Руханият • 15 Қазан, 2020

"Abai tv" арнасынан "Соңғы муза" жобасы эфирге шығады

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ телевизиясы тарихында алғаш рет қазақтілді көрерменге әлемдік авторлық кинотуындылар ұсынылмақ. 16 қазаннан бастап "Abai tv" арнасынан журналист Дархан Әбдіктің "Соңғы муза" танымдық жобасы эфирге шығады, деп хабарлайды Egemen.kz

"Abai tv" арнасынан "Соңғы муза" жобасы эфирге шығады

Хабар жас кинематографтарға авторлық кино жанрын кәсіби тұрғыдан талқыға салатын, сол арқылы отандық кино проблемаларын көтеретін қазақтілді телеалаң ұсынуды көздейді. Осы мақсатта бағдарламаға атақты мэтрлар ғана емес, кино академиясының жоғары курс студенттері, жас режиссерлар мен ынталы көрермен шақырылады.

"Авторлық фильмдерді сатып алу коммерциялық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан, кинопрокатқа шықпайды, алайда, бұл туындылар әлемдік кинофестивальдерде нағыз өнер жауһары ретінде мойындалған. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін олардың көбі қазақтілді көрерменге ұсынылған жоқ. Сол себепті "Соңғы муза" хабарын "Қазақстан" телерадиокорпорациясы тарапынан жүзеге асырылып отырған үлкен эксперимент әрі ағартушылық биік мақсатты көздейтін жоба деп есептеуге болады", дейді бағдарлама жүргізушісі Д.Әбдік.

"Abai tv" арнасы жалпы 130-дан астам шетелдік фильмді қазақ тіліне аударып ұсынбақ. Оның ішінде "Оскар" иегері "Король сөзі", "Құлдықтағы 12 жыл", "Аспан балалары", "Үздік әйел рөлі" аталымы үшін "Алтын глобус" жүлдесін алған "Жан айнасы" фильмдері, Ч.Чаплиннің "Үлкен қала оттары", "Жаңа дәуір", ирандық режиссер А.Киаростамидің "Шиенің дәмі", "Бәрімізді жел ұшырады", "Өмір-өзен", америкалық режиссер М.Флэнаганның "Әуен құдіреті", америкалық кинематографист Д.Леонеттидың авторлық туындылары бар.

Бағдарлама барысында көрерменге кино тілінің аллегориясы, картина желісінен тыс қалатын оператор жұмысының ерекшеліктері, монтаж барысында пайдаланылған әдістер кәсіби тұрғыдан түсіндіріледі.

Жоба "Abai tv" арнасынан 16 қазаннан бастап әр жұма сайын 22:20-да эфирге шығады.