Футбол • 15 Қазан, 2020

Жеңілістен көз ашпаған жастар құрамасы

194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сейсенбінің кешінде футболдан Қазақстан жастар құрамасы 2021 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда испаниялық құрдастарымен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіліп қалды.

Жеңілістен көз ашпаған жастар құрамасы

 

Жастарымыздың Испания өрендерінен жеңіліп қалғаны біз үшін пәлендей жаңалық емес және бұл жеңіліс отандық футбол мамандары мен жанкүйерлердің жүйкесіне түк те әсер ете қойған жоқ. Дей тұрғанмен, 1-таймдағы біздің футболшылардың алаң­дағы ойыны ең құрығанда тең нәти­жеге қол жеткізуге болады-ау деген үміт сыйлағаны жасырын емес. Матч алдындағы бас­пасөз мәслихатында бас бап­кер Алмас Құлшынбаев шәкірт­терінің бас салып алға қарай ұмтылмайтынын, әйтсе де қор­ғана отырып қарсы шабуылға иек артатынын айтқан еді.

Алаңға шыққан 11 футболшымыз алғашқы таймда бапкердің тапсырмасын бұлжытпай орындап шықты. Яғни Испанияның кез келген шабуылына тойтарыс беріп, өздері оңтайлы сәт туғанда жылдам қарымта шабуы­л ұйымдастырды. Нәтижесінде кездесудің алғашқы минуттарында жерлестеріміз Испания құра­масының қақпасына бір рет қауіпті соққы жасап, екі рет бұрыштама добын орын­дау­ға мүмкіндік алды. Бұл кез­де матчтың алғашқы 15 минуты артта қалған еді. Екін­­ші бұрыштамадан кейін жас­тары­мыздың гол соғатын тамаша мүм­кіндігі болғанымен қор­ғау­шы Әлібек Қасым өз мүм­кін­дігін сәтті пайдалана алмады. Қазақ­стан құрамасынан мұн­дай қар­қын­ды күтпеген испа­ния­лық­тар ойынның кей сәттерінде қор­ға­нысқа көңіл бөлуге мәжбүр болды.

Жалпы, 1-таймда біздің жі­гіт­тер жаман өнер көрсеткен жоқ. Допқа иелік ету бойынша да жас­тарымыз Испаниядан қалыспады, ол бойынша пайыздық көр­сеткіш – 55:45. Әдетте азулы қар­сы­лас­тармен ойнағанда Қазақстан құрамасының допқа иелік ету көрсеткіші 40 пайыздан аспайтын. Осылайша кездесудің ал­ғашқы таймында қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмай, үзіліске тең нәти­жемен шықты.

2-таймда да Қазақстан жастары алғашқы 45 минуттағы ойынын көрсетеді деп үміттенген болатынбыз. Алайда әлемде футбол державасы ретінде мойындалған Испания аяқдоп өнерінде әзірге ешқандай жетістігі жоқ Қа­зақ­стан құрамасына бір тайм бойы гол соға алмай әуреленгеніне на­мыс­танған болуы керек, ай­налдырған 20 минутта қақпа­мызға бір емес, үш гол соғып кетті. 2-таймның алғашқы 20 минутына дейін алынбас қамалға айналған Қазақстан қорғанысы дәл осы уақытта сыр бере бас­тады. Стандартты жағдайды тиімді пайдаланған «Севилья» қорғаушысы Уго Гильямон Санмартин 65-минутта есеп ашып, Испанияны алға шығарды.

Алаң қожайындарының екінші голы да көп күттірген жоқ. 2-таймда ойынға тыңнан қосылған «Леванте» шабуылшысы Даниэль Гомес 71-минутта есепті еселеп, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізсе, арада 14 минут өткенде дубль авторы атанып, кездесудің нүктесін қойды. Алғашқы екі гол соғылғанда допты қайтару былай тұрсын, допқа ұмтылуға шамасы жетпеген қақпашымыз Бекхан Шайзада бұл жолы доп­ты қайтаруға тырысқанымен, онысынан түк шықпады. Сөй­тіп, ойынды сәтті бастаған жер­лестеріміз матч соңында азулы қарсыластарына еш дәрмен көр­сете алмай, 3:0 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.

Енді Қазақстан жастар құра­масы 2021 жылғы Еуропа чем­пионатының іріктеу кезеңіндегі соң­ғы матчын өз алаңымызда Фарер аралдары футболшыларымен өткізеді. Кездесу 17 қарашаға жоспарланған. Екі құрама арасындағы алғашқы ойын 2019 жылдың маусым айын­да Фарер аралдарында өтіп, жерлестеріміз сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

1