Қоғам • 15 Қазан, 2020

Жомарт жүректі жандар

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ақылды қала» тұрғындарының бір-біріне қамқорлығын естіген болуы керек, бір топ петропавлдық журналистер орыс тіліндегі «You&city» атты ютуб арнасында ток-шоу ұйымдастырған еді. Онда тұрмыстық ахуалы барынша төмен, мұқтаж қала тұрғындары көрсетіліп, олардың проблемалары ортаға салынады. Оны естіген жылы жүректі, қолы ұзын адамдар материалдық көмек, ал түрлі мамандар ақыл-кеңестерін айтып, жәрдем қолын созып жатады.

Жомарт жүректі жандар

Осы жобаның алғашқы хабарына Евгения Довгяло есімді келіншек қатысқан еді. Ол карантин кезінде жұмысынан айырылыпты. Өзі екі баланың анасы. Жеті жыл бірге тұрған күйеуі араққа салынып, отбасынан мүлде кетіп қалған. Балаларына қарасуды ойына да алмайды екен. Тіпті алимент сұраған әйеліне қоқан-лоқы жасап, «Егер мұндай сұрақ қоятын болсаң үйіңді өртеп жіберемін», деп қорқытқан.

Тұратын жерлері жылдар бойы жөндеу көрмеген ескі жатақхана. Сыз иісінен ауасы да ауыр. Суы да жиі болмай қалады. Осындай қиын жағдайда қалғандықтан Евгения үлкен қызын Мамлютка қаласындағы интернатқа беруге мәжбүр болыпты. Баласын сағынғаннан жүрегі қан жылайтын жас ана ұзақ түндерді де ұйқысыз өткізіп жүр екен. Соның бәрін ток-шоуда шыбын жаны шырқырап, көзінің жасын көлдетіп айтып берген анаға жаны ашымағандар кемде-кем шығар.

Қолы ұзын адамдар арасында жанашыр жандар бар екен. Евгения Довгялоның басындағы ауыртпалықты көрген петропавлдық кәсіпкерлердің бірі оған бір бөлмелі пәтер сатып әперіпті. Мұны шын көңілінен істеп, тіпті өзінің аты-затын көрсетуді де қаламаған. Қаріп жандарға сатып алған үйінің бұрынғы қожайынынан жиһаздарын да түгел алып беріпті. Тіпті көші-қонға көлік жалдауға ақша да берген. Осындай жандардың бар екенін көргенде өмірге құлшыныс та арта түсетін сияқты. Ал енді Евгения Довгялоның аузына алғыстан басқа сөз түспейді. Екі езуі екі құлағына жетіп қуанған ол кіші қызы Маргаританы құшақтап, көзі боталап тек алғысын айта береді. Ендігі мақсаты – интернатқа берген үлкен қызын қайтару. Бұл үшін әлеуметтік қызметкерлер келіп Довгялоның тұрмысын көріп, бағасын берулері керек. Қазір жас ана оларды асыға күтіп отыр. Ал тілі жаңа шыққан кіші қызы белгісіз ағайды «он хороший» деп мақтай беруден жаңылар емес. Енді ше... Басқалар да көріп қызыққан көптеген ойыншық, қуыршақтармен «жақсы ағасы» өзін әбден байытып кетіпті.

Жүрегі жылы, жаны жомарт осындай жақсы ағалар аман болсын.

 

ПЕТРОПАВЛ