Таным • 13 Қазан, 2020

Үш тоты – үш тағдыр

1345 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде елге танымал екі Сәду болған. Біріншісін, құлағы ауыр еститіндіктен, «саңырау Сәду» деп атап кеткен. Қу жауырынға қарап ауа райын болжайтын сәуегейлігі айна-қатесіз келетінін үлкендер жыр қылып айтып отыратын. Екіншісінің лақап аты – «шұбар Сәду». Сірә, бетіндегі шешектен қалған қорасан дағына байланысты қойылса керек. Ол еті тірлігінің, пысықтығының арқасында саудагерлікпен, қазіргі тілмен айтқанда, бизнеспен айналысып, жілік майын шағып ішкен.

Үш тоты – үш тағдыр

Оның бір қауым елді аштықтан қалай құтқарып қалғаны жайлы талай адамдардан естігеніміз бар. Үркіншілік жылдары қудалауға ұшыраған жиырмаға жуық отбасы Ресей жаққа еріксіз көшіп, Түмен маңына жүдеп-жадап жеткен. Елден алып шыққан азық-түлік таусылып, нәр татпаған ба­лалардың қарындары ашып, жылай бастаған. Содан жолбас­таушы Сәду бір әжетке жарап қалар-ау деген оймен тірнектеп жинаған мол қазынасын, алтын-күміс, бағалы заттарын нан мен картопқа айырбастап, қашан ор­нығып кеткенше ешнәрседен та­рықтырмаған.

Айта берсе, ақсақалдың танымайтын жандарға да жасаған жақсылығы, қайырымдылық ша­рапаты аз емес. Ал әкеден жас­­тайынан айрылып, сыртта тен­тіреп жүрген шиеттей жиендеріне деген нағашылық қамқорлығы – өз алдына бір әңгіме. Біз әулет арасында ақылы мен көркіне сай «үш тоты» атанған апалы-сіңлілілер туралы әңгімелемекпіз. Олар – Сәду ақсақалдың туған қарындасы Ақкүмістің қыздары.

 

 Сара

Былтыр 82 жасында дүние­ден өткен Сара апайдың ақ қағаз­дай әдемі жүзін әжім торлады демесең «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейдінің» тура өзі еді. Сөзі нық, қимылы ширақ. Тілінің майын тамызып, не­бір құпия қалтарыстарға толы әңгімені термелей жөнелгенде терең тарихтың кемел қойнауына кіргендей тыңдай бергің келеді. «Қайдағы-жайдағыны» түп тамырымен қопарып, кескен теректей сұлатып салатын жадының мықтылығы таңғалдыратын. Әке­сі Кәкім сөз байласқан анасын алып қашып, сонау Алтай өл­ке­сіне бір-ақ табан тіреген. Оның сы­ры мынада. Абырой-беделі зор, ауыл-аймаққа ықпалды нағашысы бетінен қақпай, еркелетіп өсірген қарындасын әйелі өлген, екі баласы бар «жалаңаяққа» ұзатуға намыстанып, рұқсатын бермей қойған. Содан екеуі қол ұстасып, көз көрмес алысқа кете барған. Аяқ-қолы балғадай Кәкім кенеттен қайтыс болып, асқар тау панасынан, сүйенішінен айрылған отбасы барар жері, басар тауы жоқ болжаусыз күй кешкен. Жат жерде аңырап қалған жесір келіншектің жатса да, тұрса да есіл-дерті – 7 ба­ланы қанаттыға қақтырмай, тұм­сықтыға шоқыттырмай өсіру, туған жерге жету. Кәкімнің ал­ғашқы әйелі Сәруәрдан қалған екі баланы өз кіндігінен өрбіген 5 ұл-қыздан кем көрмеген. Бір-бірінен бөлектемеген. Жылы-жұм­сағын алдымен солардың аузына тосқан. Үйдің ең үлкені Сара бар-болғаны 11-де ғана. Ақкүміс айы-күні жетіп отырғанына қа­рамастан таң атқаннан ымырт үйірілгенге дейін «Зингер» ті­гін машинасымен іс тігуден шар­ша­майтын. Оның шебер қо­лы­­нан шыққан киім-кешектер пен қолөнер бұйымдарын Сара мен әлі бұғанасы қата қой­ма­­ған Күлзипа екеуі базарға апа­рып, сататын, азық-түлікке айырбастайтын. Сосын пойызбен Барнаулға барып, кездеме материалдар алып келетін. Кешкі тамақтан кейін бәрі жабылып шәлі, шұлық, шілтер тоқуға отыратын. 1950 жылы Сәду арнайы іздеп келмегенде шықпа жаным шықпамен отырған күрмеуі қиын күйкі тірліктің ақыры қандай соқтықпалы, соқпалы сүрлеуге апа­рып соқтырары белгісіз еді. Анасы ағасын құшақтап, ағыл-тегіл жылаған. Көпке дейін со­лы­ғын, мауқын баса алмаған. Діні қаттылау нағашысы да «қа­те­лік менен, кешіріңдер» деп кем­сеңдей берген. Содан біржола Пет­ропавлға көшіріп алған. Бас­пана әперіп, алдарына мал салып берген.

