Елорда • 15 Қазан, 2020

Елордалық 2,5 мыңнан астам медицина қызметкері үстемеақы алады

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша елорданың 2,5 мыңнан астам медицина қызметкері үстемеақы алады. Үстемеақы 0,9 млрд теңгеден аса соманы құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz 

Елордалық 2,5 мыңнан астам медицина қызметкері үстемеақы алады

Қазіргі уақытта үстемақы алатындардың тізімін өңірлердегі арнайы комиссия жасақтауда. Тізім ұсынылғаннан кейін Қор ай сайынғы қосымша үстемеақыларын төлеуге кіріседі. Бұл жұмыстарды 15 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша инфекция тараған қауіпті жағдайда жұмысқа тартылған медицина қызметкерлерінің саны эпидемиологиялық жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады. Мысалы, наурызда коронавирусқа қарсы  күрес шараларына 1,9 мың медицина қызметкері тартылса,  тамыз айында олардың саны 5,5 мыңға дейін өсті.

Айға бөліп қарастырса, елордадағы көрсеткіш мынадай:

  • наурыз айында 1 893 медицина қызметкеріне 646 336 369 тенге үстемеақы;
  • сәуірде – 3 222 медицина қызметкеріне 1 108 272 721 теңге үстемеақы;
  • мамырда – 2 393 медицина қызметкеріне 1 120 295 593 теңге үстемеақы;
  • маусымда – 5 900 медицина қызметкеріне 2 062 650 339 теңге үстемеақы;
  • шілдеде – 6 945 медицина қызметкеріне 3393 115 623 теңге үстемеақы;
  • тамызда – 5 513 медицина қызметкеріне 1 915 665 654 теңге үстемеақы төленді;

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында COVID-19-ға қарсы күрес аясында эпидемиялық шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне екінші жарты жылдықта ынталандыру үшін үстемеақы төлеуге 150 млрд теңге бөлуді тапсырған еді.

Аталған тапсырманы орындау барысында Қор осы  жылдың соңына дейін медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу үшін қажетті қаржының  болжамды есебін жасады.  Медициналық сақтандыру қоры пандемия кезінде қиын жағдайда алдыңғы шепте жүретін медицина қызметкерлеріне уақтылы үстемеақы төлеу жұмыстарын жалғастыра береді.