Коронавирус • 15 Қазан, 2020

Шектеу шаралары қолға алынуда

160 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел ішінде жаман індеттің аты қайта атала бастады. Өткен тәулікте Шымкентте вирус жұқтырған 4 адам тіркелді.

Шектеу шаралары қолға алынуда

Қала көшелері мен тұрғындар жиі шоғырланатын орындар­дағы бейғамдықты ескерген қала билігі 2020 жылғы 12 қазанда сағат 00.00-ден бастап 2020 жылғы 26 қазанда сағат 00.00-ге дейін каран­тиндік шектеу шараларын ұзартқан болатын. Шаһардың бас мемлекеттік санитарлық дәрі­гері Әбдіманап Төлебаевтың қау­лы­сына сәйкес, демалыс және мереке күндері жабық азық-түлік пен азық-түліктік емес ба­зар­лар­дың (қабырғалары, терезе­лері/вит­раждары бар үй-жайлар, ғи­ма­рат­тар, құрылыстар) қызметі тоқ­та­ты­лады. Сондай-ақ демалыс және мереке күндері сы­йым­­дылығы 30 пайыздан ас­пай­тын және бір келушіге 4 шар­шы метрлік кеңістік тәртібін сақ­тау­мен азық-түлік базарлары мен жәрмеңкелердің, азық-түлік емес базарлардың қызметі сағат 06.00-ден 18.00-ге дейін шектелген. Жәрмеңкелердің жұмысы кү­шей­тілген санитарлық-дезин­фек­циялық режімді сақтай отырып ұйым­дастырылады. Оның ішінде дезин­фекциялық өткелдерді және са­ни­тайзерлерді орнату міндетті.

«Кинотеатрлардың (ашық алаң­­да орналасқан кино­­театрларды қоспағанда), цирк, сауда-ойын сауық кешен­дері мен орта­лықтардың, сауда үй­­лері­­нің ішіндегі балалардың ойын алаң­­дарының, мұз алаң­д­ары­­­ның, батут­тар мен фудкорт­тар­­дың жұмы­сына тыйым салын­сын. Ашық алаңдағы кинотеатр­лар­дың жұ­мысы бетперде кию режі­мі, әлеу­меттік қашықтық сақтал­ған жағ­дайда қалыпты режімде рұқ­сат етілсін», делінген қаулыда.

Осы орайда шымкенттік медицина мамандары тұрғын­дарды сақтық шараларына сал­ғырт қарамауға шақыруда. Қазіргі таңда қалада тіркелген 4 нау­қас­тың жағдайы қанағаттанарлық. Қосымша айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны бүгінде 5 207-ге (+4) жетсе, жазылып шыққандар саны 5 129 адамды құрайды. Ал ін­деттен қайтыс болғандар саны 71-ге жеткен. Осыған байланыс­ты, ме­дицина мамандары қала тұр­ғын­дарына қатерлі індеттің әлі де қауіп төндіріп тұрғанын ескер­теді. Сақтық шараларына сал­ғырт қарамай, адамдар көп шоғыр­ланатын орындардан ау­лақ болуын, қоғамдық көліктер­де, дүкендер мен қоғамдық та­мақ­тану орындарында бетперде киіп жүруге шақырады.

Дейтұрғанмен, қалтасын ойлаған саудагерлердің кей­біреу­лері сауда ны­сан­дарын­да карантин талап­­тарын сақта­майды. Оған қала аума­ғында құрылған арнайы мо­бильдік топтың рейдтік жұмыс­тарының нәтижесі дәлел. Өткен тәулікте қаланың Әл-Фараби ауданында мобильдік топ карантин талаптарының сақталуы бойынша кезекті рейдтік іс-шаралар өткізген болатын. Құзырлы мекемелерден құрылған мобильді топ кәсіпкерлік нысандарға, қоғамдық көліктерде карантин талаптарының сақталуына мониторинг жүргізді. Іс-шара барысында санитарлық-эпи­демиялық талаптарды сақ­тамаған кәсіп­кер­лерге әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Жалпы, аудан аумағында бұл бағыт­тағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты атқарылуда. Ал Еңбекші ауданында шілдеден бері 143 сауда нысанына хаттама толтырылған. Шымкент қаласының аудан аумақтарында коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында мониторинг жұмыстары жалға­сын табуда. Еңбекші ауда­ны бо­йын­ша мобильдік топ ақпараттық-түсін­діру жұмыс­тарын тұрақ­ты жүр­гізуде. Жұ­мысшы топ құрамына аудан әкімі аппаратының қызмет­кер­лері, ішкі істер органдары және аудандық тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бас­қармасының қызметкерлері ен­ген. Жұмысшы топ аудан аума­ғындағы халық көп шоғырла­натын орындарда, ірі сауда орындары, базарлар мен қоғамдық көліктерде санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізді. Жалпы аудан аумағында 20 шілдеден бастап карантин режімін бұзған 143 сауда нысанына хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Қаладағы денсаулық сақтау мекемелері де аты жаман індеттің екінші толқынына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Ең әуелі салалық министрлік тарапынан шаһардағы денсаулық сақтау мекемелерінің базасы қажетті медициналық құрал-жаб­­дық­тармен толыға түсті. Шымкент қалалық клиника­лық балалар ауруханасына Денсау­лық сақтау министрлігінің ықпалымен өкпе желдету аппараты орнатылды. Жаңа қондырғыны Дүниежүзі­лік банк өз есебінен гумани­тар­лық көмек ретінде жеткізіп берген. «HAMILTON-G5» өкпені желдету аппаратын дәрі­гер­лер жансақтау бөлі­мін­дегі науқас­тарды емдеу үшін қолданбақ. Қазіргі талап­тарға сай заманауи аппарат ауыр респи­раторлық ауытқуы бар науқастарды емдеуде таптырмайтын құрал-жабдық болып есептеледі, дейді мамандар.

Айта кетейік, қаладағы меди­ци­налық ұйымдарда материал­дық-техникалық базаны толық қамтамасыз ету үшін 88 ӨЖЖ аппараты сатып алынады. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан 156 ӨЖЖ аппараты жеткізілді, қазіргі уақытта инс­талляция жасалып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

 

ШЫМКЕНТ