Шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ұйымы Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай ұйымдастырып отыр. Пікірсайысқа 16 жоғары оқу орны мен 35 орта арнаулы оқу орнының студенттері қатысады. Турнир Британдық Парламенттік форматта өтпек. Осы аптада колледж студенттері арасында жарыс басталып кетті. Ал университет тәлімгерлері 24-25 қазан күндері пікір таластырады. Ашылу салтанатында сөз алған «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Аян Ерментаев пен Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті Болат Бұхарбай қатысушыларға ұшқыр ой мен тиімді шешімдер табуды тілеп, шараның жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.
Дәстүрге айналған пікірсайыс турнирінің биылғы жылғы ерекшелігі, онлайн форматта өткені болды. Ұйымдастырушылар мұндай шараның жастардың жеке дамуына, ойын еркін және нақты жеткізе білуіне, жаһандық өзгерістерден хабардар болып, кез келген тақырыпта ой жарыстыра алуына сеп болады деп есептейді. Бұл ретте турнирдің бас төрешісі жоғары оқу орындарының ғана емес, колледж студенттерінің де жобаға тартылғаны қуантады деген пікір білдірді.
«Орта арнаулы оқу орындарының студенттері мұндай шаралардан тыс қалып жатады. Олардың жасөспірім екенін ескерсек, мұндай шараларға қатысу арқылы өздерін жан-жақты дамытып, үлкен тәжірибе жинақтайды. Жалпы, пікірсайыстың пайдасы көп. Қазіргі еңбек нарығында soft skills, яғни креативті ойлау, тез шешім қабылдау, ұтымды пікір білдіру секілді қабілеттер сұранысқа ие.
Одан бөлек кез келген ортада сенімді сөйлей білу де – жастар үшін болашақта керек дағды. Пікірсайыс жарыстарында осы айтылған қасиеттерді дамытуға үлкен мүмкіндік бар», деді Нұртас Күздеубаев.
Жарыс төрешісі сондай-ақ онлайн форматтың қатысушылар үшін өте ыңғайлы екенін алға тартты. Өйткені әдетте пікірсайыс клубтары қаржының болмауы, уақыттың тапшылығы секілді қиындықтарға тап болады екен.
Бос уақытын тиімді пайдаланып жатқан қатысушылар да дән риза. Елордадағы Медициналық-техникалық колледждің стоматология мамандығының 3-курс студенті Нұрдәулет Досмағамбетов қашықтан сабақ оқып жүргендіктен бос уақыты көп екенін айтады. Ал сол уақытты осылай тиімді өткізудің пайдасы зор. Бастапқыда ойынның онлайн форматта өтуі оған оғаш көрінгенімен, кейіннен үйренісіп, үлкен тәжірибеге айналғанын айтады.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» орталығы басшысының орынбасары Аян Ерментаев бұл жарыстың жастарға берері көп екеніне сенімді.
«Жастарымыздың бос уақытын әрқашан тиімді пайдалануына және өздерін дамытуына мүмкіндік беруіміз керек. Бұл үшін мемлекет тарапынан да жағдай жасалған. Пікірсайыс ойындары жастарымызды өз ойын еркін жеткізуге, сыни ойлау қабілетін дамытуға, жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Білімді, ұтқыр ойлы жастарды тәрбиелеу – басты мақсатымыз, себебі жастар – біздің егемен еліміздің баянды болашағының кепілі», деді А.Ерментаев.