Содан бері қанша ғасыр өткенімен адам баласының бұрын көріп-білмеген жерлерге барып танысуға деген сұранысы кеміген емес. Рас, кейде соғыстар мен өзге де түрлі қиындықтар мұны бірде саябырлатып, бірде дамуына кең даңғыл жол ашып отырған.
Ертедегі саяхаттың аса бір қатты өрістеген жері Шығыс әлемі екенін дүние жүзі ғалымдары әлдеқашан мойындаған. Еуропада қонақүйлер желісі атымен жоқ кезінде саудасы өркендеген Азияда керуен сарайлар жолаушының өзі түгіл ат-түйесінің, арбасының да жайын қарайтын. Бұзылғанын жөндеп, ауырғанын емдеп, тамағын әзірлеп, саудасын жүргізіп, қона жатқанында қолайлы орын болды. Шығыс өркениеті өнімдерін Батысқа тасып жеткізгенде еуропалықтар таңсық дүниеге ауыздарын ашып, көздерін жұматын. Таңдайынан шығыстан жеткен бұрыштың табы кетпей тамсандырып, сусылдаған жібегіне оранғанға көздері тоймай, тіпті даланың жұпар аңқыған гүлінің жуашығы үшін бар байлығын да берген. Саудагерлер мен саяхатшылар салған осындай із, қарым-қатынасқа арзан теңіз жолдарының ашылуымен құм басып, көнеріп, Ұлы Жібек жолдары тарих сахнасынан бірте-бірте ысырылып қалған-ды.
Алайда сайын далада қызықтырар дүние мол. Қатпарының қалыңдығы, жасырған сырының молдығы ашылмай, құпиясын қойнына жасырған жерлер баршылық. Соның бірі – Ғафу ақынның: «Ішіне оқиғаны тиеп-сықап, Тарихтың қойып кеткен арбасындай» дейтін Торғай даласы.
2006 жылы интернетте Google Earth спутник арқылы түсірілген ашық жарияланымдағы фотосуреттердің ішінен Торғай даласында геометриялық түрлі пішіндегі төбешіктер қостанайлық әуесқой археолог Дмитрий Дейдің назарын аударады. Осылайша қызығушылықтан бастау алған іс жалғасып, 2015 жылы АҚШ-тағы Питтсбург университетінің профессоры Ronald E. LaPorte Александрия кітапханасының сайтында ағылшын және орыс тілдерінде Торғай даласындағы геоглифтерді әлемге жария етеді. NASA мамандарының ғарыштан жасаған түсірілімдері шынымен дүние жүзі археологтарының назарын аударды. Себебі бұл геоглифтердің жасы сонау Мысыр пирамидаларынан, ағылшындардың Стоунхеджі мен Оңтүстік Американың сакральді Наска нышандарынан да ілгері, әртүрлі сипатта болуымен қатар, санының молдығымен де ерекше-тін. Бірді-екілі емес, 80-нен аса таңғажайып геоглифтер ғалымдарды еріксіз ойлантқан, мойындатқан. Сөйтіп 2015 жылы әлемде ашылған таңғажайыптардың алғашқы 10 үздік топтамасының қатарына енген. Бүгінде әлемдік тарих үшін маңызы бар, құпиясы толық ашылмаған Торғай геоглифтеріне қатер төніп тұр.
Торғай қашаннан жолға зәру. Сол зәруліктің бір парасы ішкі түгіл, сыртқы туристерді шақырса әлеуеті көтеретін ғажайыбы мол Торғай туризмін дамытуға кедергі жасап отыр. Жол болмаған соң туристерге қызмет көрсететін инфрақұрылымның бірі де жасалмайтыны түсінікті. Сыры мен қызығы, қазынасы қанша мол болса да жол жоқтығынан туристерге тарс жабық Торғайға кім барсын? Бірақ елдің орталығын батысымен жалғайтын жол тартылады деген үміт туған. Сол арқылы осы саланы дамытамыз ба дегенде оған қарсылар да шыққан. Құралайдың лағы өретін жерге жол салуға болмайды деп желеу етушілер Торғайдан жолды тағы бұрмақ ниетте. Бұл – геоглифтер арқылы Қазақстандағы туризмді дамытудың кезекті кедергісі. Екінші, Амантоғай мен Торғай арасындағы ескі жолды жөндеуде геоглиф бедері бұзылды. Жергілікті жанашырлар қанша шырылдаса да археологтар пішініне қарап «Қоғай кресі» атаған геоглифті экскаватор күрегі орнына келместей етіп жайпап кетті.
Торғай даласындағыдай геоглифтер тізбегі планетадағы өзге құрлықта жоқ. Тек Хакасияда Торғай геоглифіне қарағанда өте қарабайыр бір кішкентай геоглиф және Перуде тастан тұрғызылған біреуі бар. Осы бірегей әлемдік деңгейдегі өлмес мұра шын жанашырлықты күтіп, боз далада бозарып жатыр...