Қоғам • 15 Қазан, 2020

Құтқарушылар елорданың жеке секторында рейд жүргізуде

173 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өрттің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері елорданың жеке секторында рейд өткізуде, деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Құтқарушылар елорданың жеке секторында рейд жүргізуде

"15 тамызда біз жеке тұрғын үй секторын аралауды бастадық. Шара жыл сайынғы жылыту маусымы басталғанға дейін өрттің алдын алу мақсатында өткізіледі. Тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін күнделікті өмірде сақтау туралы хабардар етеміз. Пештер мен құбырларды, түтін мұржалары мен құдықтарды уақытылы және дұрыс тазарту, сондай-ақ пештерде көмірқышқыл газы шығатын жарықтар болмауын қадағалауды ескертеміз. Сондай-ақ ашық сымдарға, байланыс қораптарының бұрандыларына назар аударамыз. Электр сымдарының, ұзартқыш сымдардың шамадан тыс жүктемесіне жол бермеу бойынша түсініктеме береміз", - деді Сарыарқа ауданы төтенше жағдайлар басқармасы бастығы Қуаныш Тоқсарин.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД қызметкерлері азаматтардың үйлеріне датчиктер орнатуда.

"Төтенше жағдайлар департаментінің және қалалық штабтың өкілдерімен бірге Көктал-1 шағын ауданында датчиктер орнатып жатырмыз. Қазір "Сарыарқа" аймағында тоғызыншы датчик орнатылды. Шара жыл соңына дейін жалғасады", - дейді Нұр-Сұлтан қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасы маманы Әнуар Ақылаев.

"Рақмет, біз қуаныштымыз. Бұл бізге өте пайдалы", - дейді жеке сектор тұрғыны Үміт Жорабаева.

Айта кетейік, шара барлық санитарлық нормаларға сәйкес өткізіледі. Жалпы, 15 тамыздан бастап рейд аясында 15 мыңға жуық үй қамтылды. 191 көміртек тотығының датчиктері орнатылды.