– Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен партияішілік сайлау өткізу кезінде еліміз бойынша азаматтардан 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Оның мыңнан астамы Қостанай облысының тұрғындарынан түсті.
Талдау көрсеткендей, қарапайым халық негізінен ауыл ішіндегі жолдардың сапасы, су және газбен қамту, тұрғын үй мен білім беру нысандарын салу, ауылдық мектептерде компьютер техникаларын жаңарту мәселелерін көтеруде. Тұрғындардың ауылдағы интернеттің жылдамдығына да көңілдері толмай отыр. Көтерілген мәселелердің өзектілігін ескеріп, оларды облыстық сайлауалды бағдарламада көрсету қажеттігін айттым. Өңір халқының үштен бірі ауылдық жерде тұратындықтан, партияның Қостанай облысы бойынша сайлауалды бағдарламасы ауыл шаруашылығын қолдау шараларын көздейді. Сонымен, таяудағы 5 жылда облыста егіс алқаптарын әртараптандыруды қамтамасыз ету, жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу, техниканы жаңарту, сондай-ақ өңдеуші ауылшаруашылық кәсіпорындарын іске қосу мен жаңғырту жоспарлануда, – деді Бауыржан Байбек.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары одан кейін өңірді табиғи сүтпен және жоғары сапалы ашытылған сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Олжа Садчиковское» серіктестігіне барып, кәсіпорын өндірісімен танысты. Бүгінде 320 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған бұл кәсіпорын аймақтағы дамыған жоғары технологиялы өндірушілердің бірі. Кәсіпорын қызметкерлерімен кездесу барысында Садчиков ауылының тұрғыны Тамара Киселева осы елді мекендегі жалпы ұзындығы 6 шақырым болатын екі орталық көшеге жөндеу жүргізуді өтінді. Бұл көшелердің бойында 1350-дей тұрғын бар. Бауыржан Байбек тағы бірнеше жұмысшының өтінішін тыңдап, бұл мәселелердің жүзеге асырылуын тікелей өзі бақылауына алатынын жеткізді.
Бауыржан Байбек одан кейін Қостанай қаласындағы жаңа модульді инфекциялық ауруханамен танысып, өңірдің медицина қызметкерлерімен денсаулық сақтау ұйымдарының коронавирус пандемиясының туындауы мүмкін екінші толқынына дайындығын талқылады.
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жұмыс сапары барысында Арқалыққа аялдап, Nur Otan-ның қалалық сайлауалды бағдарламасының жобасы туралы тұрғындармен пікірлесті.
Арқалық сапары туралы Б.Байбек әлеуметтік желідегі жеке парақшасына: «Арқалыққа келдім. Өздеріңіз білетіндей, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен әрбір елді мекеннің ерекшелігі мен мәселелерін ескере отырып, Nur Otan тұңғыш рет әр өңір, қала мен аудан бойынша 216 сайлауалды бағдарламаның жобаларын әзірледі. Елбасы атап өткендей, Nur Otan – нақты істердің партиясы, біздің сайлауалды уәделеріміздің барлығы тыңғылықты есептелуі тиіс». Сондықтан 5 жылдық бағдарламаларда көрнекі индикаторлар көрсетілді, бюджеттің мүмкіндігімен сәйкестендірілген нақты басымдықтар реті көзделді. Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырыла отырып, партияның барлық сайлауалды бағдарламалары азаматтардың талап-тілектері ескеріліп пысықталады.
Сонымен Арқалық қаласында партияішілік праймериз барысында 117 нақты ұсыныс түсті. Тұрғындарды аула алаңдарын абаттандыру мен көшелерді жарықтандыру, білім мен денсаулық сақтау нысандарын, жолдар мен инженерлік желілерді жөндеу секілді мәселелер толғандырады.
Партия филиалы басшылығының мәліметінше, осы мәселелердің барлығы бағдарламаларды пысықтау кезінде ескерілген. Сонымен бірге бағдарламаның бірқатар бағыттары қосымша пысықтауды қажет етеді деп санаймын.
Мысалы, қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – 13 елді мекенді ұялы байланыспен қамтамасыз ету және интернеттің жылдамдығын арттыру. Бұдан басқа, қала тұрғындары балалардың ойын алаңдары сапасының нашарлығына шағым айтып, ескі автобустарды ауыстыру мәселесін көтеруде.
Торғай боксит кен басқармасының жабылуы жоспарлануына байланысты 500-дей адамды жұмыспен қамту қажет. Сайлауалды бағдарлама аясында бұл мәселе партиялық бақылауға алынады. Бұл ретте босатылатын адамдардың бір бөлігі қазіргі кезде басқа кәсіпорындарға жұмысқа орналасты.
Солардың бірі – «Торғай Ет» ет өңдеу кешені. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірге қалада 120-дай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген өндіріс алаңын араладым.
Сапар барысында қаланы жылумен қамту жүйесін реконструкциялау жайымен де таныстым. Осының аясында Арқалық ЖЭЦ-і мазуттан көмірге көшірілмек. Бұл шара жыл сайын 2 миллиардқа дейін бюджет қаражатын үнемдеп, оны қаланың басқа қажеттіліктеріне қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл жобаны 2021 жылы аяқтау міндеті Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген.
Сонымен қатар Арқалық аймақтық ауруханасының ұжымымен кездестім. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев таяуда сөйлеген сөзінде пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі ауыртпалықтың тағы да дәрігерлерге түсетінін атап өткен болатын. Оның тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта төлемақыға 150 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары биыл медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін көтеру мен қорғауға бағытталған жаңа «Денсаулық туралы» кодексті қабылдады.
Медицина қызметкерлерімен бірге партияның сайлауалды бағдарламасын талқыладық. Онда денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту және халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты индикаторлар қамтылған», деп жазды.
Қостанай облысы