Аймақтар • 09 Қазан, 2020

Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының кәсіподақтар өкілдерімен кездесті

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының кәсіподақтар өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының кәсіподақтар өкілдерімен кездесті

Облыстық кәсіподақтар орталығы төрайымы Динара Айтжанова өңір басшысы Әбілқайыр Сқақовқа орталық жанында жұмыс істейтін "Татуласу орталығын" таныстырды. 

"Биыл 287 еңбек дауын медиация жолымен шештік, өкінішке орай олардың 51-сін сот арқылы ғана шешу мүмкін болды", - дейді Динара Айтжанова. – Еңбек дауларын медиация арқылы қарастыру жұмыскерлердің күші, уақыты мен қаражатын үнемдеуге көмек береді: жұмыскер сотқа барып талап-арыз жазбай, мемлекеттік баж төлемей, бар мәселесін біздің заңгерлеріміздің көмегімен талқылай алады. 

Мәселен, биыл «Татуласу орталығында» жалақысы төленбеген «Қазақстан инжиниринг» ҰҚ» АҚ 44 жұмыскердің топтық өтінішін қарастырды. Жұмыс беруші бұл мәселені шешемін дейтін келісім рәсімдеді. Егер ол сөзінде тұрмаса, жұмыскерлер сотқа шағымданып, үш күн ішінде сот шешіміне ие бола алады. Сот шешімі бойынша жұмыс берушінің есеп-шотына арест салынады.

6882e98c-467a-436c-a01b-f16c6e20b20a.jpg

Динара Айтжанованың сөзіне қарағанда, «Татуласу орталығы» және жалпы облыстық кәсіподақтар орталығы облысымыздағы кәсіподақтық мүшелігіне қарамастан, барлық 399 мың жұмыскердің құқықтарын қорғауға әзір. Орталықтың басты қағидалары – әлеуметтік әріптестік пен еңбек дауларын шешуге атсалысу.

Сонымен бірге, кәсіподақ өкілдері жұмыскерлерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында арнайы электронды кеңес қызметін әзірлеумен айналысуда. Облыстық кәсіподақтар орталығының маманы Гүлзира Атабаева айтқандай, мұнда кәсіподақ жұмысына қатысты нормативті база, байланыс мәліметтері және тағы да басқа қажетті ақпарат орналастырылады. 

e5464b8f-3ad7-4e4a-96aa-856dfb26deef.jpg

Облыс әкімі аталған сервиске оң баға беріп, оны әрі қарай дамыту мақсатында бірнеше ақыл-кеңесін айтты. Айталық, Әбілқайыр Сқақов барлық құжат базасын барынша цифрландырып, көлемін қысқартуға кеңес берді. 

Кеш соңында өңір басшысы облыс кәсіподақтарының салалық, аумақтық филиалдарының басшыларымен жүздесіп, мерекемен құттықтады.

"Баршаңызға еңбек ұжымдарының атынан өте маңызды жұмыстарыңызға сәттілік, мықты денсаулық тілеймін", деп Әбілқайыр Сқақов кәсіподақтар өкілдерін төл мерекелерімен құттықтады. – Облысымыздың 130 мың жұмыскері кәсіптік одақтарға мүше. Бұл зор күш. Сіздер олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша үлкен міндетті абыроймен атқарып жүрсіздер. Біздің өңір тәжірибесі Қазақстанның барлық өңірлеріне көрсетуге әбден лайық.


Отырыс соңында облыс әкімі кәсіподақтар өкілдерінің мұң-мұқтаждарымен танысып шықты. 

693572aa-a537-4462-9050-85d8beb6e5dc.jpg

Айталық, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ төрайымы Гүлбарам Науразбаева өңіріміздегі педагогтарға көрсетіліп жатқан зор қолдауды атап отырып, сала қызметкерлеріне коммуналдық шығындарды өтеуге берілетін үстеме көлемінің мәселесін көтерді. Мәселен, Ақсу қаласында үстеме 27 мың теңге болса, Павлодар ауданында ол мақсатқа небары бес мың теңге беріледі. 

b640b8fe-6488-4f26-951e-8792497660d2.jpg

Әбілқайыр Сқақов білім беру саласында ауыл мен қала арасында дисбаланс бар екендігін мойындап, 5-7 жыл ішінде бұл айырмашылықты барынша қысқартуға күш салынатынын айтты.