Аймақтар • 13 Қазан, 2020

Жаңғыртылған зауыт жаңа өнімдер береді

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Маслодел» кәсіпорнының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңғыртылған зауыт жаңа өнімдер береді

Бұл кәсіпорын Петропавлда ғана емес ауылшаруашылығы шикізатын өңдейтін республикадағы аса ірі кәсіпорындардың бірі. Компанияның Петропавлда екі зауыты бар. 2004 жылы ашылған зауытта қазір сары май, пастерленген сүт, айран, қатық және т.б. өнімдер шығарады. Зауыт жылына 88 мың тонна сүт өңдейді. 2018–2020 жылдарда тәуліктік қуатын 60 тоннадан 450 тоннаға дейін жеткізуді көздеген жаңарту шаралары жүргізілді. Кеше Құмар Іргебайұлы осы зауытта болды.

Биыл облыс 600 мың тонна сүт өндіруді жоспарлап отыр. Оған қол жеткізуге қажетті ресурстар бар. Қазір облыста сүт өңдеу зауыттары шикізатпен 91% қамтамасыз етілген. Сүт облыстағы 80 сүт кешенінен алынады. Кешендердің  18-і осы заманға сай жабдықталған. Соңғы екі жылда осындай 7 кешен салынса, биыл тағы  12 ферманың құрылысы жалғасуда.  Сөйтіп, сүт өндірісі тағы 30 мың тоннаға дейін өспек. Сөйтіп, сүт зауыттарын шикізатпен 94 % қамтамасыз етуге қол жеткізу көзделген.

Кәсіпорын желтоқсан айында жаңа желіні іске қосады. Оның тәуліктік қуаттылығы 32 мың тонна. Құйылған инвестиция көлемі 4,8 млрд.теңге. Жаңа желі қосымша 85 жұмыс орнын ашады. Сөйтіп, зауыттың жылдық қуаттылығы 88 мыңнан 120 мың тоннаға дейін артпақ.

Қазір «Маслодел» зауыты сүт пен майлы дақылдардан 70 түрлі өнім түрін шығарады. Ал қосымша желінің арқасында ол өнім түрін тағы да сегізге арттыратын болады. Облыс әкімі Қ.Ақсақалов: «Қазір біз облыста сүттің 46% қайта өңдейміз. Жаңа желінің арқасында бұл көрсеткіш  50% жетеді. Бүгінгі таңда облыс сары ірімшікпен өзін 31 % қамтамасыз етеді. Қазір жылына 600 тонна өндіреміз. Жылдық сұраныс – 1700 тонна. Бұл дефицитті біз «Молочный Союз» зауытының жаңа желісі іске қосылған кезде жабамыз. Жаңа желі жылына 2500 мың тонна ірімшік түрлерін шығаруға мүмкіндік бермек. Өңір нарығы ірімшікпен 100% қамтамасыз етіледі. Осының арқасында 2021 жылдың қорытындысы бойынша сүтті қайта өңдеу көлемі  50-ден 55% дейін өседі», деді.