Руханият • 15 Қазан, 2020

Ақ қауырсын жырларында парасат тұнған ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың мұрасына насихат керек

2149 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бір кездері ұлы тұлғалар көш түзеген Кереку-Баян өңірінің тумасы, қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, 1960-1970 жылдардағы қазақ поэзия­сында өзіндік өрнегімен, қайраткерлік болмысымен танылған ақын, журналист, көркем аудармашы Қабдыкәрім Ыдырысов туралы әр кез айтып, жас ұрпақ жадында естеліктерді жаңғырту – біздің қасиетті парызымыз.

Ақ қауырсын жырларында парасат тұнған ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың мұрасына насихат керек

Ол Павлодар облысының қазіргі Ақтоғай ауданы Өтес ауылында (ол кезде «Жаңа ұйым» колхозы), 1928 жылы Мұстафаұлы Ыдырыстың шаңы­рағында дүниеге келген. Ертіс жағасы осылай қазаққа тағы бір дарынды ақынды сыйлады.

Бірақ бұл ақынның тағдыры бас­қаша өрбіді. Колхоз басшылығында жүрген әкесі «Халық жауы» болып ұсталып кеткенде, Қабдыкәрім небәрі тоғыз жаста болатын. Ана қал­ды аңырап, бала қалды қамығып. Қа­мыққан көңілді сейілтетін күш-жі­герді бала Қабдыкәрім өлеңдерден тапты. Іштегі шер балаң жыр болып сыртқа тепті: «Қолыма алдым қа­рындаш, Көңілде қайғы, көзде жас» деп басталады ең алғашқы жазған өлеңі. Сондай-ақ оны ертеден өлеңге баулыған – ауылда жұрт Қарамолда деп атап кеткен, шын аты Иманқұл деген қария болатын. Өзі естелігіне жазғандай, қыстың ұзақ кештерінде сырты қызыл түсті «Батырлар жырын» оқытатын.

Соғыс қасіреті де Қабдыкәрім Ыдырысовтың балалық шағына тұс­па-тұс келген екен. Ол туралы «ел-жұрттың көңілін аулау біздің ен­шімізге бұйырды» деп жазған Қа­бе­кең. «Сабалап жүріп» домбыра үйренген, әншілер сайысына қатыса жүріп, бірде Естай ақынның жүзін көрген. Осы өңірден шыққан халық ақыны Құдайберген Әлсейітовтің атын ерте естіген екен. Ал соғыс уақытында ауылға атағы дүрілдеген Иса Байзақов келеді. Міне, бұл сәт бо­ла­шақ ақынның өмірлік ұстанымын нықтайды.

Колхоз төрағасы ақынның қа­сы­на қосар есті кісі таба алмай (бә­рі май­данға кеткен) жасөспірім Қаб­ды­кә­рімді шақыртады. Біраз уақыт жа­нында жүрген баланың талабын та­ныған, мінез-сипатына қаныққан Иса ақын оған: «Жүрексіздеусің. Жү­рексіз адамнан не ақын, не әнші шық­пайды» деп ақыл берген. Бұл сөз Қабдыкәрімнің санасында сіңіп қалды.

Жастайынан өлеңге деген талпынысы оны алысқа тартады. Талапшыл жас 1947 жылы Кереку шаһарында әйгілі ақын ағасы, майдангер Қалижан Бекхожинді кездестіреді. Ақын тапсырмасымен бірнеше өлең жазып әкеледі, соның ішінен мойыны озық деп тапқан «Жылқышы сырын» Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне бастырады. Алматыда өткен жас әдебиетшілердің слетіне қатысады. Міне, осыдан кейін әуелде трактор зауытында жұмысшы, об­лыстық партия комитетінде инструктор болып, әр жерде еңбек етіп жүрген бозбаланың ақындық жолы ашылады. 1952 жылы Қ.Ыдырысов атақты Қалижан Бекхожиннің шақыруымен Алматыға, әдебиет ауылына көшеді. «Алматыға алты өлеңмен сүйреген» деп ағасына разылық өлең арнайды.

