Ал орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерде жалпы 38 қазандық болса, бүгінде оның 32-сі қысқы маусымға толық дайын. Ал қалған 6 қазандықтың күрделі жөндеу жұмыстары 15 қазанда аяқталады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әбілхан Әбдіқадыровтың айтуынша, өңірдегі 1 475 көпқабатты тұрғын үй жылу беру маусымына дайын. Яғни облыстағы бюджеттік мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлер қысқы жылу беру маусымына сақадай сай. Сонымен қатар тұрғындарға қажетті қатты отыннан да тапшылық жоқ. Қазір облыс аумағындағы темір жол тұйықтарында Шұбаркөл көмірінің 1 тоннасы орта есеппен 14 мың теңгеден босатылуда. Басқарма өкілі берген мәліметке сүйенсек, өңірдің жалпы қатты отынға деген сұранысы 1 млн тоннадан асып жығылады. Бүгінге дейін сол сұраныстың 60 пайызы тасымалданған. Оның 167 мың тоннасы бюджеттік мекемелерге жеткізілген. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі 732,2 мың тонна болса, тасымалданғаны – 415 мың тонна. Яғни 56,6 пайызды құрап отыр. Темір жол қоймаларында 1 тонна көмір 11 500 ден 16 500 теңге аралығында сатылуда. Ал мазут отыны бойынша қажеттілік көлемі – 9,6 мың тонна. Бүгінде 15 қазаннан бастап тасымалдау жөнінде мекемелермен тиісті келісімшарт жасалған.
«Жалпы, облыс бойынша 1 475 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 586-сы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Барлық үйлер 100 пайыз қысқы маусымға дайын. Облыстың жылу беру дайындығына апта сайын және тұрғындарды көмір отынымен қамтамасыз ету бойынша күн сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде», дейді Әбілхан Әскерұлы.
Қысқы маусымда қауіпсіздік шараларын сақтау да маңызды. Бұл орайда Шардара ауданы өрт сөндіру бекетінің мамандары мен белсенді жастар аудан тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Басты мақсат – қатты және сұйық отындарды пайдалану кезінде улану факторларын болдырмау. Аудан халқының 90 пайызы қыста қатты отынды пайдаланады. Сол себепті қатты отыннан улану жағдайы туындауы мүмкін. Шардара ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Сартпаевтың айтуынша, былтырғы жылыту маусымы кезеңінде ауданда көмірқышқыл газынан улану фактісі тіркелмеген. Осы тұрақтылықты сақтап қалу үшін сала мамандары күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
Ал Кентау қаласындағы қазандықта қысқа дайындық жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Қалған жұмыстар 20 қазанға дейін толығымен аяқталады. Осы шаруаларды атқару үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген. Қаланың қысқы маусымға дайындық мәселелері облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауында. Тұрғындарды жылумен қамтитын «Кентау сервис» мекемесіне 14 534 абонент қосылған. Бүгінгі таңда мекемеде 62 тонна сұйық отын әзірленген болса, 27 мың тоннаға жуық қатты отын Кентауға келісімшарт негізінде Екібастұздан жеткізіледі.
Түркістан облысы