Туризм • 12 Қазан, 2020

Отандық туризм экологиялық және этнографиялық бағытта дамиды

1369 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде туристік сала жолға қойылып, дамудың даңғыл жолына түсе бастады. Оны жыл сайын елге келіп жатқан шетелдік саяхатшылар мен демалушылардың нақты статистикасынан аңғаруға болады. Мамандар биыл да Қазақстанның ішкі туризміне сұраныс артады деп болжаған еді. Алайда әлемді шарпыған коронавирус сала өкілдерінің жоспары мен болжамының күл-талқанын шығарды. Жуырда біз Kazakh Tourism АҚ Басқарма төрағасы Ержан ЕРКІНБАЕВПЕН тілдесіп, пандемияның туризм саласына тигізген кері әсері мен пайдалы тұсы жөнінде және тағы басқа да мәселелер бойынша сұрақтар қойған едік.

Отандық туризм экологиялық және  этнографиялық бағытта дамиды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Ержан мырза, коронавирус ін­детіне байланысты наурызда жария­лан­ған карантиндік шара кез келген са­лаға оңай соқпағаны белгілі. Соның ішінде туризм де бар. Айтыңызшы, осы карантин Қазақстанның ішкі ту­­ризміне қаншалықты әсер етті? Ел­­дегі карантин кезінде біздің турис­тік ай­мақтар ішкі сұранысты қан­ша­лық­ты қамтамасыз ете алды?

– Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) 2020 жылдың бірінші жар­тыжылдығында коронавирус пандемия­сына байланысты әлемдегі туристік ағын 65%-ға төмендегенін мәлімдеді. Бұл әлемдік туристік сектор 460 млрд АҚШ доллары көлемінде табысынан айы­рылды деген сөз. Ұйым туристік ағын әсіресе Азия мемлекеттеріне қатты әсер еткенін айтты.

Пандемия елімізге келмес бұрын, сарапшылар ішкі туризм қарқынды дамиды деген болжам келтірген. Расымен, осы жазғы маусымда қазақстан­дық­тардың отандық демалыс орындарына демалуға деген сұранысы жоғары бол­ғаны белгілі. Алайда жұқпалы дерт­тің таралуына байланысты шектеу ша­ралары қолданылғандықтан, ел аза­маттарының басым бөлігі өзін өзі оқ­шаулау ережелерін сақтады. Сол себепті сұраныс жоғары болғанмен, нарық­та оны қанағаттандыратын мүмкіндік бол­мады.

Статистика комитетінің деректері бойынша, 2020 жылдың бірінші жар­тыжылдығында қонақүйлер, туристік базалар, демалыс үйлері, пансионаттар және т.б. орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі тек 28 млрд теңгені құрады. Өткен жылмен салыс­тырғанда бұл көрсеткіш 1,8 есе аз. Коро­накризис негативті әсерінен бөлек, ішкі туризмге қосалқы мүмкіндіктерді де әкелуде. Туристік нарық өкілдерінің ай­­туы бойынша, алдымыздағы қысқы мау­сымда, әсіресе Бурабай, Шығыс Қа­зақ­стан мен Алматы тау кластерлеріне сұраныс артпақ.

– Пандемиядан кейін туризм қай бағытта өзгеріп, қалай дамиды деп болжайсыз? Сондай-ақ туризмнің қай саласына сұраныс артуы мүмкін?

– Індетпен байланысты жағдай әлемдік туристік нарықтың жұмысына елеулі өзгерістер енгізіп, дамудың жаңа ережелерін бекітуде. Ел аумағының кең­дігі, халық тығыздығының төмендігі, табиғи саябақтардың көптігі сияқты көрсеткіштерді негізге алатын болсақ, Қазақстан – көпшіліктен шалғай, оңаша саяхаттаудың таптырмас мекені екенін аңғарамыз. Сол себепті, экологиялық туризм, оның ішінде агротуризм, караванинг, табиғи аймақтарда белсенді демалу түрлері жоғары сұранысқа ие болатыны анық.

Табиғаттан бөлек, еліміз этнотуризм бойынша ұсыныстары да трендке айналады деген сенім бар. Ұлы дала – ежелден-ақ қайсар жиһанкездер ұмтыл­ған тылсым мекен. Көне тарихтың мәң­гі­лік мөріндей болған Қазақстанның оңтүстігі Ұлы Жібек жолы мен көш­пелілер өмірінің мән-жайы жайлы сыр шертеді. Асыл мұрамыз болған көш­пелілер мәдениетінің тұңғиығына үңілетін болсақ, бүгінгі таңда бар әлем бас қатырып отырған жауапсыз сауал­дардың шешімін табуымыз ғажап емес. Көшпелілердің дәстүрлі сәлемдесуінің өзі әлеуметтік қашықтықты сақтай оты­рып, ізет білдірудің керемет үлгісі. Осы­лайша отандық туризмнің пандемиядан кейінгі бағыты эко және этнографиялық туризмді дамыту арқылы жалғасын табады.

