14 Қараша, 2013

Парасатқа құштарлық

941 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Асылбек Ноғаев. Даналық ойдан дән ізде. Алматы. «Көкжиек» баспасы, 2013 жыл. 192 бет.

Кітапқа филология ғылым­да­ры­ның кандидаты, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалым Асылбек Әуезханұлының 2009-2012 жылдар арасында Қазақ радиосында жүргізіп келген қысқа әрі нұсқа уағыздарының таңдаулы бір парасы енгізілген.

Асылбек Ноғаев. Даналық ойдан дән ізде. Алматы. «Көкжиек» баспасы, 2013 жыл. 192 бет.

Кітапқа филология ғылым­да­ры­ның кандидаты, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалым Асылбек Әуезханұлының 2009-2012 жылдар арасында Қазақ радиосында жүргізіп келген қысқа әрі нұсқа уағыздарының таңдаулы бір парасы енгізілген.

Еңбектің «Даналық ойдан дән ізде» деп аталуы тегін емес. Қазақтың би-шешендері мен ақын-жазушылары айтқан отты лебіздерді жалаң түсінікпен ұғына алмаймыз. Сырты кестелі, іші зерделі ой орамдарының байыбына да бірден жету қиын. Сондықтан, даналық ойдың дәндерін терудің өзі сөз қадірі солғындай бастаған бүгінгі заманда қиынға соғыңқырап тұрған секілді.

Ұлы даланы еркін жайлаған қазақ – сан ғасырдан бері дін Исламның мәңгілік мұраларына қанығып, шариғат қағидаларын өмірге тірек етіп келген мұсылман халық. Ақиқат діннің талаптарын өлеңмен өріп, жас ұрпақ тәрбиесінде молынан жаратып келген сөзге шебер жұрт. Сондықтан болар, сөз қадірін жақсы білген момын елдің рухани қоймасы ата дінімізді әспеттеген небір даналық ойларға толы. Бір ауыз аталы сөз айтылса: «Паһ, шіркін!» деп, теңізден маржан тер­­­гендей бір жасап қалған өрелі қазақ­тың діні мен тілі құстың қос қана­тындай қатар қағылып, дамып келген.

Иә, бүгінгі күннің талабына сай жасалған бұл дүниелердің өзіндік ерекшелігі жоқ емес. Біріншіден, бұл тек қасиетті аят, хадистерден ғана тұратын бірыңғай діни насихат емес. Тақырыбы айтып тұрғандай, мұнда қазақтың Бұқар, Абай, Базары айтқан жыр шумақтары ақиқат дініміз тұрғысынан талданады. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп үйренген халық үшін мұның берері мол. Екіншіден, талдауға алынған тақырыптардың өзектілігін де атап өткен мақұл. Уағыздарда еліміздегі жеке адамдардың, отбасылардың, жалпы мемлекеттің бүгіні мен келешегіне қатысты түйткілдерге көп көңіл бөлінгені анық. Үшіншіден, даналық ойлардың астарындағы діни мазмұнды кеңінен ашуға талпыныс жасалған. Шумақтың мазмұнын талдау барысында жаңа заманның талаптары, ғылым-білім мен технология салалары да шебер қамтылған. Мәселен, Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңіне қатысты тұжырымдары осы ұстанымды байқатады. Көп мағынаның қысқа ғана уағызға сыйыстырылуы да маңызды. Бұл да шеберлікті қажет ететін дүние. Сондай-ақ, жинаққа енген уағыздарда мұғалімдер мен дәрігерлерге, ғалымдар мен кәсіпкерлерге қатысты ой-толғам­дар, байламдар жасалған.

Кітапта көбінесе Абай атамыздың рухани мұрасы сөз болған. Әлбетте, қазақтың бас ақыны қалдырған әрбір сөз хикметке толы. Оның мазмұнын бір кітапта толық қамту оңай емес. Екінші жағынан, хакім Абайдың: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез», «Алла деген сөз жеңіл», «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген секілді даналық сөздері Ислам ғұламаларының діни тұжырымдарымен астаса тілге тиек етілгенде, оның оқырманға да әсерлі болатыны анық.

Әрине, бұл дүние осымен тоқтап қалмас. Бабалардан қалған ұлағатты үгіттей отырып, елді имандылыққа, ақыл-парасат пен адамгершілікке үндеу жұмыстары жалғасын табады. Осы арқылы жас ұрпақ санасына сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанған мұсылман қазақ жұртының терең тәлімі сіңіріледі. Әсіресе, осынау мол рухани қазынаны асыл дінімізбен сабақтай отырып дамыту ісіне көбірек көңіл бөлінеді деп сенеміз.

Сонымен, «Даналық ойдан дән ізде» кітабы қоғамда, мұсылман өмі­­­­рінде кездесетін сан қилы жағ­дай­ларға негізделген алуан түрлі тақы­рыптарды қозғаған. Әр оқиға түйінін қазіргі тіршілігімізбен байланысты­рып, Ислам дінінің шеңберінде рет­теп отырудың дүниелік және ақы­реттік маңызын ашып көрсете алған. Қазақ даласының даналары мен ойшылдарының еңбектерін жаңа қырынан талдап, хикметке толы ойларын қасиетті Құран мен ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен қуаттаған. Діннің асыл негіздерімен қоса, отбасы жайында әңгіме қозғап, ошақ қасының құндылықтарын таныта білген.

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министр­лігі Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылым-­дарының докторы, профессор.

Соңғы жаңалықтар