Спорт • 15 Қазан, 2020

Михал Билек: «Екі команда да тек жеңіс үшін ойнайды»

177 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Михал Билек Ұлттар лигасында Беларусьпен өтетін ойынының алдында баспасөз мәслихатына қатысып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді.

Михал Билек: «Екі команда да тек жеңіс үшін ойнайды»

– Михал, көптеген ойыншы әртүрлі себеппен ойынға қатыса алмайды. Тәжірибелі орталық қорғаушы Юрий Лог­виненконы шақырмай, Сұлтан Әбілғазыға таңдау жасадыңыз. Неліктен?

– Сұлтан – сенімді ойын көр­сететін жас футболшы. Ол жақсы қырынан танылып, команданың басты қорғаушыларының бірі бола бастады. Логвиненко ұзақ уақыт бойы жарақатына байланысты ойнамай, қалпына енді келе бастады. Оның сапалы әрі тәжірибелі қорғаушы екенін білеміз. Сонымен қатар отбасы жағдайына байланысты Максим Федин Минскіге келе алмады.

– Беларусь құрамасының жанкүйерлері стадионға кіретіні белгілі болды. Жанкүйерлердің стадионға оралуы үлкен мереке екені рас. Бірақ жанкүйерлердің стадионда болуы командаңыз үшін қиындық тудырмай ма?

– Қазақстан чемпионатының ойындары жанкүйерлерсіз өтеді. Әрине, футболшылар жанкүйерлер үшін ойнайды. Сол себепті жанкүйерлердің стадионға оралуы – үлкен мереке. Ойынға келетін болсақ, қиын кездесу күтіп тұр. Қарсыластың ойынын жақсы зерделедік. Екі команда да тек жеңіс үшін ойнайды.

– Атақты бапкер Арсен Вен­гер жақында Ұлттар лигасының пайдасы жоқ екенін мәлімдеді. Сіздің ойыңыз қандай?

– Қазақстанда ұзақ уақыт бойы командалардың ойын тәжі­рибесі болмады. Сондықтан Ұлт­тар лигасының матчтары – халық­аралық деңгейде мықты қарсы­ластармен бәсекелесуге жақсы мүмкіндік. Маңызды турнир деп санаймын.