Оқиға • 12 Қазан, 2020

«Oceanman» жарысын қабылдайды

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда тұңғыш рет әлемдік деңгейдегі «Oceanman Almaty-Kapchagay – 2021» спорттық шарасы өтеді.

«Oceanman» жарысын қабылдайды

Жарыстың ұйымдастырыл­ғанына көп уақыт өте қой­маса да, жыл өткен сайын қатысу­шы­лардың саны да, қызықты әрі тартысты доданы өз елдерінде өт­кізгісі келетіндерің қатары артып келеді. Міне, осындай байрақты бәсекені келесі жылы өткізу бақыты Қазақстанға да бұйырды.

2015 жылы негізі қаланған Oceanman жарысы бүгінге дейін Италия, Малайзия, Мексика, Түркия, Ресей, Грекия, Франция, Украина, Швейцария, Таиланд, Кипр және Колумбияның ең әдемі су айдындарында ұйым­дас­тырылды. Келесі жылы бұл елдердің қатарына Қазақстан да қосылады.

Елімізде алғаш рет өткізілгелі отырған бәсекеге қатысушылар 4 қашықтық бойынша бақ сынайды. 31 тамызда балаларға арналған 800 метр жүзу және 1,5 шақырым спринт жарысы жос­парланса, 1 қыркүйекте ересектер 5 шақырым (Half Oceanman) және 10 шақырым (Oceanman) қашықтықта сайысады.

Мега-ивентті ішкі және ше­телдік аудиторияға таныту мақ­сатында Oceanman Қазақстан ұйым­дастырушылары Kazakh Tourism ұлттық компаниясымен келісімге қол қойды.

«Мұндай іс-шара тек спорт­тық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар туристердің назарын аударатын шара ретінде де тартымды. Жеке немесе көрермен ретінде қатысу мүмкіндігінен басқа, туристер бүкіл Алматы об­лысының туристік нысандарында көре алады», деді Kazakh Tourism Басқарушы директоры Т. Аманбаев.

«2019 жылы алғаш рет Ис­паниядағы Oceanman-ға қа­тысып, 10 шақырымдық жарыс мені шабыттандырғаны сон­шалық – мұндай шара біздің елде де өтуі тиіс деп ойладым», деді Oceanman Kazakhstan франшизасының иесі Ералы Уралов. «Қапшағай суы – жүзу үшін өте ыңғайлы (еуропалық старттармен салыстырғанда, ешқандай жануарлар кедергі етпейді) және бұл жерде Қа­зақстанның басқа өңірлеріне қарағанда ауа райы да қолайлы. Қапшағай маңында логистика өте ыңғайлы. Ең маңыздысы – Алматы халықаралық әуе­жайы жақын орналасқан, се­бебі жүзуге қазақстандықтар ғана емес, сонымен қатар Мәс­кеу, Бангкок, Дели, Бейжің, Шан­хай қалаларынан келетін қатысушылар бар», деді Ералы Уралов.

Oceanman – бұл жыл са­йын чемпионатқа біріктірілген әлем­нің әртүрлі нүктелеріндегі бірнеше жарыс. Қатысушы бір немесе бірнеше жүзуді таңдай алады. Әр маусымның соңында чемпионаттың финалы өтеді. Біліктілік жүйесіне сәйкес әрбір OCEANMAN және HALF OCEANMAN-нан алғашқы 10 әйел мен 10 ер адам автоматты түрде Oceanman Worldwide Championship финалына өтеді.