Оның алғашқыда қызметі журналистикамен байланысты болғанын білеміз. «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газетінде істеді. 1962 жылы белгілі журналист, майдангер, жазушы Әзілхан Нұршайықов «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болып кел­генде, газеттің жауапты хатшысы болып Қабдыкәрім Ыдырысов бекітілген. «Ол ширақ, белсенді қи­мылдап, жанына газетке қамқор жігіт­терді жинап алып, аудандарда газетке жазылу науқанын алға бастырды» дейді өз естелігінде Әзілхан ағамыз.

Ол әр уақытта балаларға арнап өлең­дер жазды, Мұзафар Әлімбаев­пен сырласты, сыйласты. Ұлы жазушылар Мұхтар Әуезовтен, Сәбит Мұқановтан, Ғабит Мүсіреповтен, Жұбан Молдағалиевтен тәлім ал­ды, өнеге үйренді. Тұстастары Ғафу Қайырбековпен, Сырбай Мәу­леновпен, Сағи Жиенбаевпен қатты араласты. Жыр бәйгесінде Қадыр, Тұманбай секілді інілеріне қолдау көрсетті. Жазушылар одағында екінші хатшы болып жүргенде «ұлтшыл сипатта жазады» деп айыпталған студент Әбіш Кекілбаевті қорғап қалғаны бар. Бұл туралы абыз жазушының бір сұхбатында айтқаны бар. «Жастар­дың жыры екпінді болғаны заңдылық, саны жағынан да, санасы жағынан да биік болғаны дұрыс қой» деген екен бір сөзінде Қабдыкәрім Ыдырысов.

Сырбай Мәуленов айтқандай, «Ақын­ды ашу жан тебірентерлік күр­делі бір дүние. Оның ішінде дауысы айқайлап шықпайтын Қабдыкәрім сияқты ұяң, қарапайым, бірден көзге түсе қоймайтын сыпайы ақынды ашу оңай емес». Десе де, оның азаматтық, ақындық, қайраткерлік қыры үңілген адамға анық көрінеді.

Қабдыкәрім Ыдырысов кітап бас­паларында беделді қызметтер атқарды. 1952-1978 жылдар аралығында рес­пуб­ликалық «Қазақстан пионерi» газетiнде бөлiм меңгерушiсi, «Жа­зушы» баспасында аға редактор, «Қа­зақ әдебиетi» газетiнде жауапты хатшы болып еңбек етті. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР мемлекеттiк кiтап па­ла­тасының директоры, «Жалын» бас­пасының директоры болды.

Әсіресе 1975 жылы өзі қолымен ашқан «Жалын» жастар баспасында істеуі оның өміріне елеулі бір өзгеріс әкелгені анық. Міне, сол кез­де қазіргі әдебиет классигі атала­тын Күләш Ахметова, Ұлықбек Ес­дәулет, тағы басқа қаламгерлердің тұң­ғыш кітаптары, аудармалары осы Қабдыкәрім Ыдырысовтың қам­қорлығымен басылып шыққан. Қа­зақстандағы кітап басу индустрия­сын танытамын деген талабы жанып, баспа Болгарияның София қала­сында арнайы медаль иеленді. Бұл кезде Қабдыкәрім Ыдырысовтың ден­саулығы да сыр беріп жүрген уақыт еді, бара алмай қалған сияқты. Бұл сыйлықты Қазақстанға жазушы Шериаздан Елеукенов әкеліп та­быстаған суреті сақталған.

Ертістің шалғынында аунап өскен сары бала Алматыда, Алатаудың бау­­райында азамат ақын ретінде қа­лып­тасты. Өмірлік қиындығы, тағ­дыры оның өлеңдерінде өрілді. Ол өмірді негативті тұрғыдан емес, зор позитивпен жырға қосты. Жалған­нан сәуле іздеді. Келешекке сенді, көңілімен өрге ұмтылды. Оның бар­лық шығармаларындағы көңіл күй сондай. Ол бәрінен, күйкіліктен, тір­шіліктен жоғары тұрды.

