Руханият • 14 Қазан, 2020

Торғай геоглифтері – трактор табанында

644 рет көрсетілді

Саяхаттап жер көру, ел тану – сонау ықылымнан бар дүние. Арада мың­жылдықтар, жүздеген ғасыр өтсе де есім­дері ұмытылмаған көне карфа­ген­дік Ганнон, грек Геродот пен Страбон, марсельдік Пифей, араб саяхатшылары Ибн Батута, Сүлеймен, Идриси, фран­цискалық Гильом де Рубрук, вене­циялық Марко Пололар ғылымда орта ғасыр­лардағы жағрапиялық жаңа ашу­ларға дейін-ақ табаны тиген жерлерден жазбалар қалдырып, таным көкжиегін кеңітіп, бұрын таныс емес әлемдер жайынан сыр ашқан-ды.

Содан бері қанша ғасыр өткенімен адам баласының бұрын көріп-білмеген жерлерге барып танысуға деген сұранысы кеміген емес. Рас, кейде соғыстар мен өзге де түрлі қиындықтар мұны бірде саябырлатып, бірде дамуына кең даңғыл жол ашып отырған.

Ертедегі саяхаттың аса бір қатты өрісте­ген жері Шығыс әлемі екенін дүние жүзі ғалымдары әлдеқашан мойындаған. Еуропада қонақүйлер желісі атымен жоқ кезінде сау­дасы өркендеген Азияда керуен сарайлар жолау­шының өзі түгіл ат-түйесінің, арба­сы­ның да жайын қарайтын. Бұзылғанын жөндеп, ауырғанын емдеп, тамағын әзірлеп, саудасын жүргізіп, қона жатқанында қолайлы орын болды. Шығыс өркениеті өнімдерін Батыс­қа тасып жеткізгенде еуропалықтар таң­сық дүниеге ауыздарын ашып, көздерін жұма­тын. Таңдайынан шығыстан жеткен бұ­рыш­тың табы кетпей тамсандырып, сусыл­даған жібегіне оранғанға көздері тоймай, тіпті даланың жұпар аңқыған гүлінің жуашығы үшін бар байлығын да берген. Саудагерлер мен саяхатшылар салған осындай із, қарым-қатынасқа арзан теңіз жолдарының ашылуымен құм басып, көнеріп, Ұлы Жібек жолдары тарих сахнасынан бірте-бірте ысырылып қалған-ды.

Алайда сайын далада қызықтырар дүние мол. Қатпарының қалыңдығы, жасырған сыры­ның молдығы ашылмай, құпиясын қой­нына жасырған жерлер баршылық. Соның бірі – Ғафу ақынның: «Ішіне оқиғаны тиеп-сықап, Тарихтың қойып кеткен арбасындай» дейтін Торғай даласы.

2006 жылы интернетте Google Earth спутник арқылы түсірілген ашық жария­ланымдағы фотосуреттердің ішінен Торғай даласында геометриялық түрлі пішіндегі төбешіктер қостанайлық әуесқой археолог Дмитрий Дейдің назарын аударады. Осылайша қызығушылықтан бастау алған іс жалғасып, 2015 жылы АҚШ-тағы Питтсбург университетінің профессоры Ronald E. LaPorte Александрия кітапханасының сайтында ағылшын және орыс тілдерінде Торғай даласындағы геоглифтерді әлемге жария етеді. NASA мамандарының ғарыштан жасаған түсірілімдері шынымен дүние жүзі археологтарының назарын аударды. Себебі бұл геоглифтердің жасы сонау Мысыр пирамидаларынан, ағылшындардың Стоунхеджі мен Оңтүстік Американың сакральді Наска нышандарынан да ілгері, әртүрлі сипатта болуымен қатар, санының молдығымен де ерекше-тін. Бірді-екілі емес, 80-нен аса таңғажайып геоглифтер ғалымдарды еріксіз ойлантқан, мойындатқан. Сөйтіп 2015 жылы әлемде ашылған таңғажайыптардың алғашқы 10 үздік топтамасының қатарына енген. Бүгінде әлемдік тарих үшін маңызы бар, құпиясы толық ашылмаған Торғай геоглифтеріне қатер төніп тұр.

Торғай қашаннан жолға зәру. Сол зәру­ліктің бір парасы ішкі түгіл, сыртқы турис­­терді шақырса әлеуеті көтеретін ғажайы­бы мол Торғай туризмін дамытуға кедергі жасап отыр. Жол болмаған соң туристерге қызмет көрсететін инфрақұрылымның бірі де жасалмайтыны түсінікті. Сыры мен қызы­ғы, қазынасы қанша мол болса да жол жоқ­тығынан туристерге тарс жабық Торғайға кім барсын? Бірақ елдің орталығын батысымен жалғайтын жол тартылады деген үміт туған. Сол арқылы осы саланы дамытамыз ба дегенде оған қарсылар да шыққан. Құралайдың лағы өретін жерге жол салуға болмайды деп желеу етушілер Торғайдан жолды тағы бұрмақ ниетте. Бұл – геоглифтер арқылы Қазақстандағы туризмді дамытудың кезекті кедергісі. Екінші, Амантоғай мен Тор­ғай арасындағы ескі жолды жөндеуде геоглиф бедері бұзылды. Жергілікті жанашырлар қан­ша шырылдаса да археологтар пішініне қарап «Қоғай кресі» атаған геоглифті экскаватор күрегі орнына келместей етіп жайпап кетті.

Торғай даласындағыдай геоглифтер тіз­бегі планетадағы өзге құрлықта жоқ. Тек Хака­­сияда Торғай геоглифіне қарағанда өте қар­а­байыр бір кішкентай геоглиф және Перу­де тастан тұрғызылған біреуі бар. Осы біре­гей әлемдік деңгейдегі өлмес мұра шын жана­шырлықты күтіп, боз далада бозарып жатыр...

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар