– Болат Тұрғанұлы, биыл Президент Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында медицина саласына қатысты нақты бағыттарды атап көрсетті. Бұл ретте Жолдау жүктеген жұмыстарды жүзеге асыру жоспары қандай?
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған медицина саласына қатысты тапсырмаларының қалай жүзеге асатыны туралы Денсаулық сақтау министрі А.Цой жақында Үкімет отырысында баяндама жасады. Ол медицина қызметкерлерін материалдық қолдауды жыл соңына дейін жалғастыру, дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиялық сала қызметкерлерінің жалақысын 2023 жылға қарай орташа жалақының екі еселенген деңгейіне жеткізу, экстракорпоральді ұрықтандыруға квота санын көбейту және басқа да маңызды мәселелер туралы баяндады. Министр баяндаған бағыттардың қорға қатысты тетіктерін қарастырудамыз. Себебі оны жүзеге асыруға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының да тікелей қатысы бар. Президент айтып өткендей, елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Сондықтан бұл Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жақсарту жолдарын көрсететін құнды құжат деп білемін.
Өздеріңізге белгілі, биыл індетке байланысты ауыр кезеңдерді бастан өткіздік. Пандемия дүние жүзінің қалыпты өміріне айтарлықтай әсерін тигізіп, әлеуметтік жағдайды төмендетті. Дегенмен халыққа мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, жағдайды жақсарту үшін қадамдар жасалып жатыр. Осы орайда қорға билік тарапынан қойылған нақты талаптар бар. Соған сәйкес халықтың үнін естіп, қызмет сапасын арттыру – біздің басты ұстанымымыз. Қиын кезеңде дәрігерге де, науқасқа да қолдау білдіру – міндетіміз.
– Қордың міндеттері мен мүмкіндіктері туралы тұрғындар түрлі пікірде. Осы сұраныстарды жүйелеп, халыққа түсінікті тілде жеткізу жағы қалай? Жалпы жүйеге қатысты заңда қоғамның рөлі қандай?
– Әрине, бұл жаңа жүйенің іске қосылғанына көп болған жоқ. Ал індет салдарынан медицина саласына көп салмақ түсті. Осы кезде біздің жүйеге де сұрақ көбейді. Дегенмен халықтың сұранысын саралап, жұмысты дұрыс жолға қоюға атсалысып жатырмыз. Себебі халық арасында жүйе туралы қазақша ақпарат аз, ал сұрақтар көп екенін білемін. Одан кейін медициналық қызметтердің сапасын бақылауда ұстап, науқастардың құқықтарын қорғау мәселесін де назарда ұстап отырмыз. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы арнайы заң бар. Бұл заң міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. Медициналық сақтандырудың барлық аспектілері туралы толық ақпарат беру үшін облыс әкімдері орынбасарларының басшылық етуімен әзірге 14 облыста аймақтық штабтар өтті. Осы штабтардың жұмысы кезінде жүйенің облыстардағы проблемалары анықталып, шешімдер қабылданады.
– Карантиннің күрделі кезеңінде қор тарапынан атқарылған жұмыстардың бағыттары қандай болды?
– Атқарылып жатқан жұмыстарды он бағытқа бөліп айтып берейін. Бірінші, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету. Қорға қаржы – халықтан, бизнес пен мемлекеттен түседі. Сондықтан бізді жұртшылық жіті бақылауда ұстайтыны заңды дүние. Сол себепті қордың барлық шығындық баптары бойынша үнемдеу мен қаржы тәртібін сақтау шараларын жүзеге асыру маңызды.
Екінші, филиалдардың міндеттерін күшейту. Бұрын барлық шешімдерді орталық аппарат қабылдайтын болса, енді аймақтарға көбірек өкілеттіктер беріледі. Сатып алу, бюджетті жоспарлау, медициналық көмектің сапасын бақылау мәселелері жергілікті деңгейде шешіледі. Сондай-ақ қызметтерге мониторинг жасау үшін сараптамалық кеңестер құрылып, оған қаржылық білімі бар мамандар мен фармацевтер тартылды.
Үшінші, ақпарат айдынында ашықтық пен адалдық принципін ұстану. Түсінікті тілмен айтқанда, қызмет барысында науқастың құқығын қорғап, дерті бар жанға демеу болатын қарапайым қағиданы жүзеге асыру. Нақты қадамдар жасалып жатыр. Індет шекара талғамай жаһанды жайлап жатқанда, әсіресе карантин кезінде халық арасында онлайн консультация алу көрсеткіші күрт артты. Халыққа көмекші құрал ретінде қордың 1406 байланыс орталығы мен Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы жұмыс істеп тұр.
Төртінші, ақпараттық жүйелерді дамыту, «Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі» «Saqtandyrý» ішкі жүйесі шеңберінде медициналық қызметтердің сапасына автоматтандырылған мониторинг жүргізу үшін модульдерді әзірлеу бойынша көп жұмыс жүргізілуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграциялау қорда бірнеше бағыт бойынша жүзеге асады. Мәселен, төлемдер туралы күнделікті қысқаша мәліметтер мен тізімдемелерді алу, қажет болған жағдайда қате төленген төлемдерді қайтаруға электронды өтінімдерді қабылдау мен оны қарау нәтижелері туралы ақпарат беру, МӘМС-ке жарналар төлеуден босатылған тұлғалар туралы апта сайын жаңартылған ақпараттар алу. Дегенмен жедел мәлімет алмасу жүйелерін әлі де жетілдіре түсуіміз қажет.
Бесінші, қор медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті медициналық сақтандырудың бекітілген пакеттеріне сәйкес медициналық көмекті қаржыландырды. Бұл көмектер қоғам үшін маңызды аурулардың кепілдендірілген көлемінің негізін құрайды.
Алтыншы, пандемия жағдайын ескере отырып, жұқпалы аурулар ауруханалары мен карантиндік стационарлардың қызметтері, ПТР диагностикасы індетке қарсы іс-қимыл шеңберінде кепілдендірілген және міндетті медициналық сақтандыру пакеттері есебінен көрсетілді.
Жетінші, карантин кезінде жедел қызмет көрсету үшін COVID-19 бойынша медициналық ұйымдардан қызметтерді сатып алу жеңілдетілген түрде жүзеге асырылды.
Сегізінші, медицина саласындағы қызмет сапасын арттыру үшін 2020 жылдың жеті айында қор сарапшыларының бақылауымен 586 мыңнан астам қызметте түрлі ақаулар анықталып, медициналық ұйымдарға 4,87 млрд теңге көлемінде айыппұлдар салынды.
Тоғызыншы, осы жылдың алты айында тұрғындар жедел жәрдемді 3,8 млн рет шақырған, дәрігерлер 15 млн-нан астам пациентті қабылдаса, оның 4 млн-ы алғашқы медициналық көмек деңгейінде, ал 12 млн-ы профильді мамандар қабылдауында болған. Осы кезде медицина қызметкерлері 21 млн консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетті. Оның шамамен 5 млн-ы кепілдендірілген пакет бойынша, ал 16 млн-ы МӘМС арқылы. Барлық медициналық қызметтер толық көлемде, уақтылы, кідіріссіз, жоғары тарифтермен қаржыландырылғанын айтқым келеді.
Оныншы, қор қаржысы халық үшін жұмыс істеу керек деген қағидамен сақтандыру жүйесін жүйелі іске асыру, әлеуметтік әділдік орнату арқылы ұлт саулығының тұрақты дамуына ықпал ету көзделіп отыр.
– Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу елімізде бірнеше кезеңнен өтті. Алдағы уақытта жүйе тұрақты түрде жұмыс істеуі үшін қандай да бір стратегиялық жоспарлар бар ма?
– Әрине, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бірнеше кезеңнен өтті, әрбір кезең жұмыс беруші мен азаматтардың қатысу үлесін ұлғайтуды қажет ететін процесс. Дәл қазір МӘМС енгізудің қандай да бір жетістіктері туралы айтуға ерте, дегенмен тұрғындардан мемлекеттік емханаларда қызмет көрсетудің дұрысталып, консультациялық-диагностикалық көмектің қолжетімді бола түскені туралы жақсы пікірлер естиміз. Бұған дейін азаматтар өз қаражатынан төлеуге тура келген көптеген ақылы диагностикалар қазір толығымен тегін көрсетіліп жүр. Ел арасында көп айтылып жүрген сақтандыру мәртебесін анықтауға қатысты мәселелер де сараланып, жақын күндері шешімін табады. Жалпы, жүйе туралы халық пен медицина қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Себебі қазіргі дағдарыс жағдайында біз үшін де кешенді шаралар қабылдау маңызды. Үкімет төтенше жағдай кезінде сақтандыру бойынша берешегі бар азаматтардың жекелеген санаттарына сақтандыру мәртебесін беру туралы бастамамызды қолдады. Талдау көрсеткендей, кейбір азаматтардың сақтандыру мәртебесі болмауының басты себебі 42 500 теңге біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеуінен болды. Яғни оларды ақпараттық жүйелер автоматты түрде жұмысы бар деп танып, «Saqtandyru» мәліметтер базасындағы жеңілдік санаттарынан шығып қалған. Төтенше жағдай кезінде төлемдерінде үзілістер болған жалдамалы жұмысшылар мен жеке кәсіпкерлер де жүйеден тыс қалды. Осыған байланысты соңғы 3 айда кем дегенде 1 төлем болған жағдайда және жыл басынан бері берешегі 2 айдан аспайтын болса, қызметкерлер мен жеке кәсіпкерлер жүйеге қайта қосылады. Тиімді шаралар нәтижесінде қазір медициналық сақтандыру жүйесіне шамамен 740 мың адам қайтарылды, олардың саны әлі де өседі. Пандемия салдарынан табысын жоғалтқандар сақтандырылған мәртебесін алады, оларға медициналық көмек толық көрсетіледі. Жалпы қордың стратегиялық бағыты айқын. Дегенмен келешекте карантин кезінде анықталған осал тұстарымызды жетілдіруге күш саламыз. Қазіргі міндетіміз құзыретті билікпен бірлесіп оң нәтижелерге жету. Ең бастысы, халық ешқашан мемлекеттің назарынан тыс қалған емес.
– Қор науқастардың омбудсмені ретінде оларды медициналық көмек алу құқығын қорғауға шақырады. Ал дәрігерлерді қолдау жағы қалай?
– Пандемия басталғалы денсаулық сақтау саласы басты назарда тұр. Осы індет кезінде дәрігерлерге, жалпы медицина қызметкерлеріне деген құрмет артып, олардың қоғам алдындағы мәртебелері жоғарылай түсті. Оларды қолдау үшін республикалық бюджет көтерме жәрдемақыға 90,1 млрд теңге бөлсе, қор наурыз-тамыз аралығында қосымша 73,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Жәрдемақы алушылардың тізімдерін аймақтық штабтарда құрылған комиссиялар жасайды. Егер медициналық қызметкерлерде жәрдемақы төлеуге қатысты сұрақтар туындаса, олар осы аймақтық штабқа жүгіну керек. Ал осы індетпен ауырған медицина қызметкерлеріне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының сұранысымен аймақтық комиссиялардың шешімі негізінде төлейді.
– Еліміздің барлық азаматы осы жүйеге жарна төлеуге міндетті ме?
– Президент сенім білдірген медициналық сақтандыру жүйесі – бұл әлеуметтілік, яғни мемлекет әлеуметтік жағынан осал халықтың үлкен тобы үшін төлем жасайды. Жеңілдік санатына кіретіндер – балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлері, күндізгі оқу бөлімінде оқитындар, жұмыссыздар мен ата жұртқа оралған қандастарымыз, бас бостандығынан айырылғандар. Президенттің Жолдауында айтылған шағын және орта бизнестің 29 санаты жылдың соңына дейін төлемнен босатылды, дағдарысқа байланысты ірі бизнестің 10 санаты биыл 1 шілдеге дейін төлем жасаған жоқ. Ал бұл санатқа жатпайтын азаматтар «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның талаптарына сәйкес жүйеге жарналар төлеуі тиіс. Себебі бұл – ерікті емес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Денсаулық басты байлық екенін ескерсек, медицинаның ұлт болашағында маңызды рөлін ұғынуға болады. Осы орайда Президенттің бұл салаға айрықша көңіл бөлуі – ұлт саулығына деген қамқорлық деп білемін.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»