Сара тәтенің жолдасы Аман­жол да жетімдіктің зарын көп тартқан. Оның анасы сұлу, тәкап­пар, өткір болған. Мені кім қуып жетсе, соған тиемін деген ғой бір жиында дүйім жұрттың көзінше. Аманжол 1,5 жасқа келгенде ана­сы көз жұмған. 6-ға толғанда әкесі Әбікей «халық жауы» ре­тінде тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Жарықтықтың «жал­ғыз құлынымды балалар үйіне бере көрмеңдер!» деген зарлы үні алты қырдың астына дейін естіліп тұрған деседі. Қу жетімек әркімнің босағасында телміріп, жастайынан еңбекке жегілген. Бар тауысқаны шопырлық курс қана. Ғұмыр бойы жүргізушілік қызмет атқарса да, шалбарының қыры сынбаған, ақ көйлегінің жағасы кірлемеген. Қызылжарда ең алғаш «Зенит» фотоаппаратын сатып алған да осы кісі. Бертінге дейін сурет түсіруден қол үзбеген.

1958 жылы немере апам, кейін Социалистік Еңбек Ері атанған Байсарина Сәруар тұрмысқа шы­ғу тойына шақырып, барсам, әс­кери формада киінген ағаң сым­ша тартылып, сыптай болып жүр екен. Қашан той біткенше ма­ған сүзіле қарап, көзін алмады. Әбден зығырданым қайна­ды. Үзіліс кезінде жанына жетіп бардым да, мені аласың ба, қазір-ақ тиемін деп, бетіне бажырая қарап едім, бірден келісе кеткені. Қапелімде тосылып қалсам да, Алла тағала аузыма салған шы­ғар деп, етегінен ұстадым. «Шәй» ­дескен жоқпыз. Тек орны ойсырап тұрғаны болмаса, – деген еді апай соңғы сұхбатының бірінде жанарына мұң ұялап.

 

