Медицина • 15 Қазан, 2020

Міндет – дәрігерге де, науқасқа да қолдау білдіру

799 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әлемнің назарын денсаулыққа, адами құндылыққа аударған пандемия кезінде көптеген сала дағдарысқа ұшырап, медицина саласына сұраныс та, сұрақ та көбейді. Осы орайда елімізде енгізілген Мемлекеттік әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру жүйесі халықтың да, билік­тің де сынына көбірек ұшырады. Аталған жүйенің отан­дық медицина саласына әкелген өзгерістері мен не­гізгі қызметі туралы Әлеу­­мет­­тік медициналық сақтан­дыру қорының төрағасы Болат ТӨКЕ­ЖАНОВПЕН әңгім­е­лес­кен едік.

Міндет – дәрігерге де, науқасқа да қолдау білдіру

– Болат Тұрғанұлы, биыл Пре­зи­дент Қ.Тоқаев «Жаңа жағ­дай­дағы Қазақстан: іс-қимыл ке­зеңі» атты Жолдауында медицина саласына қатысты нақты бағыттарды атап көрсетті. Бұл ретте Жолдау жүктеген жұмыстарды жүзеге асыру жоспары қандай?

– Мемлекет басшысының Қазақ­стан халқына Жолдауында айтыл­ған медицина саласына қатысты тапсырмаларының қалай жүзеге асатыны туралы Денсаулық сақтау министрі А.Цой жақында Үкімет отырысында баяндама жасады. Ол медицина қызметкерлерін материалдық қолдауды жыл соңына дейін жалғастыру, дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиялық сала қыз­меткерлерінің жалақысын 2023 жылға қарай орташа жалақының екі еселенген деңгейіне жеткізу, экстракорпоральді ұрықтандыруға квота санын көбейту және басқа да маңызды мәселелер туралы баяндады. Министр баяндаған бағыттардың қорға қатысты тетіктерін қарастыру­дамыз. Себебі оны жүзеге асы­руға Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорының да тікелей қатысы бар. Президент айтып өткендей, елі­мізде жер-жаһанға зор қауіп төн­дірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Сондықтан бұл Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жақсарту жолдарын көрсететін құнды құжат деп білемін.

Өздеріңізге белгілі, биыл індетке байланысты ауыр кезеңдерді бастан өткіздік. Пандемия дүние жүзінің қа­лыпты өміріне айтарлықтай әсе­рін тигізіп, әлеуметтік жағдайды төмен­детті. Дегенмен халыққа мемлекет тарапынан барынша қолдау көр­сетіліп, жағдайды жақсарту үшін қадамдар жасалып жатыр. Осы орайда қорға билік тарапынан қойылған нақты талаптар бар. Соған сәйкес халықтың үнін естіп, қыз­мет сапасын арттыру – біздің басты ұс­танымымыз. Қиын кезеңде дәрігерге де, науқасқа да қолдау білдіру – міндетіміз.

– Қордың міндеттері мен мүм­кін­­діктері туралы тұрғындар түрлі пікір­де. Осы сұраныстарды жү­йе­леп, халыққа түсінікті тілде жет­кізу жағы қалай? Жалпы жүйеге қа­тыс­ты заңда қоғамның рөлі қандай?

– Әрине, бұл жаңа жүйенің іске қосылғанына көп болған жоқ. Ал індет салдарынан медицина саласына көп салмақ түсті. Осы кезде біздің жүйеге де сұрақ көбейді. Де­ген­мен халықтың сұранысын сара­­лап, жұмысты дұрыс жолға қою­­ға атсалысып жатырмыз. Себе­бі халық арасында жүйе туралы қазақ­ша ақпарат аз, ал сұрақтар көп еке­нін білемін. Одан кейін меди­цина­лық қызметтердің сапасын бақы­лауда ұстап, науқастардың құқық­тарын қорғау мәселесін де назар­да ұстап отырмыз. Міндетті әлеу­мет­­тік медициналық сақтандыру туралы арнайы заң бар. Бұл заң мін­детті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесінде туындайтын қоғам­дық қатынастарды реттейді. Ме­ди­циналық сақтандырудың бар­лық аспектілері туралы толық ақпа­рат беру үшін облыс әкімдері орынбасар­ларының басшылық етуімен әзірге 14 облыста аймақтық штабтар өтті. Осы штабтардың жұ­мысы кезінде жүйенің облыс­тардағы проблемалары анықталып, шешімдер қабылданады.

– Карантиннің күрделі кезеңінде қор тарапынан атқарылған жұ­мыс­­тар­дың бағыттары қандай болды?

– Атқарылып жатқан жұмыстарды он бағытқа бөліп айтып берейін. Бірінші, қаржылық ашықтықты қам­тамасыз ету. Қорға қаржы – ха­лық­тан, бизнес пен мемлекеттен түседі. Сондықтан бізді жұртшылық жіті бақылауда ұстайтыны заңды дүние. Сол себепті қордың барлық шығын­дық баптары бойынша үнемдеу мен қаржы тәртібін сақтау шараларын жүзеге асыру маңызды.

