14 Сәуір, 2010

ЕКІ ТУРНИРДЕ ТӨРТ АЛТЫН

555 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақында Қазақстан құрамасының боксшылары Түркия мен Қытайда өткен халықаралық турнирлерден келді. Ыстамбұл қаласында ерлер және әйелдер арасында “Премьер-министр” бәсекесіне қатысқан былғары қолғап шеберлеріміз 2 алтын, 1 күміс, 4 қола медальді еншілесе, Гуиянг қаласында “Чайна Оупен” турнирінде күш сынас­қан боксшыларымыз 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль­ді жеңіп алды. Қытайда 3-11 сәуір аралығында өткен сында қолғап түйістірген 20 елдің 102 боксшысы арасында Мейіржан Рақымжанов (54 кг), Манат Өмірзақов (69 кг) бас жүлдені иеленсе, Ілияс Сүлейменов (48 кг) пен Нисай Байматов (75 кг) күміс медальді, ал Ғани Жайлауов (60 кг), Батыржан Жүкенбаев (64 кг), Марат Қиясов (81 кг) қола жүлдені қанағат тұтты. Түркияда 6-12 сәуір күндері өткен турнирде ерлер арасында Мардан Берікбаев (48 кг), Рүстем Сыбаев (69 кг), Иван Дычко (91 кг-ден жоғары) қола медальді еншілесе, әйелдер арасында Нәзгүл Боранбаева (48 кг) мен Жұлдыз Маматқұлова (81 кг) құрмет тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Ал Саида Қасенова (64 кг) күміс жүлдені, Назым Қазыбай (46 кг) қола медальді мойындарына тақты. Енді Қазақстан құрамасының ерлер және әйелдер командасы 20-25 сәуір аралығында Польшаның Варшава қаласында өтетін ХХVІІ дәстүрлі “Феликс Стамм” халықаралық турниріне қатысады. Турнир АІВА ережесі бойынша ерлер арасында 11 салмақ дәрежесі, ал әйелдер арасында 48-51 кг, 56-60 кг және 69-75 кг салмақ дәрежелерінде өтеді. Бұл бәсекеге ұлттық құрама сапында ерлер арасында Біржан Жақып (48кг), Данияр Төлегенов (54 кг), Данияр Елеусінов (64 кг), Серік Сәпиев (69 кг), Нұрдәулет Жарманов (75 кг) пен Рүстем Іргебаев (91 кг-ден жоғары) қатысады. Бұдан кейін жастар арасындағы ұлттық құрама 20 сәуір мен 2 мамыр аралығында Әзірбайжанның астанасы – Баку қаласында өтетін әлем чемпионатында күш сынасады. Команданың аға бапкері Назар Ілиясов бастайтын чемпионатқа жастарымыз екі құраммен барады. Естеріңізге сала кетсек, мұның алдында Иранның астанасы – Теһран қаласында өткен Азия чемпионатында жастар құрамасы 4 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған болатын.