Балтыры сыздап, белі ауыра қалса шалғайға барып ем іздейтін Түркістан қаласына қарасты Құмтиын және Шыпан елді мекендерінің тұрғындары енді алысқа сабылмайтын болды. Осы мәселені назарға алған облыс басшылығы жыл басында бюджет есебінен қаржы қарап, нәтижесінде ауыл тұрғындарының алғысын алды.
Балтыры сыздап, белі ауыра қалса шалғайға барып ем іздейтін Түркістан қаласына қарасты Құмтиын және Шыпан елді мекендерінің тұрғындары енді алысқа сабылмайтын болды. Осы мәселені назарға алған облыс басшылығы жыл басында бюджет есебінен қаржы қарап, нәтижесінде ауыл тұрғындарының алғысын алды.
Бұған дейін Түркістанда бір фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілген болатын. Ал, жыл соңына дейін ауысымына 500 адам қабылдайтын соңғы үлгідегі қалалық емхана ашылады деп күтілуде. Осылайша киелі шаһарда халық денсаулығын жақсарту ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Бұл жөнінде қала әкімі Б.Әшірбеков «Дені сау ұлт – ел болашағы» деген қағидаға сай өңірдегі денсаулық сақтау саласы 2 млрд. 728 млн. теңгеге қаржыландырылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, осы саланы қаржыландыру көлемі 13,8 пайызға артқанын жеткізді. Осы секілді Ескі Иқан және қалалық орталық ауруханалардың ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілсе, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше назар аударылған.
Сондай-ақ, бұл күні Түркістан қаласындағы Н.Некрасов атындағы мектеп-гимназиясы жанынан 300 орындық жаңа оқу ғимараты оқушыларға есік ашты. Бұл тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі қасиетті қалада жаңадан іске қосылған 25-ші мектеп ғимараты болып отыр. Жалпы, егемендіктің алғашқы күнінен бастап, ел ертеңін білімді ұрпақпен елестеткен Елбасы мемлекетіміздің білім саласына ерекше мән беріп келеді. Соның жемісі болса керек, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, сол секілді мемлекеттің білім саласына жасаған қамқорлығының шарапатын көрген көптеген білікті мамандар осы күнде өңірлердің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүр. Ал, Түркістандағы игілікті іс – осындай нақты қадамдардың жалғасы болып отыр.
Атап айтқанда, осы уақытқа дейін сыйымдылығы мың орынды құрайтын ғимаратта екі мыңнан астам шәкірт екі ауысымда білім алып келген болатын. Енді сол қаракөз бүлдіршіндерімізге барлық талаптарға сай білім беруге мүмкіндік туды. Жергілікті бюджет есебінен салынған жаңа ғимараттың сметалық құны 386 770 000 теңге. Осы жылдың сәуірінде басталған құрылыс жұмыстары кестеге сай қазан айында толығымен аяқталды. Осы орайда, Түркістан қаласындағы білім саласының тынысына аз-кем тоқталып өтсек. Алдағы күндерде қала төрінде тағы бір мектеп пен балабақша пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, қала әкімі Б.Әшірбековтің айтуынша, келер жылы 4 мектеп, 1 балабақшаның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары облыс аумағында жер емген шаруалардың көңілін күпті етіп жүрген ағын су мәселесін шешу барысында Түркістанда тағы бір игілікті іс басталды. Ол осындағы Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Үлгілі елді мекеніндегі Серт және Сасықбұлақ су қоймаларының жайы болатын. Алғашқысы сонау 1927 жылы, екіншісі 1942 жылы ойпат жерден ауыл тұрғындарының күшімен салынған қоймалар бүгіндері түбі тесілген қаптай болып, жиналған су сақталмай ағып кетіп жатқан. Мәселен, 2013 жылы таудан аққан қар еріндісінің Сасықбұлақ су қоймасына 3,04 мың текше метр су жиналып, шаруалар соның 1,20 мың текше метріне қол жеткізген. Бұл қолда бар судың жерге сіңіп жатқанын білдіреді. Міне, осы мәселені қолға алған қала басшылығы күрмеулі жағдайдың түйінін ағытатын жол тапты.
Бұл жөнінде құрылыс жұмыстарымен танысуға барған қала әкімі Б.Әшірбеков өз сөзінде «Аграрлы өңірлердің қатарынан саналатын қаламыздағы ағын су мәселесі соңғы жылдары күрделеніп келе жатқаны рас. Осы мақсатта биыл Сасықбұлақ және Серт су қоймаларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қол жеткіздік. Бүгінгі таңда жұмыстар басталды. Ендігі міндетіміз басталған жұмыстарды аяғына дейін ауыл тұрғындарынан бастап барлық тиісті салалар бақылауда ұстап, өз дүниеміздің сапалы болуына атсалысуымыз керек» деді.
Иә, шындығында солай. Таудан аққан бір тамшы судан несібе іздеген шаруалар үшін бұл су қоймаларының қажеттілігі өте зор. Алдағы уақытта республикалық бюджет есебінен 700 млн. теңгеден астам қаржыға жасалып жатқан осы қоймалар іске қосылса етегіндегі 1500 гектардан артық алқап суармалы жерге айналады. Бұл өз кезегінде әлеуетін жермен теліген жүздеген шаруалардың еңбегі жанып, қазынаның молаюына үлкен септігін тигізеді.
Мәлік ДӘУЛЕТОВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Түркістан қаласы.
Суретті түсірген
М. Мырзабаев.