Қоғам • 15 Қазан, 2020

Заман індеті – зорлық-зомбылық

1072 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Отбасы – шағын мемлекет» дегеніміз, бұл отбасының қоғамда алар орнына қарай айтылған сөз десек қателеспейміз. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына тигізер ықпалы бар болғандықтан да отбасын шағын мемлекетке теңесе керек. Өкінішке қарай, түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес.

Заман індеті – зорлық-зомбылық

«Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бейжай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетін әйелдер мен жас балалар. Заң тұрғысынан да бірқатар өзгерістер енгізілген. Отбасының шырқын бұзып, айқай-шу шығарғаны, қол жұмсағаны дәлелденген құжаттары болса, әкімшілік жазаға тартумен қатар, қамаққа алу қарастырылған.

Балалар өз үйінде, мектепте және басқа да қоғамдық мекемелерде күнделікті қатыгездікпен және зорлық-зомбылықпен ұшырасып отырады. Алайда, осы кезге дейін қоғам бұл мәселеге зейін қойған емес. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Зорлық-зомбылықтың үйде, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда жылы жабылып қалады, яғни мойындалмайды. Бұл отбасының басқа мүшелері сияқты қорғалу құқығы бар жаннан гөрі, ата-анасының меншігі ретінде қалыптасудың салдарынан болады. Дөрекілік, күш көрсету, адамның бағыт-бағдарын өзгеру, зорлық-зомбылықтың дамуын және қылмыстық әрекетті тудырады. Нәтижесінде өз-өзіне қол жұмсауға немесе бала тағдырының бұзылуына әкеліп соғады.

2020 жылдың 12 маусымында Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен қылмыстық іс қаралып, сот тергеу барысында анықталғандай, тұрғылықты мекенжайы жоқ азамат, есімін де атауға татымайтын тұлға өгей ұл-қызына бірнеше жылдар бойы зорлық-зомбылық көрсетіп келген, яғни, көрінеу жас балаға қатысты күш қолданып және оны қолдану қатерін төндіріп, жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, бірнеше рет сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасаған.

Жоғарыда көрсетілген қылмыстық әрекет сексуалдық зорлық-зомбылық түрінде яғни, адамның жыныстық тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер болып табылады.

Өкінішке қарай, бүгінгі біздің қоғамда сексуалдық зорлық-зомбылықтан басқа, күш көрсету зорлық-зомбылығы, психологиялық зорлық-зомбылық, экономикалық зорлық-зомбылық түрлері белең алып, заман індетіне айналуда.

 

Анаргүл АХОНОВА,

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы

 

Батыс Қазақстан облысы