Аида Балаева Birgemiz республикалық акциясы аясында COVID-19 таралуымен күреске қатысқан азаматтардың үлесін атап өтіп, ел өмірі үшін қиын-қыстау кезеңде үздіктер қатарынан табылғандары үшін алғыс білдірді.
«Сын сағаттарда қиындыққа мойынсұнбай, өздеріңіздің азаматтық ұстанымдарыңызды көрсету арқылы, ұлтжандылық таныта білген Сіздер еліміздің мақтанышысыздар. Президент қайырымдылық және волонтерлік ұйымдары өкілдерімен өткен онлайн кездесуде волонтерлік қозғалыстың жалпы ұлттық масштабқа ие болып, азаматтардың көмек қолын созуға деген белсенді ұстанымы әлеуметтік нормаға айналып бара жатқанын атап өтті»,-деді А.Балаева.
Іс-шара барысында «Халық алғысы» медальдерімен марапатталғандар да сөз сөйледі. Атап айтсақ, журналист және тележүргізуші Динара Сәтжан: «Кейін маған біреу алғыс айтады деп ойламадым. Ол уақытта тек қана адамдарға қалай көмек берсек деген ой ғана болды». Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының орталық аппаратының басшысы Ғылымбек Мәжиев пандемияның таралуымен күрес кезінде дін қызметкерлерінің маңызды рөлін атап өтіп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығымен білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында жемісті еңбек етіп жүрген, сондай-ақ коронавирус пандемиясымен күресте ерекше көзге түскен 5000 астам азамат «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
2020 жылғы 30 қыркүйекте қайырымдылық және волонтерлік ұйымдары өкілдерімен өткен онлайн кездесуде Президент республика көлемінде марапаттарды өз иелеріне табыстауды тапсырды.
Кезекті марапаттау рәсімі барысында медальдер Д.Абдинге, А.Агибаеваға, Б.Беккожинаға, М.Бектазиновке, А.Власенкоға, А.Газалиевке, А.Гайсинаға, А.Горбачеваға, Г.Мажиевке, Д.Сатжанға, Р.Тидэге, З.Шалабаеваға, М.Базарбаевқа, Е.Кочетовке, А.Шағалақовқа табыс етілді.