Аймақтар • 13 Қазан, 2020

Өліммен ойнаған өрескелдік

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының 48 жастағы әйел тұрғыны полицияға қоңырау шалып, үйінде кісі өлтірілгенін хабарлаған. Мұндай төтенше оқиға елдің бәрін елең еткізіп, оқиға орнына Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері шұғыл жіберіледі.

Өліммен ойнаған өрескелдік

Адам өмірімен ойнауға болмайды. Оның үстіне кісі өлтірілуі Қылмыстық кодекс бо­йынша ең ауыр қылмыс болып саналады. Қасақана кісі өлтірушілердің жазасы да ең ауыры.   

Құрамында тергеуші, криминалист, т.б. бар жедел топ төтенше оқиғаның себебін анықтау, кісі өлтіруші қылмыскерді ұстау, тергеу мақсатымен шұғыл жолға шыққан. Алайда олар орта жолға барғанда дабыл қаққан әйелдің өзі хабарласып, шақыртудан бас тартатынын айтқан. «Әйел өзі қоңырау шалып, ақпаратты жоққа шығарған. Аталған мекенжай бойынша учаскелік полиция инс­пек­торы жіберілді», деді Петропавл қаласы ПБ Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.

Полиция капитаны Жанат Мұхамеджанов пәтерде масаң күйдегі әйел мен екі ер адамның болғанын анықтаған. Әйел отырыста адам өлімі туралы әзілдеп, көңіл көтермекші болған. Әйелдің мұндай әрекетке бұған дейін де барғаны белгілі болды. Наурыз айын­да да ол осылай «әзілдемек» болып, Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің «Ар­наулы қызметтердi көрiнеу жалған ша­қы­ру» бабы бойынша жауапқа тартылып, 80 мың теңгеден астам айыппұл төлеген екен. Жасамыс әйелдің осындай әрекетке баруының өзі – түрлі күдіктер тудырады. Әлде оған мұндай бұзушылық үшін төлеген айыппұл аз көрінді ме екен? Шынында, мұндай құқықбұзушылықтарды ұсақ демей, тиімді жаза қолдану керек қой. Полициямен әзілдеп, өтірік айтып, ойнамақ болғандар демократиялық елдерде де қатаң жазаға тартылады. Мәселен, осындай өтірік дабыл үшін Германияда адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Америка мұндайды «сватинг» деп атайды, ондайды жасағандар 10 мың доллар көлемінде айыппұл төлейді. Ал ізгілендіруді пір тұтқан біздің елдегі айыппұл долларға шаққанда бар болғаны 200 доллар болып отыр. Осы мәселені заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізгенде ескеру керек сияқты.

 

ПЕТРОПАВЛ