Аймақтар • 09 Қазан, 2020

Ақтаудың 39 шағынауданында жаңа мешітінің іргетасы қаланды

415 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ғибадатхананың алғашқы кірпішін қалау салтанатына облыс әкімі Серікбай Трұмов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Олар естелік жазылған капсула салды. Ал аймақ басшысы игілікті бастамаға сәттілік тілеп, ел мүддесіне бағытталған осы сауапты істің басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтаудың 39 шағынауданында жаңа мешітінің іргетасы қаланды

"Бүгін, қасиетті жұма күні облыс орталығы Ақтау қаласында жаңадан Алла үйі бой көтеріп, іргетасы қаланып отыр. Жаңа "Ержан Хазірет" мешіті имандылықтың темірқазығына айналып, халқымыздың рухани құндылығын нығайтуға қызмет ететіндігіне сенемін", деді Серікбай Трұмов.

Жаңа мешіт дүйім жұртқа қадір-қасиетімен дараланған діни ағартушы ұстаз, ғұлама тұлға Ержан Төлегенұлының атымен аталмақ. Ержан Төлегенұлының аузы дуалы, сананы сілкінтер, ойды оятар, әр қадамы, әр сөзі, әр іс-қимылы өзіне тартып, есімі елге етене таныс, біртуар адам болған.

Оның есімі біздің елде ғана емес, Иран, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресейде де зор құрметпен аталды. Заман талабына сай салынатын мешіт 2 қабатты, биіктігі мұнарасымен қоса есептегенде 19260 метр. Бір уақытта 500 адам құлшылық ете алады. Аумағында төселетін қырлы тастар жайнамаз секілді болмақ. Одан бөлек, 300 көлікке арналған автотұрақ болады. Жаңа құлшылық үйінің құрылысы 2021 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.