Екінші, филиалдардың міндет­терін күшейту. Бұрын барлық ше­шім­­дерді орталық аппарат қабыл­дай­тын болса, енді аймақтарға көбі­рек өкілеттіктер беріледі. Сатып алу, бюджетті жоспарлау, ме­ди­­ци­налық көмектің сапасын бақы­лау мәселелері жергілікті деңгейде шешіледі. Сондай-ақ қыз­ме­ттерге мо­ниторинг жасау үшін сарап­та­малық кеңестер құрылып, оған қаржылық білімі бар мамандар мен фармацевтер тартылды.

Үшінші, ақпарат айдынында ашықтық пен адалдық принципін ұстану. Түсінікті тілмен айтқанда, қыз­мет барысында науқастың құқы­ғын қорғап, дерті бар жанға демеу болатын қарапайым қағиданы жү­зеге асыру. Нақты қадамдар жасалып жатыр. Індет шекара талғамай жаһанды жайлап жатқанда, әсіресе карантин кезінде халық арасында онлайн консультация алу көрсеткіші күрт артты. Халыққа көмекші құрал ретінде қордың 1406 байланыс орталығы мен Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы жұмыс істеп тұр.

Төртінші, ақпараттық жүйелерді дамыту, «Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі» «Saqtandyrý» ішкі жүйесі шеңберінде медициналық қызметтердің сапасына автоматтандырылған мониторинг жүргізу үшін модульдерді әзірлеу бойынша көп жұмыс жүр­гізілуде. Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау министрлігінің «Тө­лем­дерді өңдеуді ұйымдастыру» авто­маттандырылған ақпараттық жүйесімен интеграциялау қорда бірнеше бағыт бойынша жүзеге асады. Мәселен, төлемдер туралы күн­делікті қысқаша мәліметтер мен тізімдемелерді алу, қажет болған жағдайда қате төленген төлемдерді қайтаруға электронды өтінімдерді қабылдау мен оны қарау нәтижелері туралы ақпарат беру, МӘМС-ке жарналар төлеуден босатылған тұлғалар туралы апта сайын жаңартылған ақпараттар алу. Дегенмен жедел мәлімет алмасу жүйелерін әлі де жетілдіре түсуіміз қажет.

Бесінші, қор медициналық көмек­тің кепілдендірілген көлемі мен мін­детті медициналық сақтан­дыру­дың бекітілген пакеттеріне сәй­кес медициналық көмекті қаржы­лан­дырды. Бұл көмектер қоғам үшін ма­ңызды аурулардың кепілден­діріл­ген көлемінің негізін құрайды.

Алтыншы, пандемия жағдайын ескере отырып, жұқпалы аурулар ауруханалары мен карантиндік ста­ционарлардың қызметтері, ПТР диаг­ностикасы індетке қарсы іс-қимыл шеңберінде кепілдендірілген және міндетті медициналық сақтандыру пакеттері есебінен көрсетілді.

Жетінші, карантин кезінде жедел қызмет көрсету үшін COVID-19 бойынша медициналық ұйымдардан қызметтерді сатып алу жеңілдетілген түрде жүзеге асырылды.

Сегізінші, медицина саласындағы қызмет сапасын арттыру үшін 2020 жылдың жеті айында қор сарапшыларының бақылауымен 586 мыңнан астам қызметте түрлі ақаулар анықталып, медициналық ұйымдарға 4,87 млрд теңге көлемінде айыппұлдар салынды.

Тоғызыншы, осы жылдың алты айында тұрғындар жедел жәр­демді 3,8 млн рет шақырған, дәрі­герлер 15 млн-нан астам пациентті қабылдаса, оның 4 млн-ы алғашқы медициналық көмек деңгейінде, ал 12 млн-ы профильді мамандар қабылдауында болған. Осы кезде медицина қызметкерлері 21 млн консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетті. Оның шамамен 5 млн-ы кепілдендірілген пакет бо­йынша, ал 16 млн-ы МӘМС ар­қы­лы. Барлық медициналық қыз­мет­тер толық көлемде, уақтылы, кідіріс­сіз, жоғары тарифтермен қаржы­ландырылғанын айтқым келеді.

Оныншы, қор қаржысы халық үшін жұмыс істеу керек деген қағи­дамен сақтандыру жүйесін жүйелі іске асыру, әлеуметтік әділдік орнату арқылы ұлт саулығының тұрақты дамуына ықпал ету көзделіп отыр.

– Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу елімізде бірнеше кезеңнен өтті. Алдағы уақытта жүйе тұрақты түрде жұмыс істеуі үшін қандай да бір стратегиялық жоспарлар бар ма?