– Экотуризм демекші, жуырда Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі­нің жол­дауында «Ел ішін­дегі эколо­гиялық туризм мәдение­тін белсенді да­мыту – маңыз­ды мін­деті­міз», деген бо­латын. Осы бағытта қан­дай жұмыс­т­ар атқарылуда?

– Кейінгі жылдары әлемдік туризм картасында еліміз эко-дестинация ретінде жиі белгіленіп жүр. Қазақ­станның экотуризм бойынша рейтингтерде бой көрсетуі де соған дәлел. Мыса­лы, жыл басында британдық бэкпекерлер қоғамы белсенді эко-саяхатқа әуес туристер үшін 2020 жылы must visit (туристердің міндетті баруы керек мекен) тізімінде Қазақстанды үздік бестікке орналастырды. Беделді Gulf News баспасының мәліметі бойынша, Үлкен Алматы көлі БАӘ тұрғындары үшін «Үздік 5 дестинация» қатарына кіреді, ал ресейлік РИА ақпараттық агенттігі Қайыңды көлін әлемнің ең үздік таулы көлдері тізіміне еңгізген. Расымен, Ұлы дала жерінде 13 ұлттық саябақ, 10 қорық, 6 табиғи резерват, 50 қаумал, 5 қорықтық аймақ, 79 табиғи ескерткіш орналасқан. Елдегі ерекше қорғауға алынған табиғи аймақтардың жалпы ауданы республика жерінің 9%-ын алып жатыр. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұл жерге толықтай бірқатар Еуропа елдері сыйып кетеді.

Экотуризмді дамыту мақсатында бұл салада көшбасшы саналатын АҚШ моделін қолдану жоспарлануда. Мысалы, АҚШ-тағы ұлттық парктерде туристерге баруға арналған жалпы аумақтың 5% пайдалану тәжірибесі бар. Елдегі ұлттық парктерді цифрландыру бойынша да жұмыс жүргізілуде. Тұрақты байланыспен және интернет желісімен қамтамасыз ету бөлігінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырудамыз.

– Жалпы Қазақстанда туристер ең көп келетін ТОП-10 мекенді айта ала­сыз ба?

– Қазақстан Республикасының ту­­рис­­­тік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасында еліміздің туристік әлуеті жоғары саналатын ТОП-10 айма­ғы бе­кі­тілген. Олар: Алакөл және Бал­қаш көлдері, Щучье – Бурабай, Бая­науыл, Имантау – Шалқар курорттық ай­мақ­тары, Алматы өңірінің тау клас­тері, Нұр-Сұлтан қаласындағы МІСЕ ту­ризмі, Маңғыстаудың жағажай туриз­мі, Түркістанның тарихи-мәдени ту­риз­мі, «Байқоныр» туристік аймағы.

– Осы аймақтарға инвестиция тар­ту жағдайы қалай? Инвесторлар үшін жалпы Қазақстан қаншалықты қызықты?

– Алдымен, инвесторларды тарту үшін, оларға үкімет тарапынан қа­жетті инфрақұрылымды жағдайлар жасау маңыз­ды. Аталған салалық мем­лекет­тік бағдарлама бойынша турис­тік аймақтарды қажетті инженерлік, ком­муникациялық және көліктік инфра­құрылыммен қамтамасыз ету басты бағыт болып саналады. Бұл сала бойынша облыс әкімдіктерімен бірлесіп, үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен 2019 жылдан бастап 51,5 млрд теңгеге 44 жоба қаржыландырылды. Кейінгі жылдары жеке туристік аудандардың инфрақұрылымы, Бурабай курортты аймағын қоспағанда, мұндай басымдық деңгейінде қаржыландырылмаған.

Инфрақұрылымның сапалы болуы туристік объектілерді салу үшін инвестор­ларды тартуға мүмкіндік береді. Мысал ретінде Маңғыстау облысын 17,8 млрд теңгеге жол, су, газ және электрмен жаб­дықтау арқылы Орталық Азиядағы ең үлкен курорттық типтегі қонақүй кешені ашылғаны белгілі. Бұл жерде инвестиция көлемі – 60 млрд теңгені құрады. Бұл тек бастамасы. Кез келген инвес­тор туристік кешендерін салуға дайын учаскелерде әрекет жасауға қаты­са алады.

– Ал елімізге қай елдерден турис­тер көп келеді?

– Статистикалық мәліметтерге сай, елімізге келушілер саны жылдан жылға орта есеппен 7,5%-ға артып келеді. 2016 жылы елімізге 6,5 млн адам келсе, 2019 жылы 8,5 млн адам келгені белгілі. Бұл Статистика комитетінен келіп түскен ақпарат. Әлемдік тәжірибеге сәйкес келушілер санының басым бөлігін көрші елдер құрайды. 2019 жылы Қазақстанға Өзбекстаннан 3,5 млн, Ресейден 1,8 млн, Қырғызстаннан 1,4 млн адам келді. Ал ТМД-дан тыс елдер тізіміне келетін болсақ, ең жоғары ағым Түркия (121 мың), Германия (101 мың), Қытай (77 мың), Оңтүстік Корея (40 мың), АҚШ (32 мың), Үндістан (32 мың), Ұлыбритания (23 мың), Польша (16 мың), Франция (13 мың), Италия (12 мың) елдерінен байқалады. Орта есеппен бұл елдерден келетін туристер ағымы өткен жылмен салыстырғанда 10,7%-ға артты. Шетелдік туристерді ең көп қабылдайтын аймақтар бұл – Алматы, Алматы облысы, Нұр-Сұлтан және Бурабай курорты.