Бәрі де... бәрі есімде,

Ұмытсам мені кешірме.

Жар сыйлап маған өмірлік,

Зор бақыт бердің еншіме.

 

Паңсынам саған несіне,

Сен берген толы несібе.

Көркіңді көріп көсілген,

Түседі бәрі есіме...

деді ақын өлеңінде.

Қ.Ыдырысов шығармашылы­ғы­ның шырқау тұсы – «Әке жолы» поэмасы. Бұл оның өміріндегі, өнеріндегі бас­ты кезеңі десек жаңылмаспыз. Ол бір кезде «Халық жауы» атанып, сол күйі қауышпай кеткен әкесінің тағдырын жырлады. Әке есімін жырымен ақтады. Қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып саяси қуғын-сүргін тақырыбын көтерді. Хру­шевтің «жылымық» ке­зеңін пайдала­нып, жүрегіндегі сырды ақтарды, мұңын төкті.

 «Төрдегі мына сурет әкем менің

 Білмеймін апам қайдан әкелгенін.

«Сақтадым, дейді,

терең жүрегімде»,

Келмейді онысын да бекер дегім.

 

Қайшымен кесіп, бір кез ұсақтаған

Сурет қой анам жиырма жыл

сақтаған.

Қасына қайта келген мына менмін,

Бұл қалпым әке мойнын

құшақтаған»

(«Әке жолы» дастанынан).

 «Меніңше ол поэма осы тақырыпта жазылған қазақ поэзиясының алғашқы қарлығашы еді. Сол поэма туралы еш­кім жұмған аузын ашпағаны өкі­­нішті-ақ. Ал осы тақырыптағы «Бе­лые одежды» поэмасы үшін орыс жазу­­шысы Дудинцев мемлекеттік сый­лықтың лауреаты болғаны есімде. Үлкен атаққа, лауазымға Қабдыкәрім сонша ұмтылмаушы еді», деп жаз­ған екен ақынның жұбайы Бәтіш Ақан­қызы өз естелігінде.

«Қабдыкәрімнің алғашқы жырларымен сырласа байқасақ, жетімдікті сезінсе де, «өмірге өкпелемеген, өкін­беген», алдынан зор үміт күткен жас­тың «алғашқы көгершін» жырларына қанат берген де заманға деген сол өр сенім» деген еді Қалижан Бекхожин інісі Қабдыкәрімнің 50 жылдығына орай жазған «Бұл күнде жырдың бесті жүйрігісің» атты есте­лігінде.

 Ол өзінің парасатты мінезімен әрдайым ағаларына еркеледі десек, жарасар. «Қабдыкәрім – твор­честволық өрісі кең ақын. Ол нәзік лирик болып та, еңселі эпик болып та жырлайды. Тақырыптары да алуан-­алуан. Баламен де, атамен де сырласады. Сүйіне де, күйіне де біледі» деп айтқан екен әйгілі батыр ақын Жұбан Молдағалиев. 1978 жылы ақын Қабдыкәрім Ыдырысовпен бірге осы Жұбан Молдағалиев Жазушылар одағының басшылығы атынан Пав­лодар өңіріндегі мерейтойлық шара­ларға қатысады. Онымен бірге лирик ақын Сағи Жиенбаев, атақты композитор Әсет Бейсеуов жүрді. Осы сапарда Ә.Бейсеуов Қ.Ыдырысовтың сөзіне «Павлодарым» атты ән жазғаны туралы дерек бар. Өкініштісі, сол әннің нотасын таба алмай келеміз. Халық композиторының туындысы да анау-мынау, жеңіл дүние болмаған деп топшылаймыз...

«Ел кезіп қайда бармадым,

Шалқыдым, көкте самғадым.

Көп жердің таттым бал дәмін.

Жүрекке жүрек жалғадым.

Су татсам небір өзеннен,

Ертістің дәмін сезем мен...»

деп еді жарықтық Қ.Ыдырысов.

