Аймақтар • 11 Қазан, 2020

Лаңкестік әрекеттерден қорғалу жайы тексерілді

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші СҚО ПД облыстағы халық көп жиналатын нысандардың лаңкестік әрекеттерден қорғалуын тексерді. Өзі де «жауын жаумай су болып жүретін» полиция қазір көрші елдердегі түрлі террористік әрекеттерді алға тартып барлық нысандардың қауіпті жағдайларға дайын болуын қатты қадағалауда. Әрине, қорқып-үркіп, үнемі сақтанып өмір сүруге болмайды, бірақ бәрібір қатерлі әрекеттерге дайын болған жөн.

Лаңкестік әрекеттерден қорғалу жайы тексерілді

Тексерістер нәтижесі бойынша ұйымдар мен мекемелердің басшыларына жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Өйткені оларда қауіпсіздік режімінің қамтамасыз етілмегені анықталды. «Адамдар жаппай жиналатын орындарда тұрғындардың қауіпсіз жүруі және демалуы мақсатында объектілердің басшылары мен иелері террористік тұрғыда осал объектілерге қатысты көзделген барлық талаптарды орындауы тиіс. Меншік түріне қарамастан, олар персонал мен келушілер үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етулері қажет», - деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция капитаны Алмас Шитқанов.

Жыл басынан тәртіп сақшылары 150 нысанды тексерді. Тексеріс нәтижелері бойынша 52 ұйғарым шығарылды. 4 басшыға қатысты әкімшілік материал толтырылды. Бұларда бейне бақылау камереалары талапқа сай көлемде болмаған, сонымен бірге ондағы түсірілімдер ерте өшірілген. Олар кемінде бір ай сақталуы керек-ті. Сондай-ақ, кейбір қызметкерлер террористік қауіп төнген кезде әрекет ету тәртібін білмеген.

ПЕТРОПАВЛ