– Әрине, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бірнеше кезеңнен өтті, әрбір кезең жұмыс беруші мен азаматтардың қатысу үлесін ұлғайтуды қажет ететін процесс. Дәл қазір МӘМС енгізудің қандай да бір жетістіктері туралы айтуға ерте, дегенмен тұрғын­дардан мемлекеттік ем­хана­ларда қызмет көрсетудің дұрыс­талып, консультациялық-диагностикалық көмектің қолжетімді бола түскені туралы жақсы пікірлер естиміз. Бұған дейін азаматтар өз қаражатынан төлеуге тура келген көптеген ақылы диагностикалар қазір толығымен тегін көрсетіліп жүр. Ел арасында көп айтылып жүрген сақтандыру мәртебесін анықтауға қатысты мәсе­лелер де сараланып, жақын күн­дері шешімін табады. Жалпы, жүйе туралы халық пен медицина қызметкерлерінің арасында түсін­діру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Себебі қазіргі дағдарыс жағ­да­йында біз үшін де кешенді шаралар қабылдау маңызды. Үкімет төтенше жағдай кезінде сақтандыру бойынша берешегі бар азаматтардың жекелеген санаттарына сақтандыру мәртебесін беру туралы бастамамызды қолдады. Талдау көрсеткендей, кейбір азаматтардың сақтандыру мәртебесі болмауының басты себебі 42 500 теңге біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеуінен болды. Яғни олар­ды ақпараттық жүйелер автомат­ты түрде жұмысы бар деп танып, «Saqtandyru» мәліметтер база­сындағы жеңілдік санаттарынан шығып қалған. Төтенше жағдай кезінде төлемдерінде үзілістер бол­ған жалдамалы жұмысшылар мен жеке кәсіпкерлер де жүйеден тыс қалды. Осыған байланысты соң­ғы 3 айда кем дегенде 1 төлем бол­ған жағ­дайда және жыл басынан бері бере­шегі 2 айдан аспайтын болса, қыз­мет­керлер мен жеке кәсіп­кер­лер жүйеге қайта қосылады. Тиім­ді шара­лар нәтижесінде қазір меди­ци­на­лық сақтандыру жүйесіне шама­мен 740 мың адам қайтарылды, олар­дың саны әлі де өседі. Пандемия сал­дары­нан табысын жоғалтқандар сақ­тан­дырылған мәртебесін алады, олар­ға медициналық көмек толық көр­се­тіледі. Жалпы қор­дың стра­тегиялық бағыты айқын. Дегенмен келешекте карантин кезінде анық­талған осал тұстарымызды жетіл­діруге күш саламыз. Қазіргі міндеті­міз құзыретті би­лік­пен бірлесіп оң нә­тижелерге жету. Ең бастысы, ха­лық ешқашан мем­лекет­тің назарынан тыс қалған емес.

– Қор науқастардың омбудсмені ретінде оларды медициналық көмек алу құқығын қорғауға ша­қы­рады. Ал дәрігерлерді қолдау жағы қалай?

– Пандемия басталғалы денсау­лық сақтау саласы басты назарда тұр. Осы індет кезінде дәрігерлерге, жалпы медицина қызметкерлеріне деген құрмет артып, олардың қоғам алдындағы мәртебелері жоғарылай түсті. Оларды қолдау үшін рес­пуб­ликалық бюджет көтерме жәрдем­ақыға 90,1 млрд теңге бөлсе, қор наурыз-тамыз аралығында қосым­ша 73,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Жәрдемақы алушы­лар­дың тізімдерін аймақтық штабтар­да құрылған комиссиялар жа­сайды. Егер медициналық қызметкер­лерде жәрдемақы төлеуге қатысты сұ­рақ­тар туындаса, олар осы аймақ­тық штабқа жүгіну керек. Ал осы ін­детпен ауырған медици­на қыз­меткерлеріне Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі өңір­лік денсаулық сақтау басқар­ма­лары­ның сұранысымен аймақтық комис­сия­лардың шешімі негізінде төлейді.

– Еліміздің барлық азаматы осы жүйеге жарна төлеуге міндетті ме?

– Президент сенім білдірген меди­­ци­налық сақтандыру жүйесі – бұл әлеуметтілік, яғни мемлекет әлеумет­тік жағынан осал халықтың үлкен тобы үшін төлем жасайды. Жеңілдік санатына кіретіндер – балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегер­лері, күндізгі оқу бөлімінде оқи­тындар, жұмыссыздар мен ата жұртқа оралған қандас­­тарымыз, бас бостандығы­нан айырыл­ғандар. Президенттің Жолдауында айтылған шағын және орта бизнестің 29 санаты жылдың соңына дейін төлемнен босатылды, дағдарысқа байланыс­ты ірі бизнестің 10 санаты биыл 1 шілдеге дейін төлем жасаған жоқ. Ал бұл санатқа жатпайтын азаматтар «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның талаптарына сәйкес жүйеге жарналар төлеуі тиіс. Себебі бұл – ерікті емес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Денсаулық басты байлық еке­­нін ескерсек, медицинаның ұлт бола­шағында маңызды рөлін ұғынуға болады. Осы орайда Президенттің бұл салаға айрықша көңіл бөлуі – ұлт сау­лығына деген қамқорлық деп біле­мін.

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»