14 Сәуір, 2010

БАЛУАНДАР БОЗ КІЛЕМДЕ БАҒАЛАНАДЫ

786 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыда грек-рим күресінен “Қазақстандық чемпион балуандар – құрмет тұғырында” атты спорттың осы түрін дамыту мақсатында қабылданған бағдарламаны іске асыру және ұлттық құрамаға спортшыларды іріктеу мақсатында ел біріншілігі өтті. Оған еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан 170-ке жуық балуан қатысып, 7 салмақ дәрежесі бойын­ша күш сынысты. Бұл бәсекеге Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов, Азия чемпионы Дархан Баяхметов, Гран-при жарысы мен Иван Поддубный тур­нирі­нің жеңімпазы Алмат Кебісбаев сияқ­ты балуан­дар қатысқан жоқ. Олардың орнын Мар­ғұлан Әсембеков, Елдар Қайратов, Бейбіт Нұғманов, Асхат Құдайбергенов пен Андрей Самохин басты. Чемпионатта осылардың ішінен соң­ғы­сынан басқаларының бәрі жеңіс тұғы­ры­ның биік сатысынан көрінді. Атап айтқанда, 55 кило салмақта Қазақстанның өткен жылғы чемпионы Асхат Құдайбер­генов биыл да бабында екенін көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Келесі 60 кило салмақ­та Марат Кәрішалов ақтық сында тәжіри­белі балуандардың бірі Ербол Қоңы­ра­товтың жауырынын жерге тигізіп, тұңғыш рет ересектер арасында чемпион атанды. Бұдан кейін 66 кило салмақта болған балуандар белдесуі аса тартысты өткенін атап өту жөн. Осы салмақта “Достық” спорт кешенінде төселген кілемде еліміз­дің мықты деген балуандары күш сынас­ты. Дегенмен бас жүлде бабы мен бағы келіскен Елдар Қайратовқа ғана бұйырды. Әйтпесе онымен белдесіп, күміс жүлдені иеленген Бейбіт Нұғманов пен қола жүл­де­ні қанағат тұтқан Шыңғыс Қайыр­маған­бетовті және Нұрдәулет Ермұратов­ты осал балуандар екен деп айта алмаймыз. Биылғы бәсекеде бұдан басқа Әсет Әділов (74 кг), Әлзахур Өздиев (84 кг), Жасұлан Садықов (96 кг) өз салмақ дәрежелерінде чемпион атанды. Ал 120 кило салмақта Азияның екі дүркін чемпионы Марғұлан Әсембеков финалда Әбдімәлік Сартпаевтың алдын орап, бас жүлдені жеңіп алды. Чемпионат соңында балуандардың бәсеке­сіне қанағаттанарлық баға берген күрес федерациясының құрмет­ті прези­денті, “Самұрық-Қазына – Аста­на” кор­поративті қорының бас дирек­торы, ФИЛА бюросының мүшесі Дәулет Тұрлы­ханов пен федерация басшысы Бекзат Сар­манов бірінші орынды иелен­ген балуан­дар­дың бәрі ұлттық құрамаға алынатынын айтты. – Қазір біздің басты мақсатымыз – жаңа құрама жасақтап, Қытайда өтетін жазғы Азия ойындарында бас жүлдені жеңіп алу. Одан басқа биылғы чемпио­нат­қа қатыса алмаған Нұрбақыт Теңізбаев­тың алдына Мәскеуде өтетін әлем чем­пио­натында алтын медальді жеңіп алу тура­лы міндет қойылып отыр, – деді Дәулет Болатұлы. Ал ұлттық құраманың бас бапкері Мұратбек Қасымхановтың айтуынша, чемпионаттан кейін балуандардың бәрі оқу-жаттығу жиындарында бірге болып, мамыр айында Үндістанда өтетін Азия чемпионатына дайындалады. Осы жаттығу құрлық біріншілігіне кімдердің қатыса­тынын көрсетеді. Дастан КЕНЖАЛИН