Аймақтар • 14 Қазан, 2020

СҚО-да аққуды атқан тұрғын ұсталды

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бала кезден барлық халықтарда «аққуды атуға болмайды, киелі құс» деген  ақыл басқа сіңіріліп келеді. Алайда ештеңені қадірлемейтін, қасиет тұтпайтын мал тек тектес адамдар көп қой. Соның бірі қатарында мына бір солтүстікқазақстандық міскінді атауға болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да аққуды атқан тұрғын ұсталды

Ол Мамлют ауданындағы Леденово көлінен аққуды атқан. Аудандық аңшылық шаруашылығының қорықшысы өзінен жасырынбақ болған «БМВ» автокөлігінен сезіктеніп, оны қуып тоқтатқанда жүксалғышынан аққудың өлі денесі табылған. «Көлік жүргізушісі мен жолаушы мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді. Заңсыз аң аулау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - дейді Мамлют ауданының ПБ бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжанов.

Жалпы, заңдар халық дәстүрлерін де ескеруі керек қой, басқа құстардай емес аққуды атқандардың жазасын қаттырақ қылса – мұндай опасыздық болмас еді.

Осыған дейін де Солтүстік Қазақстан облысында аққуды атудың екі фактісі тіркелген болатын. Адал құс жаңа келіп жатқан наурыз айында «Ромашка» саяжай қоғамының маңында еріккендер екі аққуды атқан.