Екатеринбургте сәтсіздіктен соң қазақстандық команданың бапкерлері құрамаға біраз өзгеріс енгізген еді. Алайда одан еш нәтиже шықпады. Бәсеке басталған бетте ойын тізгінін қолға алған «Северсталь» хоккейшілері кездесудің 27 секундында шайба соғып кетті. Гол авторы – Игорь Гераськин. Арада екі жарым минут өткенде қонақ команда сапынан Адам Лишка мергендігімен көзге түсті. Екі голдан кейін «Северсталь» ойыншыларының қарқыны бәсеңдегендей болып еді. Бірақ 11-минутқа келгенде таблодағы көрсеткіш 3:0-ге жетті. Лишка дубль авторы атанды.
«Барыс» хоккейшілерді екінші кезеңнің орта тұсына келгенде ғана шайба соғуға мүмкіндік алды. Алғаш 30-минутта Егор Петухов есеп айырмасын қысқартса, 31-минутта Кертис Волк қарсыластың қақпасын дәл көздеп, есепті 3:2-ге жеткізген-ді. Өкінішке қарай, қалған уақытта жерлестеріміз жеңісті жұлып алу былай тұрсын, тең нәтижеге қол жеткізе алмады. «Барыс» келесі кездесуін бүгін Уфада жергілікті «Салават Юлаев» клубымен өткізеді.