Қоғам • 13 Қазан, 2020

Жеке шаруашылық иелеріне өлген құс үшін өтемақы төлене бастады

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде шамамен 8,9 млн теңге төленген. Бұл туралы АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов Президент жанындағы ОКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Жеке шаруашылық иелеріне өлген құс үшін өтемақы төлене бастады

"Ауыл шаруашылығы министрлігі ағымдағы жылдың 7 қазанында облыс әкімдіктеріне құс тұмауынан өлген құстардың орташа нарықтық құнын өтеу үшін құжаттар пакетін қалыптастыру кезінде жеке қосалқы шаруашылық иелеріне көмек көрсету қажеттілігі туралы хат жолдады. 11 қазанда 2 585 құс бойынша құжаттар дайындалды, өтемақының жалпы сомасы 8 878 364 теңгені құрайды", деді АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті өкілі.

Бұған дейін Т.Қабдолданов ОКҚ брифингінде ЖҚШ-да құстардың тәуліктік өлімі 22 басқа дейін қысқарғанын хабарлады. Жаңа жағдайлар тек Солтүстік Қазақстан облысының жеке аулаларында тіркелді. Республиканың басқа өңірлерінде 11 қазанда өлім тіркелген жоқ. Соңғы 10 күндегі динамиканы ескере отырып, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары Қазақстанда құс тұмауынан құстардың өлімі толық тоқтағанын атап өтті.

"Қыркүйек айының ортасынан бастап жеке қосалқы шаруашылықтарда жоғары патогенді құс тұмауын жұқтырудың салдарынан 25 мыңға жуық құс өлімі тіркелді. Сонымен қатар, инфекция ошақтарынан 20 177 бас құс тәркіленді. Осылайша, қазіргі уақытта барлығы жеке қосалқы шаруашылықтағы  45 110 бас құсқа, оның ішінде 27 393 бас тауық, 777 күркетауық, 10 141 қаз, 6 799 бас үйрек үшін өтемақы беріледі", деп нақтылады спикер.

Сонымен қатар ол құс фабрикаларында өлім-жітімнің толығымен тоқтағанын хабарлады. Екі кәсіпорын – "Бескөл құс фабрикасы" ЖШС және "Агроинтерптица" құс фабрикаларына 361 647 құс үшін өтемақы төленеді.

Сонымен қатар, Арқалық құс фабрикасында өлген құстың тек 1/3 бөлігі, шамамен 256 мың тауық құс тұмауынан емес, өндірістегі желдетудің уақытша  болмауынан тұншығып өлген. Т.Қабдулданов Қазақстанда 64 құс фабрикасы жұмыс істейтінін және олардың тек екеуінде ғана құс тұмауы салдарынан өлім болғанын атап өтті.

"Құс фабрикаларында тексеру жүргізу кезінде олардың иелері ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтамағаны анықталды. Атап айтқанда, құс фабрикаларының аумағында жем-шөпке еркін қол жеткізе алатын жабайы және қоныс аударатын құстар табылды", деді Т.Қабдолданов.