Мара

Әпкесі мен сіңлісіне қарағанда Мара бірбеткей, өжет. Бет-жүзге қарамай айтып салатын тік міне­зін ол кездері қазақтың қыз-ке­лін­шектері бара бермейтін әс­кери мамандық қалыптастырған тә­різді. Оның бұл салаға келуі кездейсоқ. 1961 жылы Петропавл педагогика училищесін баста­уыш сынып мұғалімі маман­ды­ғы бойынша бітірген оған жол­да­маны облыстық қазақ мектеп-интернатына береді. Ана тіліне мүлдем шорқақ қаланың қызы қандай ортаға түскенін білген соң көз жасын көлдетіп, мектеп-интернаттың директоры Жасұлан Нұрпейісовке келеді. «Мені кері қайтарыңыз» деп жы­лап отырып алады. Ақылды басшы «әке-көкелеп», алдап-сулап, пионер вожатыйы болуға көндіреді. Содан жеті жылдай еңбек етіп, ана тілін жетік мең­геріп алады. Тапсырылған іске тиянақтылығын, алға қойған мақ­саткерлігін байқаған балалар колониясы мекемесінің басшылығы оған әскери қызмет саласына ауысуды ұсынып, келіседі. Жо­ғары оқу орнын сырттай тә­мам­дап, білімін толықтырады. Лей­тенант шені беріліп, қызметі жоғарылайды. Көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, өзі де белді мүшесі болады. Әуелете ән шыр­қап, өнерпаздық қырымен танылады. Зейнетке майор шенімен шық­қанша әскери өмірдің тәрті­біне көндігіп, қыр-сырына әбден төселеді.

– Жоқтық қой, мектепке бір аяқ киімді кезектесіп киетінбіз. Ойын баласы емеспіз пе, кейде үйге кеш оралып, сілеміз қатып келетін. Анамыз сабырлы, шыдамды еді. Келешектерің алда, заман әлі-ақ түзеледі деп қайрап отыратын. Еңселері түспесін дей ме екен? Күйректікке салынып, налығанын көрген жоқпын, – деген Мара апай тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ширек ға­сырға жуық сауда-саттыққа қа­лай араласқанын да айтып өтті. Нағашы жұрттан жұққан қасиеті болар, Қытай, Түркия, Ресей ел­дерін армансыз шарлапты. Ал­ғашқы сапарын Читада бастап, екінші рет жолы түскенде жамбасын сындырып алып, үш ай төсекке таңылуына тура келіпті. Сонда да үйреніп қалған кәсібін жалғастырып, нәсібін де, пайдасын да көрген. Коммуналдық базардан сауда нүктесін ашқан. Інісі Әлтай, ұлы Құрмет тон, ішік тігудің хас шеберлері. Тәтей­дің бір ермегі – кітап жинау.Үйдің тұтас қабырғаларында орналасқан сөрелерде әлемдік, отандық классик ақын-жазу­шылардың шығармалары толып тұр. Олардың арасынан Т.Драй­зердің, О.Бальзактың, Н. Куп­риннің, Л.Толстойдың М.Шо­­лоховтың, тағы басқа сөз зер­­герлерінің еңбектерін кездес­тіруге болады. А.Дюманың 14 том­дығын Ленинск ауылында әр жерде шашылып жатқан жерінен жинастырып алып­ты. Г.Серебрякованың шы­ғар­маларын майшаммен ізде­гендей әзер тауыпты. В.Ленин­нің 35 томдығы, Қазақ кеңес энци­к­лопедиясының 12 томдығы мұрты бұзылмаған күйі тұр. Олжас Сү­лей­меновтің «Аз и Я»-сын бі­реуге атан өгіздің құнын беріп, аттай қалап алыпты. «Үлкен кеңес энциклопедиясы» жинақтарын «Знание» дүкеніне өткізіп жібер­геніне әлі күнге дейін іші удай ашиды. Несиесін өтеу үшін тап­сыруға мәжбүр болыпты.

16 құрсақ көтерген нағашы әже­сі Жәмиланың бір әңгімесі оның есінде қалыпты. Нағашы атасы Усовский селолық сове­тін­де ауылнайдың хатшысы болып жүргенде ебін тауып, ауылдастарын ұжымшарға кіргізген, жұмысқа орналастырып, еңбек­күн алуға жәрдемдескен. «Труд» ұжым­шарының басқарма мүше­сі ре­тінде де көп қарайласқан. Елге келгенде қызғаныштың қызыл иті ішін тырнаған бәзбіреулер соңына шам алып түсіп, еңбек армиясына жіберткізген. Біраз жыл ауылшаруашылық жабдықтау саласында қызмет еткен. Қайда жүрсе де, абыройға бөленген. Разъезде тұрып, төрт түлік мал өсіріп, бие байлап, қымыз ашыту ісімен айналысқан. 1960 жылы облыс орталығынан бір татар көпесінің атшаптырым ауласы бар зәулім үйін сатып алып, асхана, қонақ бөлмелері, монша, атқорасы бар керуен сарайға айналдырған.

