Қоғам • 14 Қазан, 2020

Еріктілер ел ішінде

960 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялаған соң Батыс Қазақстан облысында да волонтерлер қозғалысын дамыту үшін арнайы жұмыс жоспары бекітілген болатын.

Еріктілер ел ішінде

 

Алдымен волонтерлердің жұ­мы­­сын жүйелендіруге арналған volunteer 07.kz сайты құрылды. Сайт­қа Орал қа­ласы мен 12 аудан бойынша 10 мың­нан астам адам волонтер ретінде тір­келді. Оның ішінде зейнет жасынан асқан 8 «алтын» волонтер, 50 жастан асқан 34 «күміс» волонтер бар екен. Еріктілердің қалғаны – жастар.

– Біздің батысқазақстандық во­лонтерлер жыл басынан бері 18 мың­нан астам шара өткізді. Әсіресе індет кезінде еріктілер облыс бойынша 13 мың­нан астам отбасына азық-тү­лік, дә­рі-дәрмек және басқа да кө­мек көр­сетті. Соның ішінде Екінші дү­ние­жү­зілік соғысы мен еңбек ардагер­ле­ріне ерекше назар аударылды. Осы топ­қа жататын 324 ардагердің үйіне волонтерлер 10 күн сайын арнайы барып, қажетті тұр­мыстық көмек көрсетті, – дейді Ба­тыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Карантиннің алғашқы кезеңінде ел іші дүрлігіп, қарапайым бетперденің өзі тапшы болғаны белгілі. Осы кезде оралдық еріктілер халыққа 350 мың масканы тегін таратты. Соның ішінде 80 мың бетпердені волонтерлер өздері қолдан тіккен болатын.

Әсіресе пандемия кезінде адам өмірін сақтап қалу үшін күрескен, коронавирус індетіне өздері шалдыққан медицина қызметкерлеріне, жалпы саны 409 адамға волонтерлер су, дәрі-дәрмек, басқа да тұрмыстық қа­жетті заттарын жеткізіп, үнемі қам­қорлық жасап тұрды. Сондай-ақ карантин және локдаун кезінде волонтерлер құқық қорғау органдарының қыз­меткерлерімен бірге қоғамдық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жұмыс­тарына атсалысып, 1206 рейдке бірге шығыпты.

«BIRGEMIZ» taza-alem жалпы­ұлттық жобасы аясында батыс­қазақ­стандық еріктілер жыл басынан бері 18 акция ұйымдастырып, 62,2 тонна қоқысты шығарған.

Шынында да волонтерлер қозға­лысы әлемді әбігерге салған індет ке­зінде кең қанат жайды. Адамзатқа қауіп-қатер төндірген пандемия ел-жұртты біріктіріп кетті. Жер-жерде қайырымдылық шаралары күшейді. Мәселен, Теректі ауданында волонтерлер 3000-ға жуық маска дайындап, тегін таратса, төтенше жағдай кезінде 183 отбасына азық-түлік жеткізіп, жал­ғыз басты қарияларға 38 мекенжай­лық көмек көрсетті. Ауданның 6 во­лонтері карантин кезіндегі еңбегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты­мен марапатталды.

Орал қаласында да 104 волон­терлік ұйым қатарындағы 2 мыңға жуық волонтер барлығы 5 мыңнан астам отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да түрде адрестік көмек көрсеткен екен. Сонымен қатар волонтерлердің көмегімен жиналған қаражат есебінен 583 отбасына азық-түлік, 278 отбасына дәрі-дәрмек жеткізілді. 53 отбасының үй жұмыстарын атқарды. Бұлар шын мәнінде көмекке мұқтаж мүгедек немесе қария адамдар болатын. Сондай-ақ 168 отбасы төтенше жағдай кезінде берілетін 42500 теңгелік әлеуметтік жәрдемақыны дәл осы еріктілердің көмегімен алды деуге болады. Өйт­кені пандемия кезінде өтінім беру негізінен онлайн жүрді. Ал смартфон арқылы онлайн өтінім беруді екінің бірі біле бермейтін.

Орал қаласында тек қана волон­тер­лердің күшімен 130 мың маска тегін таратылды. Осының ішінде 15 мың маска қолдан тігілген.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамта­масыз ету ісіне еріктілер көп үлес қосты. Орал қаласында олар құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірге 100-ге жуық рейд жасаған. Бұл рейдтер кезінде санитарлық-эпи­демиялық талапты бұзған 68 дерек анық­талып, тиісті органдарға жолданған.

Байқап қарасақ, жақсылық та, жа­­­мандық та жұқпалы ғой. Орал­дық Қадырбек Халелов инстаграм же­лі­­сінен бір кездері мектеп­те сабақ бер­­ген ұстазы Айболат Құрым­баев­тың індет кезінде ерікті болып, игі іспен белсенді айналысып жүр­генін көріп қалыпты. Сөйтіп бір топ дос­тары­мен бірге Айболатқа хабар­лас­қан. Сөй­тіп жергілікті штабтан Орал қала­сын­да тұратын мұқтаж отба­сылардың ме­кенжайын алып, бірнеше мәрте қа­йырымдылық көмек көрсетті.

– Халықтың азаматтық белсен­ділігін арттыратын еріктілер қозға­лысын мемлекет те барынша қол­дауы, қорғауы тиіс. «Волонтерлік қыз­­мет туралы» заңнан бөлек, кейбір мәсе­лелердің де басы ашылғаны, нақ­ты анықталғаны дұрыс. Мысалы, төтенше жағдай кезінде еріктілер мен мекемелер арасында келісімшарт жасала ма? Волонтерлер тех­ника қауіпсіздігі бойынша нұс­қау­лықтан өтуі тиіс пе? Жеке қор­ға­ныш құралдарымен еріктіні кім қамт­амасыз етеді? Өзі сатып алуы керек пе? Ерікті қоғамдық жо­лау­шылар көлігінде тегін жүре ала ма? Волонтерлердің атқарған қызмет­терін, қайырымдылық істерін тір­кеп, есепке алып отырған мекеме, ұйым бар ма? Әрине еріктілер бұл игі істерін ақжүректікпен, еш қай­тарым күтпей жасап жүргені анық, бірақ бұл іс оның жеке басына қауіп төндірмеуі тиіс. Мемлекет тарапынан мұндай азаматтық ұстанымы мығым, белсенді азаматтарды ынталандыру, марапаттау да ойластырылуы және бұл іс өте әділ жүргені жөн, – дейді оралдық волонтер, Ғылыми зерттеулерді қорғау қорының жетек­шісі Айболат Құрымбаев.

Елімізде пандемияның шырқау ше­гі жаз айларына келді. Қазір Батыс Қа­зақстан облысында да індет қаупі сейіліп, халық күнделікті тірлігін сү­ріп жатыр. Дегенмен еріктілерге қа­шан да жұмыс табылады. Жақында ға­на қала күні мерекесі аясында Орал қа­ла­сының волонтерлері «Дегдар» гу­манитарлық қорымен бірлесе оты­рып мүмкіндігі шектеулі қала тұр­ғын­дарынан 160 адамға, Екінші дүние­жү­зілік соғысының 40 ардагеріне азық-түлік себетін таратты.

– Қазақта «көңіл – қымбат» деген бар ғой. Біздің іс-шарамыздың бір мақ­саты – сол қазыналы қарттар мен қала тұр­ғындарының көңілін бір көтеру – дейді жастар белсендісі Дулат Жүсіпқалиев.

 

Батыс Қазақстан облысы