Қоғам • 13 Қазан, 2020

Жолаушылар пойыздарының кестесі ауысты

1034 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында жолды жөндеу бойынша жоспарлы жұмыстарға байланысты жолаушылар пойыздарының кешігуі туралы ескертілді, деп хабарлайды Egemen.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жолаушылар пойыздарының кестесі ауысты

"ҚТЖ" ҰК" АҚ темір жолдарға күрделі жөндеу жүргізуге байланысты жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесінде өзгерістер болатынын хабарлайды. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап қозғалыс қауіпсіздігін және жолаушылар мен жүк пойыздарының жылдамдығын арттыруға бағытталған темір жолдарды жаңғырту басталды. Жұмыстар штаттық режимде жүргізілуде. Коронавирустық инфекциямен күрес аясында қабылданған барлық қауіпсіздік шаралары ескерілді. "ҚТЖ" ҰК" АҚ келтірілген қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрайды және жұмысты тезірек аяқтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын хабарлайды", делінген хабарламада.

"Теміржол көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 80-бабының 3-тармағына сәйкес жолаушылар пойызының кешігуі үшін айыппұл төлеу көзделгенін еске саламыз (80-бап). Жолаушыны, багажды, жүк-багажды жеткізу мерзімдерін бұзғаны үшін жауапкершілік (3-т.).

Егер жөнелтуді кідірткені үшін, сондай-ақ жолаушыны межелі теміржол станциясына тасымалдайтын жолаушылар пойызының кешігіп қалғаны үшін тасымалдаушы кідірту немесе кешігу еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жолаушыға залалды өтеуден басқа, әрбір кідірту сағаты үшін жолаушыға жол жүру құжаты (билеті) құнының 3% мөлшерінде айыппұл төлейді.

Өндіріп алынған айыппұл сомасы жол жүру құжатының (билетінің) құнынан аспауы тиіс. Жолаушылар пойызының кешігуі үшін айыппұл төлеу тасымалдау ережелеріне сәйкес жолаушының өтініші бойынша жүргізіледі.

Өтемақы алу үшін жолаушы вокзал бойынша кезекшіден соңғы келу пунктінде жол жүру құжатында (билетте) ұсталған сағаттардың саны туралы міндетті белгі алуға тиіс. Бұдан әрі жолаушы осы құжатпен, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжатпен заң бойынша тиісті өтемақы алу үшін ҚТЖ-ның кез келген кассасына жүгіне алады.