Футбол • 16 Қазан, 2020

Беларусь құрамасы – алынбас қамал

80 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының төртінші тур аясында сырт алаңда Беларусь құрамасымен кездесіп, жеңіліп қалды. Екі құраманың бірінші айналымдағы кездесуінде де жерлестеріміз өз алаңында есе жіберген еді.

Беларусь құрамасы – алынбас қамал

Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек қыркүйекте өткен ойынға қарағанда бұл жолы негізгі құрамға аздаған өзгеріс жасағанын байқадық. Бірінші матчта Билек 3-4-3 тактикасын қолданып, көбірек шабуылға көңіл бөлген еді. Ал кешегі ойын алдында негізгі құрамның тізімін жариялағанда чех маманы керісінше, қорғана отырып шабуылға шығатынын аңғартты. Өйткені сырт алаңдағы ойында 5-3-2 тактикасын ұстанды. Бас бап­кердің қорғанысқа бес футболшыны қойғанын ескерсек, Беларусь еліне жеңіс үшін емес, ең құрығанда тең нәтиже көрсетуге барған сыңайлы. Алайда оның Беларуське қолданған тактикасы нәтиже бермеді.

Жалпы Билек осы екі такти­ка­ны жиі қолданатынын жақсы білеміз. Өйткені кейінгі төрт матч­тағы ойын жүйесін қарасаңыз, ол үнемі осы екі тактиканы кезек-кезек өзгертіп отырған. Оның тек екеуі ғана нәтиже берді. Бірін­шісі – алғашқы турда сырт алаң­да Литвамен (2:0), екіншісі – өз ала­ңымызда Албаниямен (0:0) өткен ойын. Литвада 3-4-3 тактикасымен жеңіске жеткенін білеміз. Ал Алматыдағы кездесуде 5-3-2 жүйесін қолданып, Албаниямен тең түскен еді.

Бірақ Беларусьпен өткен кездесуде Билектің бірінші кезекте қорғанысқа көбірек мән беруден басқа амалы қалмаған-ды. Себебі Албаниямен өткен ойынға дейін де, кейін де негізгі құрамдағы бірнеше футболшымыз қатардан шығып қалды. Атап айтар болсақ, қорғаушылар Ян Вороговский мен Нұрәлі Әліптен коронавирус індеті табылса, сол қапталдағы қорғаушы Ғафуржан Сүйімбаев сары қағазының көптігіне байланысты құрамаға көмектесе алмады. Сондай-ақ жарақатына бай­ланысты команда капитаны Бауыржан Исламхан, Юрий Перцух, шабуылшылар Алексей Щёткин және отбасылық себеппен Максим Федин Беларуське барған жоқ.

Матчта бес қорғаушымен ой­наған Қазақстан құрамасы кез­­­десуді жақсы бастады. Көп ша­­буылды екі қаптал арқылы ұйым­дастырып, қарсыластарды екі жақтан қыспаққа алды. Ал­ғашқы қауіпті шабуылды сол қапталдан Тимур Досмағамбетов ұйымдастырып, командаға айып добын орындауға мүмкіндік жасады. Алайда Асхат Тағыбергеннің тепкен добы қақпадан да, біздің футболшылардан да әлдеқайда биік кетті. Кездесудің 9-минутын­да жерлестеріміз бұрыштама добын орындауға мүмкіндік алды. Жалпы қазақстандық футбол­шылар голды ойын сәтінде емес, осындай стандартты жағдай­да жиі соғатынын жақсы біле­міз. Әйткенмен, бұл ойында жер­лес­­те­рімізге стандартты жағ­дай былай тұрсын, гол соғу ба­қы­­ты бұйырмады. 15-минутта Б.Зай­нутдиновтың гол соғатын тамаша мүмкіндігі болып еді. Алай­да алыстан шірене тепкен добы Беларусь қақпашысына еш қиындық тудыра қойған жоқ. Ресейдің ЦСКА клубында ойнай­тын футболшымыздың бұ­дан бөлек те гол соғатын сәті бол­ға­ны­мен, ешбірін жүзеге асыра алмады.