– Әскери қызметте жүргенде жергілікті ұлт кадрларына деген астамшылық көзқарас ашық ай­тылмаса да, қас-қабақтан бай­қалып қалатын. Сондай алалау­шылықты сезінгенде қаным қай­нап, басыма шабатын. Бастапқыда іштен тынып жүрдім. Сосын он­дай әрекеттерге тойтарыс беру­дің бірден-бір амалы сөз талас­тыру, салғыласу емес, білім, са­быр­лылық деп түсініп, қай жа­ғы­нан болсын өзімді олардан биік тұруға ұмтылдым. Арың та­за, жаның қылаудай кіршіксіз бол­са,ешкімнен тайсалмайсың, тік қа­райсың. Менен кейін қызметке алын­ғандар зейнетке подполков­ник, полковник шенінде шығып жатқанда әділетсіздікке қарадай күйіп кететінмін. Тау қопарғандай, алмас қылыштай жарқылдаған жас­тықтың асау аттай жалына қол апартпайтын кезеңінде шындық үшін шырылдап, талайларға ара­ша түсіп, осы қылығыммен жақ­пағаным рас. Құрбыларым бастықтарға иілмейсің, адамның көңіліне қарамайсың деп сөгетін. Бұл – қайта жуасыған түрім ғой. Шүкіршілік, ең бастысы, заманымыз түзу,еліміз аман,–деді қоштасар сәтте 79-дың төріне көтерілген кейуана. Күлген кезде әдемі жүзі тіпті нұрланып кетеді.

 

Мәриям

75-ке аяқ басқан Мәриям апай­дың бір арманы – сүйегі жат жер­де қалған әкесінің бейітінің ба­сына туған жерден бір уыс то­пырақ апарып, басына белгі қою. Ана бір жылдары әулетімен жиналып, бармаққа ниеттенген, аяқасты ауырып қалғандықтан, жолы түспепті. Мұсылмандар қо­рымының қай маңайда екенін осы кісі ғана жақсы біледі.

Бұл әулет те шетінен өнерлі. Апайдың қыздары Сәпия, Әлия, немересі Сабина әнші. АҚШ-та оқып келген немересі Әдемі домбыраның құлағында ойнайды. Ал Қайрош отағасы кезінде көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі ретінде домбыраға қо­сылып, қоңыр даусымен ән­деткенде тыңдаушыларын сүттей ұйытып тастайтын. Кей-кей кезде, оның өзінде жиын-тойларда көпшілік қолқалап болмағанда «әу» деп қоятыны бар еді, намазға жығылғалы сирексітті. Оның үс­тіне жасы да келіп, ыңғайсыз сезінеді. Ыңқыл-сыңқылы да кө­бейіп барады. Жастар шариғат ілімдерін көбірек білсе, ислам дініне бой ұрса деген игі тілек­шілердің бірі.

Қайрекеңнің үйленіп, үй бол­ғаны – өз алдына бір тарих, шытырман оқиғаға толы дер­сің. Шаңырақтың үлкені бол­ғандықтан, еркіндеу өсті. Әкесі Мұхтар –үлкен қызметкер, ұжымшардың төрағасы. Сәдудің сауда-саттығы алшысынан түс­кен кезі. Көршілес ауылдар­да тұрғандықтан, аралас-құра­лас­тары жақсы. Туыстардай жарасып кеткен. Шіркін, мың жылдық құда болсақ деген ішкі армандарын да жасырмайтын. Тағдырдың мына жазуын қарашы, төрағаның көзі жидек теруге бара жатқан бір топ қыздың ішінен ең әдемі бойжеткенді шалып қалып, ананы байқасаңшы дегендей жанындағы ұлына қарайды. Сол-ақ екен, Қай­рош үш аяқты мотокцикліне от алдырып, орманға қарай зулай жөнеледі.

