Хоккей • 16 Қазан, 2020

Тағы да 3:2

118 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін елорданың «Барыс» клубының кейінгі бес ойынында 3:2 есебі тіркеліп жүр. Қазақстандық команданың кездесулерін қалт жібермей, үнемі бақылап отыратын жанкүйерлер бұл статистиканы жақсы білуі керек. 4 қазанда басталған дәстүрлі есептің әлі күнге дейін мұрты бұзылмай келе жатыр. 3:2 есебімен аяқталған бес ойынның үшеуінде «Барыс» клубы жеңіске жетсе, екеуінде қарсыластарына есе жіберді.

Тағы да 3:2

ҚХЛ-дің кезекті турында Мәс­кеуге сапар шеккен жерлес­теріміз «Спартак» клубынан овертаймда әдеттегідей 3:2 есебімен басым түсті. Бәсекенің алғашқы 20 минуты «Спартактың» басымдығымен өтті. Кездесудің төртінші минутында айдын иелерінің ойыншысы Сергей Широков мергендігімен көзге түсіп, командасын есепте алға шығарды. Үзілістен кейін тың күшпен мұзайдынға шыққан жерлестеріміз айналдырған үш минутта қарсылас команданың қақпасына қатарынан екі шайба енгізді. Бұл голдардың авторлары – Никита Михайлис (20 минут) пен Даррен Диц (23 минут). Ал үшінші кезеңде командалар бір-бірінің қақпасына гол соға алмады. Негізгі уақытта жеңімпаз команда анықталмаған соң ойын овертаймға ұласты.

Қосымша уақыт басталған сәтте қарсыластың қателігін ұтым­ды пайдаланып, шайбаға иелік еткен команда капитаны Даррен Диц нысананы дәл көздеп, «Барысқа» жеңіс сыйлады. Бұл  Дицтің ойындағы екінші голы болатын. Есеп – 2:3.

11 ойыннан кейін 13 ұпай жина­ған «Барыс» клубы ҚХЛ-дің «Шығыс» конференциясындағы тур­­нир кестесінде тоғызыншы орынға жайғасты. «Спартак» та 13 ұпай­мен «Батыс» конференция­сын­да тоғызыншы орынға тұрақ­тады. «Барыс» келесі кездесуін бүгін Қазан қаласында жергілікті «Ақ Барс» командасымен өткізеді.