­мі 1 млрд теңгеден астам соманы құ­ра­ды. Ал биылғы бірінші тоқ­сан­да­ғы өндіріс көлемі 260,7 млрд тең­геге жет­­кен. Яғни Алматы облы­сы­ның өнер­кәсіп орындарының өнім өнді­руі­не қатысты мәселе туындамайтыны анық.

Енді өңір экономикасының екінші арқа сүйеріне айналған ауыл шаруа­шылығы саласын қолдауға қатысты бірер сөз. Жолдауда Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев «Ауыл ша­руа­­шылығын дамытпай, бәсекеге қабі­летті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жат­қан өзекті мәселелер бар. Атап айт­қанда, жұрттың жерге қол жеткізе ал­мауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан не­сие­нің» болмауы, кәсіби маман­дар­дың тап­­шыл­ығы. Өнімділікті арт­­­ты­рып, ши­кі­зат өндірумен ғана шек­тел­меу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инф­­ра­құ­рылымын дамыту мақса­тын­да шұ­ғыл шаралар қабылдау керек» де­ген­­ді айта келе, агросаланың ады­мын ашып, таби­ғи өнімнің көзіне айна­ла­­тын ша­руа­­шылықтардың қанат қағуына жа­са­ла­тын жағдайдарды тізіп берген болатын.

Облыста өткен жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 44,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген екен. Оның ішінде 14 бюджеттік бағдарлама бойынша 43,2 млрд теңгенің субсидия­сы берілген. Биыл бұл бағытта 42,6 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Оның ішінде 39,1 млрд теңге өнімді субсидиялауға беріліп жатыр. Алайда өңірде нақты шараның шарапатын көрмей отырған шаруалар да бар.

– Үкімет асыл тұқымды мал басын көбейту үшін шаруалдарды ынталан­дырып, мал басына субсидия береді. Әрине, өте дұрыс әрі қажетті қолдау. Алайда, осы жерде істі жүзеге асыра­тын тетіктердің дұ­рыс жұмыс істе­меуі­нен шаруалар зар­дап шегіп отыр. Шаруаларды субсидия­лау да дер кезін­де жүргізілмей, біздің ұлттық ком­па­ния мен ауыл шаруашылығы бас­қар­­масының арасында сенделіп жүре­ті­німіз жасырын емес. Бұл жердегі кінә «ҚазАгро» ұлттық компания­сы­ның шаруаларға несие беру кезін­дегі ерек­ше­ліктерді ескермеуінен шығады. Яғни кеңселерде мал шаруа­шылы­ғы­ның жағдайынан бейхабар мамандар отыр. Ал компанияның қызметі мемле­кет қаржысын таратып, оны өсіммен жи­­нап алу емес қой? Әрі бұл жерде ша­руа қожалығы, жергілікті әкім­дік және ұлт­тық компания арасында жү­йелі байланыс жоқ. Кей аудандар­да ор­тақ дерек­қор да жасалмаған. Со­ның кесі­рінен бір ғана Алматы облысын­да қан­шама шар­уа зардап шегіп жүр­генін біл­емін. Мен өзім отызға жуық анық­та­ма жинап, құжат өткіздім, – дейді Пан­фи­­лов ауданындағы «Шүкейіт Ата» ша­руа қо­­жалығының басшысы Мұхтар Аханов.

Шаруаның айтып отырған мәселесі Президент Жолдауында айтылған міндетпен сәйкеседі. Қасым-Жомарт Тоқаев «Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс...» деген еді. Сол сияқты, ұзақ мерзімге берілетін пайызы төмен несиенің болмауы мен агроөнеркәсіп саласын дамытуға жаңаша көзқараспен қарайтын білікті мамандардың аздығы да отандық ауыл шаруашылығы саласын дамытуға кедергі болып отырғаны да Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ашық айтылған болатын.

 

Алматы облысы