Апайдың айтқанынан: Жа­сым 15-те, ұмытпасам 9-сы­нып­­қа көшкен кезім. Жидек те­руге кіріскенім сол еді, бір гү­ріл естілді. Қарасам, мотоцикл тура маған қарай құйғытып ке­леді. Шелекті тастай қашып, бір бұтаның түбін қалқаладым. Сөйтсем, көшеден өтіп бара жат­қанда әкесімен тұрған бозбала екен. Сырттай білетініміз болмаса сөйлесіп көрген емеспіз. Аузы-аузына жұқпай бастырма­латып барады. Не істерімді біл­мей нарттай қызарып мен тұр­мын. Құрбыларымнан ұялып барамын. Былай қарасам, жаман балаға ұқсамайды. Инабатты, кі­шіпе­йіл. Түр-түсі келісті. Ше­легімді лезде жидекке толтырып берді. Соған қарағанда, ша­­руақор сияқты. 10-сыныпты бітіріп, есепшілік жұ­мыс ат­қарып жүр екен. Әке-ше­шесінің не­мере сүйгісі келетінін сыпа­йылап жеткізіп, бұрыннан бі­летін жанша мақтауымды әбден ке­­ліс­тірді. Кейін білгенімдей бұ­рын­­нан ұна­тып жүреді екен.

Со­дан басымның қалай айналып қал­ғанын білмеймін, сол күні үшаяқты көлігімен алып қашты.

Ертеңіне қыз жағы кәмелетке толмаған мектеп оқушысын алып қашты деген айғай көтеріп, істің аяғы насырға шабады. Әсіресе Мәриямның жездесі Аманжол­дың екпіні тау құлатқандай, «ол пәлені соттатпай тынбаймын, түбіне жетемін» деген сө­зінен жұртшылық шошынып қал­ған. Оған басқа жоқтаушылар қо­сылып, қос ауыл жауығып шыға келген. Облыс орталығына жо­лау­шылап кеткен Сәду ақсақал ­да жағдайдан құлақтанып, үлкен ұлы Сапан арқылы жиен немерем­нің бағын байламаңдар, ақ батам­ды бердім деген үшбу сәлемінен ке­йін у-шу пышақ кескендей ты­йылған.

– Нағашымыз бес уақыт намазын қаза қылмаған тақуа болды. Қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын қатаң ұстады. Жібек деген келінінің кішіпейлдігін, кү­міс көмей әншілігін өзгелер­ге үлгі етіп отыратын. Көңілі жа­­­­қын Базарбек деген заманда­сы­мен құдаласып, Ғалия деген қызын ұлы Сансызбайға атас­­­тырған. Қызы Қанипаны да осын­­дай кәделі жолмен ұзатқан. Оның болашақ күйеуі Зүбәйірді жетімсің деп өзекке теппеген. 1974 жылы ке­руендер сарайы сүріліп, бала­лары мен жиендері 7 үй болып, енші алып шықты. Мұның бәрін нағашымыз күнілгері ойластырып, заңдастырып қойған. Үйіміз «Колхоз базарына жақын орналасқандықтан, ауыл адамдары арылмайтын. Мал, қымыз саудасы үзілмейтін. Петропавл ауыр машина зауыты аумағында мұсылмандар зираты болған. На­ғашы ата-әжеміздің зираты сонда. Жас келген сайын ол жаққа да жол түсе бермейді,– дейді Мәриям апай әлдебір өкінішті үнмен.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

журналист

 

Солтүстік Қазақстан облысы