Ойын бұдан кейін екі ұжым­ның алма-кезек шабуылымен өрбіді. Сондай сәттің бірінде қа­зақ­­стандық қорғаушылардың наза­рынан тыс қалған Беларусь футболшысы Евгений Яблонский гол соғып кетті. Алаңда жүрген 5 қорғаушымыздың бесеуі де Яб­лон­скийдің гол соғуына кедер­гі келтіре алмады. Бәлкім, Бела­русь­пен өтетін келесі ойындарда 6 қор­ғаушымен ойнау керек шығар!

2 таймда да қазақстандық футболшылар Беларусь құрамасының қақпасы алдында бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, шабуылды түйіндейтін бірде-бір футболшының табылмағаны қынжылтты. Әйтпесе, Асхат Та­­ғы­берген, Абат Айымбетов, Бақ­­тиер Зайнудтиновтарда гол соғатын бір емес, бірнеше мүм­кіндік болды. Осыдан кейін футболдағы «Сен соқпасаң, саған соғады» деген қағиданы ұстанған алаң иелері 93-минутта ойындағы екінші голын салып кетті. Бұл жолы Роман Юзепчук Беларусь жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Қорытынды есеп – 2:0.

Таблодағы көрсеткіш көңі­лімізді түсіргенімен, біздің жігіттер нашар ойнады деп айта алмаймыз. Бір-біріне пас асырып доп ұстау, комбинациялық шабуыл ұйымдастыру жағынан да қарсыласымыздан кем түскен жоқ. Тек шабуылды соңына дейін жеткізіп, гол соғатын футбол­шы табылмады. Қақпашы Стас По­катиловтың да еңбегін атап өтпеуге болмас. Кездесу бары­сында бірнеше сейв жасап, қақ­памызды голдан аман сақтап қалды. Айтпақшы, кешегі ойында Беларусьтің «Рух» командасында өнер көрсететін жерлесіміз Владислав Васильев ұлттық құра­мадағы алғашқы ойынын өткізді. Дебютті матчы болған соң ба, Васильев аздап қобалжып, күт­кен­дегідей көзге түсе алған жоқ. Бәлкім, алдағы ойындарда өзін жақсы қырынан көрсетіп қалар деп үміттенеміз.

Қорыта айтқанда, Беларусь қазақ футболшылары үшін алынбас қамалға айналды. Бүгінге дейін екі ұжым жасыл алаңда бес рет кездесті. Төртеуінде «ақорыстар» жеңіс тойын тойласа, бір кездесуде тең ойнадық. Оның өзі ресми емес, жолдастық кездесу болатын.

Топтағы екінші ойында Литва өз алаңында Албания құрамасын қабылдап, 0:0 есебімен тең тарқас­ты. Тек Қазақстанға ғана жол бергеннен кейін Балтық жағалауы елінің өкілі қалған матчтарын тәуір өткізіп жүр. Кейіннен Албанияны сырт алаңда жеңсе, кейінгі екі кездесуде (Беларусь, Албания) тең түсті. Нәтижесінде турнир кес­тесіндегі соңғы орыннан екінші сатыға көтеріліп алды. Албания футболшылары Ұлттар лигасын сәтті бастағанымен, кейінгі ойындарда ұпай жоғалтып жүр. Сәйкесінше турнир кестесінде үшінші орынға түсіп қалды.

Ал төрт ойынның тек біреуінде ғана жеңіліп, қалған үш ойында ұпай иеленген Беларусь құрамасы топта жеке-дара көш бастады. Төртінші турға дейін бірінші орын­­да тұрған Қазақстан кешегі жеңі­лістен соң соңғы орынға бір-ақ сырғыды. Әлі алда екі тур бар. Егер екі ойында да жерлестеріміз жеңіске жете алмаса, келесі жылы жоғары топқа қосылудың орнына, былтыр ғана өнер көрсеткен D лигасына түсіп қалуы әбден мүмкін.