– Туризм әлем экономикасының негізгі қозғаушы күші саналады. Қазақ­­стан­дағы туризм саласы еліміз­дің ішкі жалпы өніміндегі үлесін қан­ша­лықты арттыруға мүмкіндік бар?

– Салалық бағдарламаның ең басты мақсаты – 2025 жылға қарай Қазақстан Республикасының ІЖӨ туризмнің кемінде 8% үлесін қамтамасыз ету. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін еліміздегі туристік ресурстарды дамыту қажет. Оның ішінде туристік дестинациялар мен объектілердің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету, туристік өнімдердің және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қо­лайлы туристік ахуал құру, ішкі және халықаралық нарықтарда елдің туристік әлеуетін ілгерілетудің тиімді жүйе­сін қалыптастыру маңызды. WTTC (Дүние­жүзілік туризм және саяхат кеңесі) есебі бойынша, қазіргі таңда туризм саласы Қазақстан Республикасының ІЖӨ-і 5,9%-ын құрап отыр.

– Деректерге сүйенсек, 10 миллион­­нан аса қазақстандық шетелде саяхаттап, демалғанды жөн көреді екен. Қазақстандықтар өз елімізде емес, неге шетелге қыдырғанды жөн көреді деп есептейсіз?

– Осы жерді кішкене нақтылау керек. Статистикаға сүйенетін болсақ, қазақстандықтар таза туризм бойынша, яғни шетелдік курорттық аймақтарға (Түркия, БАӘ, Египет) демалуға баратындар саны жалпы шетелге шыққан қазақстандықтардың небәрі 5%-ын құрайды екен. Көбісі көршілес елдерге іскерлік немесе жеке мақсатта, VFR туризм (тума-туыс, достарға бару) бо­йынша сапарға шығады. Сол себепті, 10 млн-ның барлығы шетелдердің жағажайларында барып демалады деп айта алмаймыз. Оған қоса, пандемия ішкі туризмге қызығушылықты арттыруда. Кейінгі айларда еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс сапарымен болып, жергілікті тұрғындармен көп сөйлестім. Байқағаным, көбісі өз аймағының туристік нысандарының жартысын да көрмеген. UNWTO халықаралық туризм тек 2-4 жыл ішінде өз қалпына келеді деп санайды. Ендігі кезде бұл ішкі туризмге үлкен мүмкіндіктер ашады.

– Қазақстандағы туризм саласын дамыту мақсатында сіздердің Kazakh Tourism компаниясы қандай істер атқаруда? Елімізге көптеп турист тарту мақсатында алда тағы қандай жобаларды жүзеге асырмақсыздар?

– Осы жылғы басты мәселесі – бүгінге дейін шешімін таппаған немесе назардан тыс қалған мәселелерді қарап, олардың шешіміне тиісті ұсыныстар қалыптастыру көзделіп отыр. Атап айтар болсақ, бұл сервистік сапа, шипажай-курорт демалысы, экологиялық, этнографиялық, балалар мен жасөс­пірімдер, аграрлық караванинг туризм және қолөнер мәселелері. Дәл қазіргі таңда бизнес өкілдері және салалық ассоциациялармен бірлесе бірқатар зерттеу жұмысы жүргізілуде. Жыл соңында жинақталаған ақпаратты жария­лап, нарыққа тиісті ұсыныстарымызды табыс етеміз.

Маркетинг бойынша да жұмыс жалғасуда, әсіресе цифрлы құралдарды қолдану арқылы. Өйткені еліміз көп елдер үшін әлі жабық болса да, ілгерілету жұмыстары тоқтамау қажет, әрдайым әлеуеті жоғары туристер назарында болуымыз керек. Одан бөлек, туризм саласындағы бизнесті ынталандыру үшін Үкіметке бірқатар жоба ұсынылған, оның ішінде: туристік объектілерді салу, реконструкциялау және жарақтандыру кезінде жеке кәсіпкерлік шығындарын инвестиция көлемінен 10% дейін өтеу және салықтық преференцияларды ұсыну, жол бойындағы сервис нысандарын салу шығындарының, тау шаңғысы техникасын сатып алу құнының және туроператорлар мен турагенттіктердің туристік санаттағы көлік құралдарын сатып алу шығындарының 25%-ын өтеу. Сонымен қатар әуекомпанияларға балаларға ішкі рейстерде ұшу 100% ақысын төлеу сынды іс-шаралар жүзеге асыру жос­парлануда. Осы жүйелі шараларды жүзеге асыру нәтижесінде жоспарланған көрсеткіштерге қол жет­кізетінімізге сенімдіміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»