Қордың төрайымы Гүлнар Ережепованың айтуынша, соңғы уақытта пластиктен жасалған бұйымдарды тұтыну деңгейі он есеге өскен. Қазір әлемде жылына 400 млн тоннадан артық пластик өндіріледі. Айталық, 1950-2018 жылдары аралығында 8,5 млрд тонна пластик бұйымдары шығарылды (Plastics Europe деректері). Жаһандық деңгейде пластик қалдықтарының тек 5-10% қайта өңделсе, 91% өртеліп, қоқысқа арналған полигонға және қоршаған ортаға тасталады. Бұл жағдай ірі экологиялық апатқа әкелуі мүмкін дейді мамандар.
«Аталған мәселе бізге де таңсық емес. Еліміздің аумағында жыл сайын 5 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдық (ҚТҚ) жиналады. Оның ішінде 15% – пластмасса. Демек, әр қазақстандық жылына 42 килоға жуық пластик қалдығын тастайды. Бұл – ресми дереккөздерден алынған мәлімет. Бірақ еліміздегі пластикпен ластану мәселесі одан да күрделі екенін, сондай-ақ статистика әлдеқайда жоғары екенін түсінеміз. Қазіргі проблемаға қатысты шынайы әрі жаңа деректер алу мақсатында қор биыл өңірлердің пластикпен ластануына байланысты ауқымды зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Оның түрлі әдістері, мысалы статистикалық талдау және жергілікті жерлерде көшпелі сараптамалар да қолданылмақ. Бұл көп еңбекті қажет етеді. Алайда еліміздегі проблеманың ауқымын нақты анықтап, тиісті жұмысты жүргізуге қажет және дұрыс қадам деп есептейміз», деді Г.Ережепова.
Қоғамдық ұйымның сарапшысы Марина Дроботтың сөзіне сүйенсек, қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау және жою мәселесін ретке келтірмесе, таяу жылдары Жер планетасындағы тіршілік иелері үлкен қауіппен бетпе-бет келуі мүмкін. Спикер ұсынған статистикаға сәйкес, жыл сайын ластанудың тікелей немесе жанама әсерінен миллиондаған адам мен жануарлар зардап шегіп келеді. Пластиктің әсерінен адамдар жүйке жүйесінің ауруларына, қатерлі ісік және генетикалық мутацияларға шалдығып жатады. Тұрақты дамуға ұмтылған әлем елдерінде пластикті пайдалануға шектеулер енгізіліп, оның ішінде бөтелке, бір рет қолданылатын ыдыс-аяқ және пакет өндірісінің көлемі азайды. Қазақстанда, әсіресе ауылды жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтың, оның ішінде пластик бұйымдарының көлемі күрт өскені байқалады.
«Жағдай мүшкіл десек те болады. Неге десеңіз, ауыл аймақтарда су сабынның, кір жуғыш ұнтақтардың пластикалық бөтелкелерін, сондай-ақ пакеттерге дейін өртеледі. Мұның салдары ауыр болуы мүмкін. Пластикалық пакет жанған кезде ауаға 70-ке дейін түрлі қоспалар шығарылып, адам ағзасына зияны тиеді. Пластикті, полиэтиленді өртегенде булану мен шығарындылар болатынын ескерсек, олар ағзаға түссе қауіпті. Бұл қалдықтарды жаққанда таралатын канцерогендер ауада жиналып, онкологиялық аурулардың артуына әкеледі», деді «Jasyl Arystan» жеке қорының сарапшы-экологы.
Қоғам белсендісінің айтуынша, 2019 жылдың соңында онкологиялық ауруға шалдыққандар саны 180 мың адамға жетіп, жылма-жыл 35 мыңға жуық жаңа жағдай анықталып отырады. Былтыр 15 мыңға жуық қазақстандық қатерлі ісік ауруынан көз жұмған.
«Қазақстан халқы арасында идеялар ұсыну бойынша 2 айлық хакатон өткізу жоспарланып отыр. Ең үздік экологиялық бастамалар салалық ұйымдардың қолдауын иеленіп, оны мүдделі тұлғалар, меценаттар іске асырады деп ойлаймыз. Бұл елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті және экоиндустрияны одан әрі дамытуға әсер етеді. Осылайша жобаны ағартушылық және инфрақұрылымдық деп екіге бөліп, қарастыруға болады», деді қоғамдық ұйымның басшысы.
Қазір халықаралық ұйымдармен бірге «пластик індетінің» алдын алу үшін мемлекеттік деңгейде тиісті шаралар жүйесін енгізіп, үгіт-насихат және пікір алмасу жұмыстарын күшейту көзделуде. Сондай-ақ экологиялық бейнероликтер әзірлеп, қоқысты сұрыптауға қатысты шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.