БҰҰ құрылымдарына қосылған жастар тұрақты даму саласында өз біліктіліктерін арттырып, білімдерін шыңдай түседі. Оған қоса өз тәжірибесімен бөлісіп, волонтерліктің дамуына үлес қоса алады. Жастардың барлық шығыны мемлекет тарапынан өтеледі.
БҰҰ Волонтерлердің Еуропа және Орталық Азиядағы аймақтық менеджері Дмитрий Фришин жастардың әлемдік алаңда тәжірибе алмасуына Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдау білдіргенін мәлімдеді. «Қазақстандық жастар БҰҰ құрылымдарында жұмысын бастады. Талантты өрендер тұрақты даму жолында инновациялық идеяларымен бөлісіп, төтенше жағдайларды шешу сияқты міндеттер атқарады. Конкурс негізінде іріктеліп алынған волонтерлер өз елдерінің тәжірибесін халықаралық аренаға жеткізумен қоса, Қазақстан мен басқа елдер арасында байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге әлемде бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз ету мақсатында халықаралық волонтерлікті қолдаумен айналысады», дейді маман.
Конкурс талаптары бойынша БҰҰ волонтерлер қатарына 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар таңдалды. Бұған дейін волонтерлікпен айналысқан, өзге елдің мәдениеті мен тілін сыйлайтын, халықаралық қатынас, даму саласында білімі бар, БҰҰ жүйесімен таныс жастарға басымдық берілді.
Халықаралық ұйымға тәжірибе жинауға кеткен Меруерт Сыздықбекова бүгінде БҰҰ-ның «БҰҰ Әйелдер» аймақтық офисінің қоршаған орта және климаттың өзгеруі бойынша маманы болып қызмет атқарады. «Мен БҰҰ-ның волонтері болу тұлғалық дамуым үшін де, кәсіби тұрғыда дамуым үшін де пайдалы деп білемін. Мол тәжірибе жинап, өз саламда пайдалы байланыс орнатуға мүмкіндік туып тұр. Оған қоса бұл – шетелдіктерден олардың мәдениеті туралы танымымды кеңейтіп, әлем елдерін аралауға қолайлы сәт. Университет қабырғасында студенттермен «БҰҰ Моделін» ұйымдастырып, оқу орнында БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысын қайталағандай болатынбыз. Сол кезде келешекте шынымен БҰҰ сынды маңызды халықаралық ұйымның мүшесі болатыным ойыма келмейтін де. Бұл бағдарлама аясында тұрақты даму саласындағы озық тәжірибелерді үйреніп, туған еліме, барлық әлемге пайдалы болатын еңбек сіңіремін деген сенімім бар», дейді.
БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров жастар бұл саладағы тәжірибелі мамандардан үйреніп, елдегі волонтерлікті дамытуға үлкен үлес қосады деген сенімін жеткізді. «Негізінен, Қазақстандағы волонтерліктің тамыры тереңде. Қазақстан БҰҰ-мен бірлесіп бейбітшілік пен мейірімді дәріптеуге күш салып келеді. 2019 жылы Қазақстан Үкіметінің БҰҰ Волонтерлер бағдарламасымен келісімшарт жасауы бұған жақсы дәлел. Бұл бастама нәтижесінде 7 қазақстандық халықаралық волонтерлікпен айналысып, әлемдік тәжірибені елге алып келу мүмкіндігіне ие болып отыр», деді Қ.Омаров.
Замандастарынан оқ бойы озып шығып, халықаралық волонтерлікке Қазақстан атынан үлес қосатындарға тоқталсақ. Иордания астанасы Амманға аттанған отандасымыз Айнұр Канафина Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымында саясат мәселелері бойынша кеңесші болып қызмет етеді. Бангкокқа кеткен Фариза Мұқанова Халықаралық миграция ұйымының Еңбек миграциясын қолдау бөлімінде қызмет атқарады. Меруерт Сыздықбекова – «БҰҰ Әйелдер» қорында қоршаған орта мен климаттың өзгеруі бойынша маман. Ол қазір Түркияның Ыстанбұл қаласында тұрады. ЮНИСЕФ ұйымына екі бірдей отандасымыз аттанды. Ұйымның Найробидегі (Кения) бөлімінде жұмысқа кіріскен Гүлмира Түсіпбекова мектепке дейінгі білім беру бөлімінде біліктілігін шыңдайды. Ал Дильшат Жүсіпова ЮНИСЕФ-тің Бангкоктағы бөлімшесіне коммуникация маманы болып жұмысқа тұрды. БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасы да екі қазақстандықпен толықты. Дина Ақылбекова мен Диана Дүйсембаева Ыстанбұлда серіктестікті қолдау бойынша тәжірибеден өтпек. Алдағы уақытта халықаралық ұйымдарда білімін сынап, тәжірибеден өтіп жатқан отандастарымызбен сұхбат ұсыну ойымызда бар.