Иә, ол ақындық іссапарлармен біршама елдердің топырағын басты. Бірақ қайда болса да Ертісін жырлады, ауылын ұмытпады, ағайынын іздеді.

Шұрқырасып сыйласқан інісі, Қа­зақстанның халық жазушысы Тұ­ман­бай Молдағалиев: «Арабстан дәп­терінде» ақын тағы бір қырынан, жаңа бір қырынан танылды. Ақынның бұдан сәл бұрынырақ жазылған, Латвия топырағында туған «Балтық баспалдақтары» атты циклы да мені елең еткізген еді. Ал «Арабстан дәп­­тері» тұсында ақын ағамыз тіп­ті ас­қақтап кетті, ой да, сезім де қа­тар қағылған қанаттай ақын шығар­ма­ларын өнер биігіне қарай алып ұшып бара жатты» деп жазған еді.

Өмірде етене жақын араласқандар Қабдыкәрім ақынның әншілік өнері де болғанын айтады. «Естайдың «Қор­ланын» кең дауысымен шырқағанда, атақты әншілерден бір мысқал кем түспейтін, мен сол үшін Қабдыкәрімді құрметті меймандар келгенде ша­­қы­р­­­татын едім», дейтін майдангер жа­зушы Қасым Қайсеновтің естелігі бар.

Өзі де талай әннің авторы атанды. Халық қаһарманы, әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Баянауыл вальсі», Әбілахат Еспаевтың «Қайда­сыңдар, достарым» әндеріне сөз жазды. Балаларға арналған «Келші, келші балашым» өлеңі де оның жү­регінен шықты (кейін композитор Ескендір Хасанғалиев оған ән жазды), «Әрқашан күн сөнбесін» әні­нің қазақша аудармасы да оған тиесілі. Қазақ радиосынан ұзақ уақыт беріліп келген «Кел балалар, ойнайық, Ой­найық та ойлайық» ән-хабары­ның өзегі де осы Қабекеңнің өлеңінен алын­­­­ған болатын.

«Ән сүймеген өмірді де сүймейді, өзім жоқта әнім жүрсін құлақта» деген ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың жырлары халық жүрегінен терең орын алды.

Ертіс бойында дүниеге келіп, Ала­тау биігінде жұлдызы жанған Қаб­дыкәрім Ыдырысовтың есімі туған жерінде ұлықталуда. Ақын ауылында есімін арқалаған 11 жылдық мектеп бар, осы жолдардың авторының ұйымдастыруымен 2013 жылы жеке музейі де жасақталған. Өзі білім алған Павлодар педагогикалық учи­лищесінің қабырғасында мемо­риал­дық тақта орнатылған. 2013 жы­лы ақынның 85 жылдығына орай публицистикалық дүниелері «Ту­ған жер – төрім мәңгілік» атты жи­нақ, 2018 жылы Қ.Ыдырысовтың ақын­дық болмысы туралы әдебиет классиктерінің естеліктері «Тұрсам болды көңіліңнің төрінде» атты жеке кітап болып шықты. Өкінішке қарай, кіндігі кесілген Павлодар облысы Ақтоғай ауданы орталығында ақын ескерткішін орнату туралы ұсыныс қолдау таппай келеді. 1988 жылдан бері ақынның жеке өлеңдер жинағы да республика көлемінде мүлдем жарық көрмегені қынжылтады.

1973 жылы Азия-Африка елдерінің конференциясын ұйымдастыруға ұлы жазушы-академик Ғабит Мүсі­реповтермен қанаттаса жүріп үлес қос­қан ағамыздың еңбектері шет тіл­дерге аударылғаны белгілі. Өзі де А.Пушкин, Ю.Лермонтов, Н.Хик­мет, К.Хетогуров, А.Бартоның, С.Ми­халков пен С.Вургунның өлеңдерiн қазақша сөйлетті. Олардың барлығын жинақтап, заман талабына сай сұрып­тап, гауһардай жарқыратып жаңа ұрпаққа ұсыну – кейінгі қалам ұстау­шылардың қасиетті парызы.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

қабдыкәрімтанушы,

 

Павлодар облысы